19.11.2021, 12:50
Оқылды: 61

Жемқорлық – індет, оны жою – міндет!

Жалпы адамзат тарихында сыбайлас жемқорлықпен күрес ауыр да күрделі дерт екені жасырын дүние емес. Демек, бұл ауыр дертпен бар күш-жігерімізді салып күресу, түп тамырымен жою әрбір қазақстандықтың басты міндеті дегенді айтқым келеді. Кез келген салада, кез келген қоғамдық немесе жеке орындарда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді доғарғанымыз жөн дейміз. Бірақ...

1557299974_a95b51a3094fb81bdb632a5d2d8f0d3e

Жеке бастың ауыртпашылығы мен артылған жауапкершіліктен арылу мақсатында пара, тағы да өзге жолмен жалтару адамның игі ісі емес екенін бәрі біледі. Дей тұрғанмен...
Қарапайым мысал келтірер болсам, болмашы затты саған өтініш еткенде, сен орындап бере қойсаң, «орамалы болады» деп асты-үстіңе түсуі немесе қарапайым шоколад ұсынуының өзі сыбайластыққа жол емей немене? Әлде «осылай болуы керек» деген санада қалыптасып қалған «жарғы» ма екен?

Сол секілді студент пен мұғалім. Студент жеке басының әрекетіне қарай жұмыстанады. Ол өзінің арқалаған жүгінің салдарынан әртүрлі салада қызмет етеді, жұмыс жасайды, оқу ақысын төлеу, кейбірі тіптен отбасын асырау үшін еңбек етеді. Әсерінен сабақ үлгерімі төмендейді, мұғалімнің бет-жүзін танымайтын кезге де тап болып жатады. Ал аралық, сондай-ақ емтихан күндерінде студенттің төбе көрсетері анық. Мұғалімнің тарапынан әлбетте «бағаламаймын» десе де дұрыс. Бірақ түсіністік болмаған жағдайда студент басқаша әрекетке көшеді. Демек, мұндағы басты айыпты адам, алдын ала мұғаліммен сабақ барысын ақылдаспаған студент!
Екінші мысал, біліп тұрғаныңды білмейтіндей көретін ұстаздар да табылып жатады қоғамда. Ол студенттің талпынысы мен ар-ожданын құрметтемеген кезде орын алатын жағдаят. Бұл жағдайдан кейін студент өзін дәлелдеу барысында қанша жерден күш жұмсап сабақ айтып, тапсырмасын орындаса да мұғалім көзге ілмей, сенімсіздіктен сұрақтарын жаудырады. Атап кеткенімдей екі жағдайда да екі жаққа ешқандай пайда келмеді, келмейді де. Студент бар жиғанынан жырып беріп, алатын білімінен қағылса, мұғалім мардымсыз дүниенің кесапатынан жақсы ат еншіленбеді.
Ең үлкен қателіктер мен қатерлер көзге ілмеген кішкентай дүниеден басталады. Біз өз Отанымыздың өркендеу жолында тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? Осы ойдың төңірегінде әлі де ойлануымыз керек!
Студенттерді былай қоя тұрып, қарапайым адам өмірін саралайықшы. Еңбек еткісі келетін әр адам жұмыс іздей бастайды. Тапқанменен артының сұрауы бар. Сырт көзбен қарасақ, жиіркенішті дүние, бірақ біздің қоғамымызда қалыптасқан дүние екені анық.

Жең ұшына жалғасқан сыбайластықты жоямыз деп түрлі шаралар, отырыстар т.б өткізіп әлек болып жатамыз, ал санадағы, жоғарыда айтып өткен «жарғы» жойылмай, бәрі бекершілік секілді...

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі: Qarmaqshy-tany.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале