19.11.2021, 9:26
Оқылды: 61

Омарта шаруашылығына демеуқаржы бөлінеді

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін экономика жаңғырып, халық шаруашылығында реформа жүргізілді.  Ауыл шаруашылығы саласының жаңаша даму кезеңі  басталды. Агроөнеркәсіп қайта құрылып, ұжымшар және кеңшарлар түрлі  ұйымдық-құқықтық құрылымдарға өзгерді. Уақыт өте келе, бұл салада түрлі  өзгерістер орын алды. Бүгінгі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы да сол кезеңде бастау алған еді. Осы бағытта аз-кем сұхбат құру үшін  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жандос Шайжановты сөзге тартқан едік.

     BEB290B5-A59D-4C02-89FA-58535CAB0AF0

– Жандос Қыдырбайұлы, ел экономикасының драйвері саналатын ауыл шаруашылығында кооперативтердің алар орны ерекше. Өткенге сәл шегініс жасап, олардың құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз?

– 1999 жылы ҚР «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы» заңы қабылданды. Бұл заң бойынша азаматтардың, заңды тұлғалардың өз мүшелерінің мүліктік (пайлық) жарналарын біріктіру арқылы мүшелiк негiздегi ерiктi бiрлестіктер құрылды. Аталған заңға сәйкес тұтыну кооперативтері коммерциялық емес ұйымдар болып табылды. Олар  кәсiпкерлiк қызметпен өздерiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндей дәрежеде ғана айналыса алатын болғандықтан, ауылдық елді мекендердегі кооперацияны дамыту керек болды.

Осылайша 2015 жылдың 29 қазанында ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа заң қабылданды. Заңнама бойынша  құрылған кооперативтер заңды тұлға ретінде тіркеліп, коммерциялық ұйымға айналды.  Кооперативтер елдегі заңнамада тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асырып, өзінің қызметімен байланысты міндеттерді атқарады. Бүгінде облыста аталмыш заңға сәйкес тіркелген 5 257 адам біріккен 260 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Соның ішінде  52-сі  биыл  тіркелді.

– Кооперативтер қандай шаруашылықтармен айналысуда? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Тіркелген кооперативтердің 224-і етті, ал 18-і сүтті мал шаруашылығы, 17-сі өсімдік және біреуі омарта шаруашылығы бағытында құрылған. Статистикалық деректерге сүйенсек, бірінші жартыжылдықта оларда  38 808  ірі қара, 60 404  ұсақ мүйізді мал және 175 жылқы тіркелген. Кооперативтер 196,0 тонна ет, 3 696 тонна сүт және 35,0 тонна жүн өндірді. Олар мал сапасын жақсарту мақсатында жылмажыл селекциялық асылдандыру жүргізу арқылы мемлекеттік қолдауға ие болуда. Соның ішінде 12 кооператив материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтылды. Алты кооператив мал сою пункттерімен, 3-еуі сүт қабылдау пунктімен, екеуі ауто-рефрижератормен, біреуі қой қырқу пунктімен, 11 трактор және  мал азығын дайындауға арналған 4 құрал-жабдықпен жабдықталды. Айта кету керек, аймағымыздың географиялық орналасуы мен климаттық жағдайы мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы. Ауылдық жерлерде өзекті болып келе жатқан жеке қосалқы шаруашылықтың мал бағымын ұйымдастыру, мал азығын дайындау мәселелерін кооперативке біріктіру арқылы жүзеге асыру орынды деп санаймыз. Бүгінде бірқатар кооператив мал бағымын  ұйымдастырды.

Теректі ауданында сүтті бағыттағы кооперативтерді дамыту арқылы сүт өнімін арттыру мақсатында 9 кооперативке Павлодар облысының «Луганск» өндірістік кооперативінен 129 бас симментал тұқымы әкелінді. Бұл  малдар ветеринарлық талаптарға сәйкес карантинге қойылды. Бұдан басқа асыл тұқымды сүтті бағыттағы 42 ірі қара әкелу жоспарлануда. Өңірде құрылған кооперативтер тек мал шаруашылығына бағытталып жатқан жоқ. Мысалы, биыл Ақжайық ауданының  Ақсуат ауылдық округінде жеміс-жидек көшеттерін өсіретін «Батыс Қазақстан «Бақтар әлемі» кооперативі құрылды. Кооператив 50 га жер алып, соның 13 гектарына 14 мың түп алманың «гольден», «делишес», «семиреченка», «белый налив» тұқымдарын,  алмұрттың «лесная красавица», «талгарка», «гольден» сұрыптарын, көкөріктің «исполин», «стэнли» тұқымдарын және 2 гектарға жүзім екті. Бұл кооператив 2024 жылға дейін бақ көлемін 50,0 га кеңейтіп, жеміс-жидек отырғызып, 300,0 млн. теңге инвестиция тартуды жоспарлауда. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 5,0 млн. теңге көлемінде грант иеленіп, бақты тамшылатып суару жүйесін енгізді.

– Омарта шаруашылығы көп кездесе бермейтін тың кәсіп қой. Бұл кәсіпті жандандыра түсу үшін қандай да бір іс-шаралар қолға алынуда ма?

– Биыл құрамында 37 мүшесі бар «БҚО омарташылары» кооперативі құрылды. Кооператив 20 тонна бал өндірді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы бойынша бұл кәсіпке жергілікті бюджет есебінен демеуқаржы беру көзделген. Қағида талаптарына сәйкес әр бал арасының ұяларына селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізгені үшін 5,0 мың теңге демеуқаржы төлеу қарастырылған. Осыған сәйкес биыл жергілікті бюджеттен аталған кооперативтің бал арасының ұяларын субсидиялауға 5 млн. теңге қаражат бөлінді. Аталмыш кооператив мүшесі «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бал өндіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін 4 746,2 мың теңгенің грантын иеленді. «БҚО омарташылары» кооперативі сапалы өнімдерін «Нұр-Сұлтан» қаласында өткізілген және облыс орталығында апта сайын өтетін жәрмеңкелерде  ұсынуда.

Омарта шаруашылығын дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта «Жәңгір хан» атындағы БҚАТУ-мен бірлескен іс-шаралар қолға алынды. Алдымен Алматыдағы Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының омарта шаруашылығы бөлімімен омарталардың морфометриялық көрсеткіштері және тұқымдық түрі анықталуда. Ветеринария және ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын студенттерге және омарта шаруашылығымен айналысатын нысандарға, фермерлерге «Омарта шаруашылығы негіздері» біліктілігін арттыру курстарының оқу бағдарламасы әзірленді. 2021-2022 оқу жылының 2-семестрінен бастап аңшылық және аң шаруашылығы мамандығының оқу жоспарына «Омарта шаруашылығының негіздері» пәні,  2023-2024 оқу жылының 1-семестрінен мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу технологиясы мамандығының оқу жоспарына «Омарта шаруашылығы» пәні енгізілді.

– Кооперативтерге субсидия қалай беріледі? Демеуқаржы қандай мақсатта жұмсалу керек?

– «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы аясында, инвестициялық салымдарды өтеу үлесін жергілікті бюджет есебінен 50%-ға дейін ұлғайту қарастырылған. Оның ішінде «Ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу» және  «Сүт өңдеу объектісін құру және кеңейту, сүт қабылдау пункттерін құру, ауыл шаруашылығы кооперативтері, дайындау ұйымдары, сүт қабылдау пункттері және сүт өңдеу кәсіпорындары үшін жабдықтар мен техника сатып алу» жобалары бар.

Осыған байланысты аудандық әкімдіктер арқылы кооперативтердің  техникалар мен құрал-жабдықтарға қажеттіліктері анықталды. Жергілікті бюджеттен берілетін демеуқаржы көлемін ұлғайтуға 239 300,0 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда  7 кооператив 49,1 млн теңгеге 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен құралжабдық сатып алды. Ал тағы жеті кооператив 12,6 млн. теңгеге қол жеткізді. Түскен өтінімдер бойынша жергілікті бюджеттен 6,0 млн. теңге және республикалық бюджеттен 6,6 млн. теңге субсидия төленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Сұхбаттасқан Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале