Мен партия тарихындағы үлкен өзгеріске куә болдым. Айтар болсақ, облыс басшысы, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасы Ғали Есқалиев басшылығымен жиналған Батыс Қазақстан облысы «Nur Otan» партиясы саяси бюросының мүшелері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін тыңдадық.
20 жыл бойы Қазақстандағы басқару партиясы ретінде елді даму жолында жетелеген «Nur Otan» өзінің көшбасшылық қызметін адал атқарып келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңестің кеңейтілген отырысындағы сөзінде партияның саяси салмағының басымдығын, Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқан еліміздің алдында тұрған межелер жайын айтты. Өз сөзінде елдіктің жеті тұғырын айқындаған Елбасы «Табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде. Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді. Осыны жастардың санасына сіңіру қажет» деген тұжырым айтты. Мен осы сөздерге толық қосыламын.
Осы үлкен жиында Үкімет басшысы Асқар Мамин партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндаған болатын. Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктер жайында баяндаған Үкімет басшысының сөзінен Қазақстан жан басына шаққандағы тікелей шетелдік инвестициялар бойынша ТМД елдері ішінде 1-ші орында тұрғанын біліп, көңілім марқайды. Ауыл шаруашылығында, өндірісте, ішкі және сыртқы тауар айналымында өсім бар. Осы орайда ол партия атынан жергілікті мәслихаттарға сайланған депутаттарды белсенділігін арттыруға шақырды.
Биылғы 2021 жыл халық есінде алғашқы ауыл әкімін халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайлауымен есте қалары анық. Қазақстандағы демократиялық өзгеріске жол ашқан, халық үшін зор маңызы бар сайлауда тікелей дауыс берумен сайланған жерлесіміз, іргелес Бөрлі ауданының ауылдық округінің әкімі Әзілхан Зарифовтың сөзі де маған ой салды.
30 жылда ел жаңарды. Алдағы жылдар да экономикалық даму мен елдігімізді нығайту жылдары болары анық. Сондай-ақ сол жолда «Nur Otan» партиясы алғы шепте боларына сенемін.
Сержан Идиятов,
Теректі аудандық мәслихат депутаты,
«Теректі» шаруа қожалығының басшысы