12.11.2021, 9:40
Оқылды: 79

Жүйрік жыршы еді-ау Көшақаң

Ғалымдардың айтуына сүйенсек,  жырау – көне патриархалдық рулық қоғамның «перзенті». Жыраулар қазақ жұртының ықылым заманнан қалыптасқан салт-дәстүрін, қазақ ауылының сән-салтанатын, қызықты тірлікті арқау еткен, жырлап өткен. Кең даладағы көшпенді тірлік, тұрмыстық-қоғамдық өзгешелік сөз өнерінің соны сипатта қалыптасуына себеп болған-ды.

макаров

Кейінгі ұрпақ әулие ретінде аңыз кейіпкеріне айналдырған, көшпенділер философы атанған Асан­қайғы – өз заманының үлкен ойшылы. Сахара эпосын тудырушылардың бірі, ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы әрі нәзік лирик болған Қазтуған өз артына өмір, атамекен, туған ел және жауынгерлік тақырыптағы сан алуан туындылар қалдырды. Жыраулар поэзиясының дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз өнернамалары әсер етті. XVII ғасырдан Жиембет, Марғасқа жырау,  XVIII ғасырдан Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жырау аттары бізге жетті. XIX ғасырда дүниеге келген жауынгер жырау Махамбет қазақ даласындағы жыраулардың ең соңғы тұяғы еді.

Өкінішке орай, кешегі қызыл империя үстемдік еткен тұста асыл өнерімізді жоғалтып алудың алдында шақ қалдық. Сонымен жыраулық дәстүрді қысқаша баяндай келіп, жыршылар туралы айтатын болсақ, көне жыршылық дәстүрді жалғастырып келе жатқан Қарақалпақстанда тұратын қазақтар – Наурызбек, Өсербай жыршылар, өзбекстандық Қалдаш жырау, маңғыстаулықтар – Жақсылық, Амандық, Мақсат, Жеткізген, Елдос, оңтүстік қазақстандық Болатбек, жерлестеріміз Қабижамал, Қаламқас Орашеваның есімдерін атауға болады. Ал енді Көшерғали туралы айтатын болсақ, Батыс Қазақстан өңірінде ұмытылып бара жатқан жыршылық дәстүрді қайтадан жаңғыртып, бізде де ешкімге ұқсамайтын жыршылық дәстүр бар екенін халқына паш етіп жүрген жыршы екеу болса, соның бірі, біреу болса, бірегейі осы  Көшерғали  Макаров еді.

Ұмытпасам, өткен ғасырдың аяғы 1988-89 жылдары болатын. Эстрада-цирк өнері студиясында оқып жатқан кезім еді. Сол кездегі республикамыздың астанасы Алматы қаласында республикалық  әнші-жыршылар байқауы өтті. Астана халқын екі күн бойы ән мен жырға сусындатқан сол бір күндерде Хатимолла сахнаға шығып, халықты бір серпілтіп тастаған. Іле-шала сахнаға Көшерғали Макаров шақырылды. Әлдекімдердей екі иығын жұлып-жемей, жай басып, жалпақ алып сахнаға шыққан Көшерғали биязы қалпы­мен орындыққа келіп жайғасты. Сәлден кейін қоңыр домбыра күмбірлеп, оған ілесе құйылған мақпал дауыс зал ішін керней жөнелді.

«Пасыл да пасыл, пасылман,

Аққа құлпы жасылман,

Жақсыға сырым жасырман,

Жаманға, сірә, бас ұрман.

Мен бір шапқан жүйрік ат,

Бір желіксем басылман.

Өттің бір  дүние өттің-ай,

Теңселе басып кеттің-ай,

Мен бір жүрген жорға тай,

Жылжи да басып кеттім-ай.

Домбыра қолда қарағай,

Қолға да оны алған соң,

Әріден бері салам-ай,

Жоғары мен төменге,

Ылдименен өреңге,

Даңқым кеткен баламын» деп қайырғанда, көрермендер қол шапалақтап, ысқырып, қиқулап қоя берді. Көшақаң әрі қарай ащы тері алынған бәйге атындай көсіле берді.

«Ел елдетер, елдетер,

Ашылған тұман желдетер.

Жақсылардың алдында

Біразырақ сөйлесем,

Онан да менің нем кетер.

Өлгеннен соң басыңа,

Топырақ үйіп белгі етер.

Белгі еткеннің белгісі

Көміп бір тастап ел кетер.

Қайырсақта саз да өтер,

Қаңқылдаған қаз да өтер,

Үш ай тоқсан жаз да өтер,

Ақ бетіне қан құйған,

Орамалын дәл құйған,

Ерініне бал құйған

Қылықты туған қыз да өтер.

Домбыра қолда қарағай,

Қолға да оны алған соң,

Жүйрік туған ағаңыз,

Арыдан бері тербетер» дегенде зал ду шапалақтан жарылып кете жаздады. Бұл Шал ақынның «Пасыл да пасыл, пасылман» атты шығармасы еді. Көшақаңның бір ерекшелігі – адамды бірден өзіне баурап, алатын дауыс  бояуының әдемілігі, дикциясының тазалығы, өзіндік домбыра қағыстары, сөз жаттағыштығы және өзіндік орындау мәнерінде еді. Халық тербеліп кетті. Алдыңғы жақта отырған халықтық өнердің білгірі, фольклор зерттеушісі Мардан Байділдаев ағамыз әлсін-әлсін басын шайқап қояды. Талай өнерпаздың өнерін әдейі іздеп барып тамашалайтын ағамыздың бұл қатты риза болғандағы ғадеті. Осы республикалық байқауда К. Макаров бірінші орынды қанжығасына байлап еді. Өзімен бірге барған күйші Ермек Қазиев, әншілер – Қатимолла Бердіғалиев, Мұхит Біранов, Жібек Болтановалардың да жүлдесіз қалғаны жоқ. Көпшіліктің аузында оралдық өнерпаздар. Оның бұл жеңісі келесі жылы, яғни 1990 жылы Бакуде өтетін түркі тілдес халықтардың бүкілодақтық конкурсына жолдама алып берді. Жыршылар мен дастан орындау­шылардың бүкілодақтық конкурсы. Әзербайжан ССР-ның Кировобад қаласы. Қарабахтағы соғыс қайнап тұрған шақ. Өнерпаздары шеттерінен «сен тұр, мен атайын» он тоғыз облысы бар Қазақстаннан қызылордалық Қыдырбек Манапбаев екеуі облыстың емес, бүкіл республиканың намысын қорғайды! Жолбасшылары – өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Шәрібек Алдашев. Алатау асып келіп, Кавказдан  бір шыққан қос  өнерпаз Әзербайжан ССР-ның Кировобад қаласында қазақ домбырасының қасиетін тағы да паш еткендей болды. Әрісі Москва мен Ленинградтан, берісі Орта Азия  республикаларынан келген әділ қазылардың, мамандардың өздері де кейбір даусы тым жіңішке шығатын аспаптарға қарағанда домбыраға микрофонның да көп қажеті жоқ деп атап өткен. Әрине, әр халықтың жырының мақамы да, табиғаты да бөлек. Ол сонысымен де құнды емес пе?  Әйтеуір бұлар екі турдан да сүрінбей өтті. Әуелі, тіпті он бес минутқа дейін тынбай жырлау керек болды. Бір қызығы, әзербайжандар көмекеймен айтылатын әнге емес, көтеріңкі, кейде ащы айқайға ұласып кететін Батыс Қазақстан әуендеріне тәнті болды. Кировобадта  «Ұстазың кім?» дегенде кәдімгідей қиналып қалған. Өйтпегенде ше, әнді өзі күйтабақтан үйренді.  Көшақаңның айтуы бойынша олардың өнерді қадірлеуінде шек жоқ екен. Әрбір совхозда жыршылардың мектебі бар көрінеді. Сегіз шекті дутар, саз атты аспаптарды кішкентай балаларға дейін ойнайды және бәрі де дастаншы. Бұларды Тау, Қазақ аудандарына алып барған. Әр ауылда өнер музейі. «Музейден Жамбыл  атамыздың суретін көргенде, әкемді көргендей қуандым»  деп  еді, жарықтық.

Сонымен не керек, алты күнге созылған, жүз қырық сегіз адам қатысқан байқауда он сегіз жыршы лауреат атанды. Солардың ішінде Қазақстаннан барған екеуіне, әсіресе, оралдық өнерпазға жоғары баға берілді. Қаланың «Көккөл» атты ең үлкен театрында қорытынды концертте өнер көрсетті. Әзірбайжанның Бакуіне барып, бүкіл түркі дүниесі жырауларының арасынан дара шығып, Қазақстанның атағын аспандатқанның өзі не тұрады?! Ол қылышынан қан тамған кеңес кезі болатын. Өткен күнде белгі бар деген осы да.

Есіне жастық  шағы түсті. Жылқы мінезді жігіт болатын. Небір қылқұйрықты ұстап мініп, желден жүйрік жануарды баққаны да рас. Өзі де солай жүре берер ме еді, ән қанаты сиқырлап алып кетпесе. Әсіресе кең даланың төсінде Ғарекеңше ән алғанға не жетсін?! Мүмкін, өзін үнемі өрге сүйреп келе жатқан табиғи таланты ғана емес, халқының көзі – домбыраға деген айырмас сенімі де шығар. Көшақаң өзінің айтуы бойынша, 1951 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауылында дүниеге келген екен. Руы – Ысық Тоғызбай. Орта мектептен соң, техникалық училищені бітіріпті. 1968 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының Базаршолан ауылына келіп, ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарады. Жастайынан өнерге, әнге құмар Көшерғали домбырамен ән салып, ауыл-аймаққа танымал болады. 1970 жылы мәдениет саласына ауысып, Базаршолан ауылында аутоклуб меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Айтпақшы, өнер саласына түсуіне сол кездегі аудан басшысы Төлеген Жұмақаевтың да зор септігі тиіпті. 1980 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіріп, Тайпақ ауданы  қазіргі Ақжайық) Сартоғай ауылында мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқарады. Құдай берген талантының арқасында 1980 жылы М. Мерәліұлының 140 жылдығына арналған әншілер байқауында, 1988 жылы Алматы қаласында өткен  жыршы-термешілер байқауында топ жарып, лауреат болды. 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен «Ғасырлар үні» жыршылар байқауында «Жиенбай жырау» атындағы жүлдеге ие болды. Сол байқауға Оралдан Көшерғалимен бірге мен де қатысқанмын. Әлі есімде. Есенғали Бөкенбаевтың соғыстан аман оралып, Маңғыстауға келгенде  айтқан  сөзін  жырлағаны:

«Алыстан аңсап еліме,

Көкорай шалғын, көліме,

Сағынғаннан келемін,

Ата қоныс жеріме.

Әулиелер орнаған,

Қасиетті төріме.

Қысылғанда дем берген,

Елімнен шыққан еріме.

Жеті жұрттың артынан,

Бұрынғы ата-бабаның,

Мекен еткен жеріне.

Тұсау байлап, кескен жер.

Кебежеге таңылып,

Ауылдың үдей көшкен жер.

Үміт етіп менен де,

«Жігіт болар» дескен жер.

Жылағанда әлдилеп,

Бесігімнен шешкен жер.

Еркелесем есіркеп,

Тентектікті кешкен жер!

Туған жерді көретін

Күн бар екен көзіме.

Ержеткен соң бұл жерді,

Келтірді тағдыр кезіме.

Жамиғат, жалпы, құлақ сал

Айтушының сөзіне:

Дәл он алты жыл бұрын

Жетім қалып әкемнен,

Түріліп еді шылбырым.

Жел айдаған қаңбақтай,

Алыс жерге зырғыдым.

Өздеріңмен жүрмекші,

Есенғали саңлағың!

Қалам ұстап майысқан,

Он бесімнен бармағым.

Түзетерсіз өздерің,

Сөзімнің оқыс қалғанын.

Осы болды сіздерге,

Өзімнің туған жеріме

Сағынып келе жатып жазғаным» деп жырлағанда, залдағы үлкендер жағының кемсеңдеп, ақ жаулықты аналардың орамалының ұшымен көздерін сүрткенінің куәсі болғанмын.

2005 жылы Маңғыстауда өткен «Шотан батыр» жыршылар байқауының  лауреаты, сол жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен ҚР Мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қорының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталғанды. Көшақаңның елге, өнерге жасаған қызметі орасан зор. Жойылып бара жатқан жыраулық өнерді қастерлеп, насихаттағанның өзі үлкен ерлік емес пе?! Өзіндік жыр мектебін қалыптастырып, елге танымал шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстанның батыс өңірінің жыршылық өнерінің үзілмей жалғасын табуына үлесін қосты. Шәкірттері Еркін, Ардақ, Гүлжамал, Сұңғат, Даниярлар – бүгінде республикаға танымал өнерпаздар.

Көшерғали туралы марқұм Амангелді Әбдуғалиев:

«Тербеліп айдынында жыр теңіздің,

Өнердің мұхитында ерте жүздің.

Келеді ауылдастар құшағында,

Паш етіп бар өнерін Көшер біздің.

Кердері Әбубәкір, Қашағандар

Құдірет кереметті жасағандар.

Жеткізген алыптардың  асыл сөзін,

Жыраулар, Көшер сынды ғажап жандар.

Жыр қайда, жырау қайда, жыршы қайда

Бейнесі жыр бабалар жүрсін ойда.

Рухын ғасырлардың арқалаған,

Көшерім, кеуде керіп, жосылмай ма?!» деп жырласа, Үзілдік ақын Елеуова:

«Домбыра ұстап ән шерттің бала күннен,

Самалымен сырласып даланың сен.

Алты ауызын ауылдың азық етіп,

Таулардан да әрі астың     талабыңмен.

Әбубәкір, Шал ақын, Сүгір қартты,

Сен шырқасаң далада дүбір қапты.

Жаңылмайтын жақ беріп, сен ән айтсаң,

Құлағыңа пайғамбар сыбырлапты.

Далада айтқан әндерің таң асады,

Демеймін саған ешкім таласады.

Көмекейің жыр десе бүлкілдеген,

«Көшер жырау» деген сөз жарасады!» деп жырлапты.

Марқұм Көшерғали тірі болса, жетпістің желкенін көрер еді! Амал нешік, бар қолдан келетіні Құран бағыштап, жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, жырау аға дейміз де...

Көшерғали Макаров 2017  жылы  қайтыс  болды.

Серік  Абдрахманов,

Ә. Қашаубаев,  Ғ. Құрманғалиев  атындағы

республикалық  әншілер байқауының  лауреаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале