«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен жұмыспен қамту, осал топтар мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен мәжілісі өтті. Дөңгелек үстелде мүгедектерді жұмысқа орналастыру, инватакси қызметін дамыту жайы, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін мемқызмет сапасына қатысты мәселелер талқыланды.
Еңбек нарығында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру – маңызды мәселе. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мүгедек санаты бар азаматтар үшін жұмыс орындарын квоталау және арнайы жұмыс орындарын құру қарастырылды.
Биылғы 1 қарашадағы есеп бойынша «Еңбек» бағдарламасы ауқымында 2-4% аралығында белгіленген квота шеңберінде мүгедектігі бар 84 адам жұмыспен қамтылды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Анар Амантаева.
Бағдарламаның бірінші бағытында «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» шеңберінде еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту қарастырылған. Есепті кезеңде 21 мүгедек қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды аяқтап, оның сегізі жұмысқа орналасты. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 59 мүгедек кәсіпкерлік курсын оқыды. Сонымен қатар өз ісін ашқысы келетін адамдарға 6% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген несие беріледі. Аталмыш бағытта мүгедектік санаты бар тоғыз азамат жеңілдетілген несие алып, екеуі өз ісін ашты. Несиелердің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұдан басқа 58 адам мал шаруашылығы мен бизнестің басқа да салалары бойынша қайтарымсыз негізде 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант қаржысына қол жеткізді.
Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» атты тармағы бойынша мүгедектігі бар адамдардың 249-ы – бос жұмыс орындарына, 12-сі – әлеуметтік жұмыс орындарына, 15-і – жастар тәжірибесіне, 244-і – ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арнайы жұмыс орындарын құру үшін жұмыс берушілерге жұмсалған шығындарына субсидия беру жұмысы жүзеге асырылуда. Облыс бойынша тірек-қимыл жүйесі бұзылған үш адам, көру қабілетінен айырылған бір адам тұрақты жұмыспен қамтылып, төрт жұмыс беруші субсидия алды.
Кеңес отырысында Орал қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Наурызбай Дәуешов инватакси қызметі туралы баяндады. Қалада кресло-арбамен қозғалатын, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар, көру қабілеті нашар немесе онкологиялық дертке ұшыраған бірінші топтағы мүгедектер, сондай-ақ психоневрологиялық, хромосомалық ауруы бар балалар тасымалы үшін 32 аутокөлік қызмет көрсетеді. Көлік тасымалына мұқтаж мүгедектердің саны жыл сайын артып келеді. 2019 жылы инватакси қызметін 254 мүмкіндігі шектеулі жан пайдаланса, былтыр 423 адам көлікпен жүруге тапсырыс берген. 2021 жылы қала ішінде 588 адам инватаксимен қатынауда. Наурызбай Дәуешов аутокөліктің жетіспеушілігіне, олардың уақтылы келуге үлгермейтініне, арнайы такси қызметін мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандарға бару үшін пайдалануға болатынына қатысты тұрғындар жиі шағымданатынын айтты.
– Қалада инватакси қызметі 2012 жылы іске қосылды. Тасымалдаушы қызметіне сын айтатындар көп. Біраз адамды аутокөліктердің сұйылтылған газбен жүретіні алаңдатады. Экологиялық және санитарлық тұрғыдан осылай болуы дұрыс па? Газ иісі науқас адамның денсаулығын одан сайын нашарлатып жібереді, – деді мүгедектердің облыстық ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов. Инватакси қызметін ұйымдастыруға байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсының ашық өтпеуі, көліктердің техникалық тұрғыдан қолайсыз болуы, мердігердің түскі уақытқа дейін ғана өтінім қабылдауы – бұл бағытта біраз мәселенің қордаланып қалғанын басқосуға келгендер атап өтті.
Дөңгелек үстелде «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова саяжайлар қауымдастығы аутожол салуды сұрайтынын айтты. Қала ішіндегі жолдарды жөндеген мердігерлердің жаяу жолдарды және жиектастарды бейберекет қопарып тастайтыны көшелермен жүруге елеулі кедергі екенін тілге тиек етті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен жұмыспен қамту, осал топтар мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің жоспардан тыс отырысына төрағалық еткен Махамбет Сұлтанғали Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұртазинге аталған мәселелердің шешілу жолын қарастыруды тапсырып, түпкілікті нәтиженің болуын партия белсенділері қадағалайтынын айтты. Дөңгелек үстел отырысына облыстық прокуратураның аға прокуроры Әлібек Жұмағұлов, облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Төлеген Омаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментінің маманы Ринат Мұратов, қалалық мәслихаттың депутаты Азима Ғұбашева қатысып, қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz