16.11.2021, 9:52
Оқылды: 50

Мүмкіндікті «шектеген» пандус

«Басқа түссе, баспақшыл» дегендей, әр адам басына іс түспейінше, мәселенің жай-жапсарына бас ауыртпайтыны анық. Бүгінгі біздің қоғам он екі мүшесі сау адам мен ерекше күтімді қажет ететін жандарды бөліп жармайды дейміз ғой, әйтсе де сол қоғамның «ерекше» адамдарына дұрыс жағдай туғызып жүрміз бе?» деген сауал туындайды.

«МҮМКІНДІКТІ ШЕКТЕГЕН» ПАНДУС (3)

Пандус мәселесі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде заманның өзекті проблемасына айналып отыр. Соның ішінде біздің Сырым ауданында мемлекеттік мекемелердің кіреберісіндегі пандус біткеннің стандартқа сай келмеуі қынжылтып тұр.

– Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер енгізілген Қазақстан Республикасының ережелер жинағында қозғалыс жолдары мен кеңістіктерді қауіпсіздік және ақпараттылық бойынша функцияларды қоса атқаратын шағын биіктіктің біртекті элементтерімен қоршалған арнайы жиек, көру қабілетінен айырылған адамдар немесе қалдық көру өткірлігі 10%-дан аспайтын, көру өрісі 20%-дан аспайтын көру функциясы бұзылған адамдарға да арналған тақтайшалар, белгілер болуы шарт. Ауданымызда пандус саны бар болғанымен, сапасыз болып тұр, - дейді Сырым ауданы әкімдігі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі консультативтік-кеңесші құрылымның мүшесі, аудандық мәслихат депутаты, педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің меңгерушісі Аида Ниязғалиева.

Аудан  әкімдігі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі аудандық консультативтік-кеңесші құрылымның дербес құрамымен, жуырда ғана қолданысқа берілген «Инватакси» қызметін пайдаланушы, Өлеңті ауылының тұрғыны Назыкеш Төлеуовамен бірге рейдке шықтық.

«МҮМКІНДІКТІ ШЕКТЕГЕН» ПАНДУС (4)

Рейд барысында, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне, аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарына бардық.

Балалар-жасөпірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсановтың айтуынша, аталмыш ғимарат салынғанда жоспар бойынша пандустың нақты стандарты, көру қабілеті төмен, жүріп-тұруы шектеулі жандарға арналған белгілердің болуы керектігі жөнінде жоба болмаған. Б.Ихсановтың айтқанына толық келісуге болады. Ондай олқылыққа жол беріп алғандығымыз аудандағы құрылыс жұмыстары қолға алынған сәттен бастап нақты қадағалау болмағандығынан ба, әлде мердігерлердің мүлт кеткендігі ме белгісіз.

Кейіннен тұрғындар жиі баратын аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына да бас сұқтық. Бір қуанарлығы,  көру  қабілеті нашар және зағип адамдарға арналған арнайы тақтайша да, ғимарат ішіндегі сары жолақтар да бар екен. Қынжытарлығы, кіреберістегі пандус пен есіктің бір-біріне қарама-қарсы бағытта орналасқаны мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кеңістікте уақтылы бағдарлауды қамтамасыз ететін ақпарат жеткізгіш тетіктің тозығы жетіп, әлдеқашан істен шыққаны.

– Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі өз алдына, өзі-міз жиі баратын, қызметтеріне жүгінетін аудандық аурухана мен халыққа қызмет көрсету орталығының келушілерді стандартқа сай пандустарымен қабылдамауы үлкен мәселеге айналды. Ауданда басшылық қызметте жүрген алдыңғы буын әкім-қаралар бізге де мол мүмкіндік туғызғанын қалар едік. Біз де өзгелермен тереземіз тең болса дейміз. Осылай деп өлеңтілік Назыкеш Төлеуова қынжылса, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандағы өкілі Жәрдем Мұхамбетжанов «зағиптар мен көру қабілеті төмен тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін де сары жолақтар мен арнайы тақтайшалардың, ақпараттық құрылғылардың ауадай керектігін, алдағы уақытта аталған мәселелер шешімін тапса» деген жанайқайын жеткізді.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы мүмкін-дігін шектемеу өз қолымызда. Әрине, «жалғыз ағаш – орман  емес», жекелген мекеме басшыларына жүк артып қойып отыра алмаймыз. Себебі аудан бойынша іліп алар, стандартқа лайықты пандус жоқ. Рейд барысында, тек ғимарат сыртындағы оғаш пандусқа емес, ішіндегі жолақтар мен ақпараттық құрылғылардың қолданылуы ақсақтап тұрғанын да көрдік. Халыққа қызмет көрсету орталығының әжетханасында да еркін қимылдауға арналған аяқ астындағы жолақтар, зағип жандарға арналған арнайы белгілер жоқ. Ол ол ма, ақпараттық техникалар болғанымен, тұтынушы оны өз бетімен қолдана алмауы да ғажап емес. Сондықтан  аталмыш мекемеге арнайы маман да артық болмас еді.

– Бүгінде ауданда 654 мүгедек жан бар. Оның ішінде 38-і көзінде кінәраты барлар, 15-і арбаға таңылған, қалғандары әр түрлі аурулармен тіркеуде тұрғандар. Ал аудан бойынша әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының саны 118-ді құраса, 13-і мемлекеттік басқару, 9-ы денсаулық сақтау мекемесі, 11-і білім ошағы.

Осы 118 нысан бүгінгі таңда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» inva.gov.kz ақпараттық порталына енгізілген. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру бағытында бұрын жартылай бейімделген әлеуметтік нысандарды 4 санатты мүгедектігі бар адамдар үшін 100% қолжетімді қылу мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес аудан бойынша биылғы жылы бейімдеуден өткізуге 24 әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілерінің тізімі жасақталып, бекітілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бағыжан Белялов.

Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың «мүмкінді-гін шектемей», аудандық аурухана мен халыққа қызмет көрсету орталығынан жөндеу жұмыстарын жаңғыртуды бастап, жеткілікті қаражат бөлініп, пандустар жаңа стандарттарға сай қайта салынып, аяқ асты жолақтар мен зағиптарға арналған белгілер орнатылса, біздің қоғам «теңелер» еді. Алайда ол күн туғанша, аталмыш топтағы жандарға сабыр сақтап, шыдамдылық таныту керектігін айтқаннан басқа қолдан келер қайранжоқ.

Айжан Бауыржанқызы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале