Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі үшін биыл шығармашылық шабытқа толы жыл болғалы отыр. Жуырда ғана 10 жылдық мерейтойына орай дүбірлі шара ұйымдастырып, классикалық туындыларымен көрерменнің құлақ құрышын қандырған өнер ұжымы Тәуелсіздік күніне орай бірнеше концерт тарту етпек.
Сазды сыйлар көшін 25 қараша күні сағат 19.00-де «Атамекен» өнер орталығының концерт залында өтетін Эльмира Усаеваның шығармашылық кеші бастайды. «Два мира — два гения» деген атаулы иеленген классикалық кештің дирижері — Никита Говоров. Бұл күні классикалық туындыға қызығушылығы ерекше, талғамы биік тыңдарман назарына барокко дәуірінің жарқын өкілдері, музыка әлемінде есімдері алтын әріппен жазылған Гендель және Вивальдидің туындылары жүрек тербеп, жанды тыныштандырады.
Ал екінші кештің стилі ерекше. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жасқайрат Валиуллиевтің «Тәуелсіздікке тарту» атты эклектикалық шығармашылық кешін сан түрлі өнердің басы тоғысқан кеш деуге әбден болады. Мұнда ән де, би де, сахна қозғалысы мен сахна тілінің озық үлгісі де көрсетіледі. Кеш облыстық камералық оркестрдің сүйемелдеуімен өтпек. Бас дирижері — Асхат Хасанов. Аталған шара 29 қараша күні сағат 19.00-де Жастар мәдениет үйінде оздырылады. Қос концерттің де билетін өтетін ұйымның кассасынан аяқтай барып немесе +7 701 374 74 88 нөміріне хабарласып, концерт-менеджер арқылы сатып алуға болады.
Талғампаз көрерменді классикалық кештердің төрінен көргіміз келеді, қош келесіздер!
Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі