Жуырда Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен және Жаңақала мектеп гимназиясының қолдауымен Салтанат Жанғалиқызының «Айтарым бар» атты авторлық жобасы өтті.
Есімі елге таныс қаламгер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі журналист Аманкелді Шахин кездесу кешінің қонағы болды. 7-сынып оқушылары екі қатарға тізіліп, ақын ағаларын үлкен қошеметпен қарсы алды. Ақын ағамыздың елді сағынғанын, туған жерге табаны тигеніне қуанған сәтін байқап, фотоаппаратымызға таңбалап та алдық.
Қаламгер ағамыздың тұңғыш жинағы «Мәңгі көктем» («Жазушы», 1999 ж.) деген атпен шыққан. «Сол бір сүргін», «Езуіңді жи», «Жайсаңдары-ай, Жайықтың» (2005 ж.) атты өлеңдер, әзіл әңгімелер, әндер жинағы жарық көрген. 2009 жылы Оралдағы «Ағартушы» баспа-полиграфия орталығының баспаханасынан «Жарқ еткен дәурен» деген атпен шығармаларының таңдамалы жинағы шыққан.
«Өзге емес өзім айтам» деген бөлімде жазушы ағамыз өзінің өмір жолымен таныстырып өтті. Одан кейінгі бөлімдерде оқушылар сұрақтарын қойып, ақын шығармашылығынан бірнеше өлеңді жатқа оқыды.
– Айналайын, жастар! Осы әдеби іс-шараға шақырған Салтанат қарындасым, осындай кештің өтуіне атсалысқан қызметкерлер, бәріңізге үлкен алғыс білдіремін. Өте толқып отырмын. Бізді іздейтін жерлестер, туған ел бар екеніне марқайып қалдым. Журналист болсам, ақын болсам деген арманның жетегінде жүріп, біраз дүниелерді атқарыппыз. Оған ел куә, қалың оқырман куә. Біраз жылға жасарып қалғандаймын. Сіздерді көріп, емен-жарқын әңгімелесіп отырғанымның өзі мен үшін үлкен мәртебе, – деп тебірене сөйледі Аманкелді Шахин.
Еркін форматта өткен кездесу кешінің соңында ақын әрі журналист Закария Сисенғали бірге жүрген, қызметтес болған жылдарын сағынышпен еске алып, ақын ағасына ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі. Аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Бекжанқызы мен Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Айбар Негаев ұжымы атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz