26.11.2021, 10:20
Оқылды: 74

Нарымбаев-Жапақов немесе Сұрпақтай тобы

Мұрағатта жұмыс істеп жүрген кезде ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында студенттердің наразылық танытқаны туралы материалды кездестірдім. Осы қозғалыстың атауы болған Сұрпақтай сөзін алғаш естідім. Сол жылдардағы оқиғаларды зерттеу нәтижесінде оның сипаттамасын оқырмандар назарына ұсынып отырмын. Бұл өте қысқартылған газет нұсқасы. Толық мәтін «Тарих және тарихшылар. Кеңес дәуірінің шежіресі» кітабында жарияланады.   

4

ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары – қоғам мен мемлекет өміріндегі қарқынды өзгерістер кезеңі. Революциялар мен Азамат соғысы, Кеңес өкіметінің орнауы және бүкіл әлеуметтік топтардың жойылуы,1920-1930 жылдардағы ашаршылық салдарынан мыңдаған адамдардың кедейленуі мен қырылуы және басқа да көптеген зобалаң халықтың психологиясы мен санасының өзгеруіне әкелді.  20-жылдарда тұтанған үміт алауы  30-шы жылдардағы үрей мен  наразы көңіл күймен алмасты.

Қазақ қоғамында ҚАКСР, одан кейін Қазақ КСР жарияланғаннан кейін қоғамдағы белсенді күштерді нақты іс-әрекетке жетелеген ұлттық сананың беки түскені байқалды. Алайда, шын мәнінде, кеңестік билік пен қазақ қоғамының белсенді бөлігінің арасында қарама-қайшылық туындады. 1930 жылдары наразы болу мен қарсыласу бағытындағы әрекеттердің саны артты. Оның біразы бейбіт сипатта өтті және кеңестік өмірдің кейбір көрінісі сынға алынды.  Бірақ оларды билік қатаң түрде басып тастады. Наразылық танытқандар «қазақ ұлтшылдығы» үшін айыпталып, сотқа тартылды, түрмеге қамалды, лагерьлерге жабылды, оқу орнынан шығарылды, жұмыстан босатылды және де басқалай қуғындауға ұшырады.

Институттағы саяси қуғын-сүргін 30-жылдардың ортасында басталды. Сол кезеңде педагогикалық институттың ғана емес, Оралдағы басқа да оқу орындарының бір топ студенттері мен оқытушылары қазақ ұлтшылдығымен айыпталды.

Алғашқы мәлімет облыстық мұрағат қорынан институт материалдарын зерделеу барысында кезікті. Оның жалғасын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мұрағатының тергеу материалдарынан таптым. 1935 жылы НКВД органдары РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11, 59-7-баптары бойынша айыпталған Нарымбаев Балтанның ісі бойынша тергеу жүргізгені анықталды. Қылмыстық іс материалдарында бұл қозғалыс Нарымбаев-Жапақов тобы ретінде көрсетілген. Мұнда алғаш рет өздерін Сұрапақ-байлар немесе Сұрпақтай деп атайтыны жазылған.

Сол жылдардағы оқиғаларды зерттеуге көп уақыт пен күш-жігерін жұмсаған журналистер – А. Шахин, Қ. Құттымұратұлымен кездескенде, маған бұл есімнің нені білдіретінін, қашан пайда болғанын түсіндіруді өтіндім. Олар да бұл сұраққа нақты әрі толық жауап бермеді. Олардың пікірінше, Сұрпақтай деген нұсқа дұрыс,  бұл – белгілі бір адамның есімі және оның іс-әрекеті осы топ мүшелеріне үлгі болды, сондықтан олар өздерін осылай атаған. Бірақ, өкінішке қарай, мен де журналист достарым сияқты мұрағаттардан есімі тап осындай адам туралы ешбір дерек таппадым.

Нарымбаев пен оның тобына: «...Оралда, атап айтқанда, ҚазПИ-де Балтан Нарымбаевтың басшылығымен ұйымдасқан және толық қалыптасқан ұлтшыл контрреволюциялық топ болды. Олардың іс-әрекеті орыстар мен қазақтар арасында ұлтаралық араздық қоздыруға бағытталған» деген айып тағылды.

Ол ұсталған кезде 22 жаста болған. 1931 жылы медицина техникумына түсіп, екінші Қазақ педагогикалық институты ашылғаннан кейін, биология факультетінде оқуын жалғастырды. Яғни университет тарихында алғашқы студенттердің қатарында болды. Көп ұзамай факультеттегі ВЛКСМ ұйымының хатшысы болып сайланды.

Іс материалдарында көрсетілгендей, топ құрамына ҚазПИ студенттері ғана емес, басқа оқу орындарынан, бірқатар ұйымдар мен мекемелерден келген қазақ жастары да кірген. Бұлар педагогикалық институттың, комвуздың, совет училищесінің және медициналық училищенің студенттері – Абдолла Жұмағалиев, Нұржанов, Хайдар Мұстафин, Кукеев, Науша Хамзин, Ишматов, Ғұбайдолла Ақтаев, Хасан Жапақов, Шайхин, Нұрғалиев, Әбдірахман, Букубаев, Равиль Валиев, Хайрекен Бакешев. Істе облыстық партия комитетінің қызметкері – Балғаниязов, облыстық қаржы бөлімі (облфо) қызметкері – Шынтеміров, облыстық комсомол комитетінің қызметкерлері – Хайрлиев пен Кощанов аталып өтеді. Барлығы 20-дан астам адам (іс материалдарында топ мүшелерінің көбінің аты-жөні көрсетілмеген, тек тегі ғана жазылған – автор).

Айтайын дегенім, топ мүшелерінің көпшілігінің білім деңгейі студенттердің басым бөлігінен жоғары болды. Нарымбаевтың өзі сауатты, білімді жас ретінде медициналық техникумнан педагогикалық институтқа ауыстырылды. Көпшілігі қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де еркін сөйлейтін.Олардың  күнделікті өмір-дің өткір мәселелерін қызу талқылауы – «антикеңестік қызмет» болып саналды. Кеңес өкіметі тұсында қазақтардың қалада да, ауылда да еңбек етуіне, тұрмысын жақсартуға тең жағдай жасалмайды деп есептеді. Кездесулердің бірінде Нарымбаев «Қазақстанда орыстардың ықпалы күшті, олар барлық жерде билік жүргізеді; университет қазақша, ал басқару орысша» деп мәлімдеді. Бірақ ол «тұрмыс жағдайы патша заманынан да нашар» қазақтардың өмірі қайыршылыққа толы екенін екпін бере айтты. Осы ойлардың барлығы «Мәдениет майданы» атты қабырға газетінде жарияланған Жұмағалиев Абдолланың мақаласында айтылған. Мақалада саяси сипаттағы нақты іс-әрекеттерге назар аударылмаған. Бірақ қазақ қоғамын алаңдатқан өзекті мәселелер айтылған.

Барлық студент сияқты Б. Нарымбаев туған Қазақ-станның гүлденуіне қызмет ету үшін терең білім алуды көкседі. Алайда бұл тілек қатаң айыпталды. Екінші Қазақ педагогикалық институтын ашу ісі дұрыс ұйымдастырылмады. Ең басты мәселе – білікті оқытушы мамандардың, әсіресе, қазақтардың жетіспеуі еді. Іс жүзінде қазақ тілінде жазылған оқулықтар, оқу құралдары, карталар және т. б. оқу-әдістемелік материалдары мүлдем болмады.

Институт ашылған алғашқы үш жылда студенттер құрамы толығымен дерлік қазақтардан құралғанын ескерсек, студенттердің оқу үдерісіне көңілдерінің толмауына нақты негіз бар еді. 1932 жылы 1-курстағы 99 студент – ауыл жастары болса, Оралдан бар болғаны 7 адам оқуға түскен. 1933-1934 оқу жылында студенттер ұжымының этникалық құрамы педагогикалық институттың алғашқы жылдарындағы негізгі мақсатты аудиторияны да көрсетті. Барлығы 192 қазақ, 10 татар, 1 орыс болды. Бұлай болуы кездейсоқ емес еді, өйткені университет Қазақ педагогикалық институты болып ашылды. Қазақ студенттерінің көпшілігі орыс тілін білмеді, орысша оқу-жазу қиынға соқты. Тілді меңгеру деңгейі нашар болғандықтан, бастапқы кезде оқу үдерісі студенттер үшін ауыр болды. Мұғалімдер, әсіресе, жаңадан келгендер дайын емес еді. Өйткені олар негізінен орыс тілінде оқытатын оқу орындарынан келген мамандар еді.

1932 жылы наразылық пен қарсылық басталды. Оқушылар ана тілінде сабақ беруді талап етті. Сол кездің өзінде белсенділер, оның ішінде Б. Нарымбаев студенттердің басым бөлігі мұғалімдерді түсінбейтіндігіне наразы болған. Университет басшылығы хабарламаларында студенттердің дайындығы нашар екендігіне орыс тілін білмеуін уәж қылған. Осылай айыптауға негіз бар ма еді? Мұғалімдердің ешқайсысы іс жүзінде қазақ тілін білмесе, тек студенттер ғана кінәлі ме?

Институттың ашылуы сөзсіз қажет еді. Өйткені халықты ағарту, әсіресе, сауатсыз бөлігі үшін мұғалімдерді дайындау – маңызды міндет екені айқын еді. Алайда университет ашылғанда кадр тұрғысынан да, оқу-әдістемелік тұрғысынан да дайын болмады. Нәтижесінде мүдделер  қақтығысы мен пікір қайшылығы орын алды. Бірақ 1930 жылдары оқудың нашар ұйымдастырылуына деген наразылық билікке қарсы бағытталған әрекет ретінде, ал ана тілінде оқытуды талап ету ұлтаралық араздықты қоздыру, ұлтшылдық сезімнің көрінісі ретінде қабылданды.

Б. Нарымбаевқа және оны жақтаушыларға осындай айып тағылды. Топтың талаптары мен әрекеттері - қарама-қайшылық емес, институттағы келеңсіз жағдайдың көрінісі еді. Ал олардың жан-
айқайларының себебін түсіне отырып, наразылық білдірушілер тарапынан ұлтшылдық сипат жоқ деген тұжырым жасауға болатын еді. Керісінше, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы шо-
винистік көзқарасты түзету талап етілді. Сапалы білім беруді ұйымдастыру университет басшылығы мен Халық ағарту комиссариатының құзырында болғандықтан, мұғалімдерге тағылған айып та әділетсіз болғаны айқын.

1931-1933 жылдардағы күштеп ұжымдастыру мен мәжбүрлі түрде отырықшыландырудан кейін біраз адам опат болып, жоқшылық пен жойылудың аз-ақ алдында тұрған қазақ халқы тап болған қасірет жастарды айналып өтпеді. Ал жазылмаған жарақат қансырап тұрды. Сондықтан институттағы оқыту деңгейінен бөлек екінші мәселе – «қарапайым қазақтың мүшкіл хәлі» болды.

1935 жылы 17 ақпанда Екінші қазақ педагогикалық институтының комсомол комитеті мен кәсіподақ комитетінің бірлескен отырысы өтті. Осыған дейін НКВД Б. Нарымбаевтың ісі бойынша тергеуді бастап кеткен-ді. Сондықтан бұл отырыс университет басшылығының студенттің әрекетіне байланысты көрсеткен реакциясы болды. Университеттегі комсомол ұйымының хатшысы Қанатовтың баяндамасы Нарымбаев пен топтың белсенді мүшелеріне қарсы бағытталды. Баяндамашы оларды контрреволюциялық әрекет жасады, сондай-ақ рулық және жүздік араздықты, орыс халқына қарсы бағытталған қазақ ұлтшылдығын  қоздырды  деп айыптады. (50 жылдан кейін 1986 жылдың желтоқсанында  ұлттық қадір-қасиетті ұлықтаған қазақ жастарына осындай жала жабылды).

Міне, сонау 1935 жылдың ақпанында үкім шықты. Нарымбаев, Мұстафин, Ақтаев, Жұмағалиев оқудан шығарылды. Бәкішев пен Нұржановқа қатаң сөгіс берілді. Топ мүшелерінің барлығы дерлік жазаланды.

Еркін ойлы студенттерді жазалау әрекеті 1935 жылы тағы қайталанды. Мамырда Балтан Нарымбаев пен Хасан Жапақов, шілдеде Равиль Валиев пен Науша Хамзин, қарашада Хайкен Бәкішев және Әбдірахман Нұрғалиев қамауға алынды. Олардың барлығына РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11, 59-7-баптары бойынша айып тағылды. Бұл сол жылдары антисоветтік және контрреволюциялық әрекет үшін ең көп қолданылған айыптау бабы болды.

Оқудан шығарылған алты студентке қылмыстық іс қозғалды. Олардың барлығы қазақ студент жастарының арасында озық болып еді.

Балтан Нарымбаев – 1913 жылы туған, қазақ. Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданындағы Қособа ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтамаған. 1935 жылы мамырда Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасады деген айыппен қамауға алынды. РСФСР ҚК-нің 58-10, 58-11-баптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1998 жылы 13 қазанда ақталды.

Хасан Жапақов – 1912 жылы туған, қазақ. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты 7-ауылдың тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтамаған. 1935 жылы мамырда Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасады деген айыппен қамауға алынды. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, 58-11-баптары бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1998 жылы 13 қазанда ақталды.

9

Хайрекен Бәкішев – 1912 жылы туған, қазақ. Гурьев облысындағы Плотовинск ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтамаған. 1935 жылы мамырда Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасады деген айыппен қамауға алынды. РКФСР ҚК-нің 58-10, 58-11-баптары бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1998 жылы 13 қазанда ақталды.

5

Равиль Валиев – 1915 жылы туған, қазақ. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Сасықкөл ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтамаған. 1935 жылы шілдеде Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасады деген айыппен қамауға алынды. РСФСР ҚК-нің 58-10, 58-11-баптары бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілген. 1998 жылы 13 қазанда ақталды.

10

Әбдірахман Нұрғалиев – 1914 жылы туған, қазақ. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы Ақоба ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтамаған. 1935 жылы қарашада Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасады деген айыппен қамауға алынды. РКФСР ҚК-нің 58-10, 58-11- баптары бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілген. 1998 жылы 13 қазанда ақталды.

Науша Хамзин – 1914 жылы туған, қазақ, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Таловка ауылының тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтамаған. 1935 жылы қарашада Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасады деген айыппен қамауға алынды. РСФСР ҚК-нің 58-10, 58-11- баптары бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. 1998 жылы 13 қазанда ақталды.

Ұлттық қозғалыс пен партия жетекшілерін, мүшелерін тұтқындау, қудалау Қазақ-станда 1920 жылдардың ортасынан басталды. Сұрпақтай тобының ісі қуғын-сүргіннің жаңа толқынының, қанды 1937 жылдың кіріспесіне айналды. Олардың барлығы 1936 жылы 23 қыркүйекте облыстық соттың үкімімен халық жауы және қазақ ұлтшылдары ретінде сотталған.

Сұрпақтай тобының мүшелерін ақтау Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 14 сәуірдегі заңының негізінде 1998 жылғы 13 қазандағы Қазақстан Республикасы прокуратурасының шешіміне сай жүргізілді. Олардың барлығы кінәсіз деп танылып, қылмыстық құрамының болмауына байланысты істер тоқтатылды.

Мұрат Сыдықов,

ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы,

М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале