Қос өзен елі аумағында республикалық маңызы бар жолдар 210 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар 195 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар 524 шақырымды құрап отыр. Казталов ауданында жол-көлік инфрақұрылымының дамуы біріздендіріліп, бірқатар аудандық маңызы бар жолдарға қара жабын төселді. Бұдан бөлек 2020-2025 жылдарға арналған аудандық маңызы бар жолдарды асфальттауға жобалық-сметалық құжаттар жасақталған. Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Альберт Есалиевтың төрағалығымен өткен жол мәселелеріне қатысты кеңейтілген актив отырысында баяндалды.
Кеңейтілген актив отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, жергілікті қауымдастық төрағалары, жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға жауапты ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты. Отырыстың күн тәртібінде Казталов ауданы бойынша түрлі деңгейдегі жолдардың жақсарту бойынша атқарылған жұмыстар және 2021-2025 жылдарға арналған жоспарлар мен Казталов ауданының автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселелері қаралды. Күн тәртібіндегі екі мәселеге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұркен Иманғалиев баяндама жасады. Нұркен Тлепұлының сөзіне сүйенсек, ауданымызда 2009 жылдан бастап қатқыл табанды жол салынуда.
- Ауданымызда 2009 жылдан бастап қатқыл табанды жол асфальт салу жұмыстары жүргізілуде, қазіргі уақытта 41,5 шақырым ауылішілік жолдар асфальттанды. Олар Казталовта 21,4 шақырым, Жалпақталда 16,4 шақырым, Жаңажолда 2 шақырым, Қараөзенде 1,7 шақырым жол. Казталов, Жалпақтал, Жаңажол ауылдарына 10,8 шақырым кіреберіс жолдар асфальталды. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша Казталов ауданының 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарында көрсетілген Бостандық – 9,2 км, Қоныс – 1км, Ажбай – 3,4 км, Нұрсай – 1,4 км, Беспішен-Қошанкөл-Қараоба 15 км аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өтуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021-2022 жылдарға арналған. Мердігерлер биылға жоспарланған жұмыстарды аяқтады. Сонымен қатар Казталов ауылішілік 3,6 км жолға асфальт төселді, – дейді бөлім басшысы міндетін атқарушы.
Баяндамашы өз сөзінде бірқатар аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуден өткізу және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатқандығын жеткізді.
- Казталов ауданы Беспишен-Кошанкол-Караоба бағытындағы жолдарға орташа жөндеу жүргізу үшін (ұзындығы – 15-64 шақырым), Талдыпан – 18 шақырым, Болашақ – 1 шақырым, Жаңатаң – 10 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына және Қараөзен – 0,8 шақырым, Қараоба – 2,4 шақырым, Бостандық 3,1 шақырым ауылішілік жолдарға жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Сондай ақ 2021-2025 жылдарға арналған 5 жылдық жоспарымыз бар, - деді ол.
Аудан әкімі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға бағасын беріп, жауапты тұлғаларға тапсырма берді.
- Жол мәселесі жіті бақылауымызда. Тұрғындардың пікірі ескеріліп, 5 жылға жоспар құрылды. Аудандық маңызы бар жолдар жергілікті бюджет есебінен жөндеуден өткізіледі. Біз республикалық, облыстық маңызы бар жол бойындағы ауданымызға қарасты елді мекендердің кіреберіс жолына қара жабынды төсеу облыстық, республикалық тиісті атқарушы органдардың құзыретінде болатынын ескеруіміз және халыққа түсіндіруіміз керек. Бұл ретте ауылдық округ әкімдері мен жергілікті қауымдастық бірлесе отырып, жұмыс жүргізуі керек. Аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдардың жөндеуден өткізу мақсатында бірқатар ауылдық округ бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайын. Ал салынып жатқан жолдарға бақылау күшейтіліп, назарымыздан тыс қалған емес. Бірақ жұмыс баяулап қалмауы тиіс, - деді аудан әкімі.
Ал 2021-2022 жылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстары бойынша республикалық, аудандық маңызы бар жолдарға жауапты мердігерлердің қысқы маусымға дайын екендігі айтылды. Облыстық маңызы бар жолдарға жауапты мердігердің жұмысында кемшіліктер анықталған.
- Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының 2021-2022 жылдардың қыс кезеңіне дайындығын тексеру 8 қазан күні аудандық штаб мүшелерімен, 16 қазан күні облыстық штаб мүшелерімен жүргізілді. Республикалық маңызы бар жолды күтіп-ұстайтын №41 жол пайдалану бөлімінің, аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстайтын «ТехСапаҚұрылыс» ЖШС және «ҚуанҚұрылыс» ЖШС мекемелерінің қысқа дайындығы, техникалары, инертті материалдары, жанар-жағармай қорлары тексерілді, барлығы да толықтай дайын. Облыстық маңызы бар жолды күтіп-ұстайтын «СтартСтройСервис» ЖШС-і қысқы кезеңге дайын емес. Анықталған кемшіліктер: мекеменің техникаларды қоятын базасы (бокстері) жоқ, жылыту пункті жоқ, инертті материалдарының қоры жоқ. Техникалар туралы мәліметтерін ұсынған кезде 7 техника берген болатын. Алайда 7 техниканың тек 1-еуі тексерілді, қалған техникалары жоқ болып шықты. Аталған кемшілік бойынша акт толтырылып, тиісті мекемеге хабарланды, – деп баяндады Нұркен Тлепұлы.
Альберт Темірболатұлы жиынға қатысушылардың пікірін ескере отырып, ауылдық округ әкімдері мен жауапты мердігерлерге тапсырма берді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz