23.11.2021, 11:20
Оқылды: 46

Субсидияның да сұрауы бар...

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Құмға  сіңген судай субсидия» атты мақаланы оқыдым. Онда ауыл  шаруашылығын қолдау үшін жыл  сайын республикалық бюджеттен  бөлінетін  жүздеген миллиард теңгеден көпшілік шаруа қожалықтарына соқыр  тиын  да  бұйырмайтыны айтылған.  Оны  өңірдегі кейбір шенеуніктер өзінің қалтасынан шығаратындай тек шаруашылық басшыларына ғана үлестіретіні  де біраздан бері жазылып та, айтылып та келеді.

субсидия

Ел Президенті жақында Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікірін ортаға салып: «Бір жағынан, адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысу керек» деген болатын. Мол қаржы бөлінген жерде сыбайлас жемқорлық қатар жүретіні санамыздан орын алғалы қашан... Мұны ауыл шаруашылығы саласын алға бастырмай отырған басты себептердің бірі десек, қателеспейміз.  Көтерілген көкейкесті мәселе біздің ауданымызға да қатысты, өйткені біздің табысымыз, халықтың әл-ауқаты ауыл шаруашылығына тікелей байланысты.

Мен бір  ай турасында Тереңкөл ауылдық округінің шаруа қожалықтарын аралап, олардың тұрмыс-тірлігін өз көзіммен көріп, жақыннан таныстым. Егер өмірімнің көп бөлігін мал шаруашылығымен айналысқан маман ретінде пайымдайтын болсам, бүгінгі күнде саланың даму деңгейі ешкімді де қанағаттандыра алмайтынын айтсам да жеткілікті. Әрине, бәрі жаман деуден аулақпын. Машақаты көп мал шаруашылығымен шұғылданып отырған, малды өз төлі есебінен өсіріп, пайда тауып жүрген шаруашылықтар да бар. Субсидияға қолы жетпей, басшыларға қолды бір сілтеп, үміттерін үзген шаруалар да кездеседі. Әкімдердің есеп беру жиналыстарында шаруа қожалықтарына  берілген қолдау – демеуқаржы көлемінің мөлшері  айтылады. Бірақ субсидияны қандай шаруашылықтар алғанына, сол қаржының қайтарымы қалай болып жатқанына, малшы-шопандарға еңбекақы төлеу қоры ұлғайды ма, шаруа қожалықтарының даму қарқынына қаншалықты әсер етті деген сауалдарға жауап алу өте қиын. Себебі мұндай сараптаманы ешкім жасамайды. Құмға сіңген судай субсидия деген –  осы.  Егер ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі артпайтын болса, мемлекеттің қаржысын шығындап, талан-таражға салуды доғару қажеттігі әңгіме өзегіне айналуда. Мардымсыз айлыққа жұмыс істеп жүрген малшы-шопандардың көбінің жасы 50-дің үстінде. Олардың орнын ертең кім басады? Егер субсидия тиімді жұмсалса, еңбекақыны көтеруге әбден болады.

Жастарға да еңбек етуге жағдай жасалар еді. Ол үшін субсидия беру тәртібіне өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймын. Менің ойымша, субсидияның басым бөлігі көрші Ресейдегідей тұқымды, жанар-жағармайды, асыл тұқымды малды, ауыл шаруашылығы техникаларын, құрылыс материалдарын, озық технологияларды арзандатып сатып алу үшін берілгені дұрыс. Сонда ғана ауылдардың даму қарқыны көзге көрінер еді. Себебі демеуқаржы нақты бағдарламаларға тиісті болады. Озық әдіспен жұмыс істей алмағандардың  орнын басқа құрылымдар алмастырып, кәдімгідей бәсекелестік жағдайда инвестиция көлемін ұлғайтуға қол жеткізер едік. Күні бүгін қолымызда барды ұқсатып, маңдай терді сыпырып жүріп, еңбек етуіміз керек. Ата кәсіпті өркендету оңай шаруа емес. Қыстақтарды аралағанда, шаруашылықтарда зоотехникалық-малдәрігерлік талап­тар сақталмайтындығына назар аударып, осы олқылықтарды түзету жөнінде  ұсыныс жасалды. Ал жастар жағын шаруа қожалықтарды ұйымдастыру курстарынан өткізіп алса, артық етпейді. Газет беттерінде озат шаруа қожалықтарының тәжірибесі насихатталып, тәжірибе алмасу семинарлары өткізіліп отырса, дұрыс болар еді. Егер алдыңғы қатарлы шаруашылықтарға барып, тәжірибесін көрмесе, даму туралы қалай  әңгіме  айтуға  болады?..

 

Уәлиолла Әбішев,

еңбек ардагері,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале