30.11.2021, 17:30
Оқылды: 73

Елбасы туралы естеліктер айтылды

«Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызметі туралы оқушыларға патриоттық тәрбие беру, тұрақтылықтың, ұлтаралық бірліктің және заманымыздың көрнекті саясатының кепілі ретінде оқушыларды еліміздің Тұңғыш Президентімен кездескен, еңбек жолында бірге жүрген азаматтармен таныстыру, Қазақстан Республикасының Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуындағы Президенттің рөлі туралы өскелең ұрпақтың көзқарасын қалыптастыруға, Қазақстан жастарының мәдени-тарихи, рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға ықпал ету мақсатында №12 ЖОББМ-мен бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына  және 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай кездесу өткізді.

IMG-20211130-WA0074

Бұл шараға ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Ахмедияр Батырханов, бұрынғы, Тайпақ ауданы Қарауылтөбе ауылының 1992 жылы Елбасы облысымызға iссапармен келген кезінде бөлімше меңгерушісі болған Ғиззат Ихсан, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спортшы, жаттықтырушы-ұстаз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге Теміртауда еңбек жолын бастаған Темірболат Құбашев қатысып, оқушыларға қызықты да тәрбиелі мәліметтер берді.

- Бір күні құдай қосқан қосағым "Сені сұрап жатыр" деп телефонымды әкеліп тұр. Ойымда ештеңе жоқ. Телефонның арғы жағынан "ҚР Президенті аппаратынан хабарласып тұрмын, аға. Аман-есенсіз бе? Қасымбеков деген боламын. Осы телефон нөміріне хабарласып тұруыңызға болады. Сізге Нұрсұлтан Әбішұлы сәлем айтуда. Амандықта жолығайық" деді.

IMG-20211130-WA0079

1958-1961 жылдары Теміртау қаласында Қарағанды металлургия комбинатында еңбек еттім. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлымен жұмыстас болдым. Нұрсұлтан Әбішұлының есте сақтау қабілетінің күштілігі сондай, сол уақытта өзімен жұмыстас болған жігіттердің барлығының аты-жөндерін жатқа біледі. Нұрсұлтан Назарбаевпен кейін кездескен кезде оған көзім анық жетті. Сол Теміртау қаласында жұмыста жүріп, спортпен шұғылдандық. Спорттың бокс және күрес түрлерімен айналыстық. Менің Алматы қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсуіме Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауы көп болды. Ол маған: «Темеке, сіз спортқа жақсысыз, ендеше, неге осы бағытта жоғары білім алмайсыз?» деп ой тастап еді.

Уақытында Нұрсұлтан Назарбаевпен жұмыстас болып, 1000 градустан астам ыстық домна пешінде темір балқытқанымызды қазір зор мақтанышпен айтып жүремін. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы мені ешқашан ұмытқан емес. Біздің өңірге сапарлап келген сайын хабарласып, кездесіп тұрамыз. Нұрсұлтан Назарбаев  төрткүл дүниеге танымал сарабдал саясаткер.  ҚР Тұңғыш Президентінің көрегенділік және саясаткерлік қабілетін көптеген шет елдер, тарихи тұлғалар мойындады. Шет мемлекеттер бүгінгі таңда қазақ елін Нұрсұлтан Назарбаев арқылы танып, білді десем артық айтпаған болармын. Жеткіншек ұрпаққа бақытты балалық, зор денсаулық тілеймін. Сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар. Қазақ елінің жарқын болашағы сіздерсіңдер. Жақсы күндерде кездесейік, – деп сөзін аяқтады Темірболат Құбашев кездесу кешінде.

Кездесудің қадірменді мейманы Ғиззат ағамыз да өз естелігімен бөлісті.

-1992 жылы 1 тамыз күні бұрынғы Тайпақ ауданы Қарауылтөбе ауылының №1 бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезім. Елді мекендердегі шопандар мен малшыларды аралап шықтым. Кенет кеңшар директоры Мәлік Түрікпенов рациямен хабарласып, мені өзіне келіп кетуімді өтінді. Содан не керек, кеңшар директоры 18 тамыз күні біздің ауылға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы сапармен келетінін айтты. Ақтөбе қаласынан 12 қанат киіз үй алдырып, құрып қойдық. Ауылдас ағайынның үйіндегі үш жолбарыстың суреті бар кілемді әкеліп, киіз үйге ілдік. Соғыс және еңбек ардагерлері болып күтіп алдық. Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында Татарстан елінің президенті Минтимир Шаймиев және  Башқұртстан елінің Жоғарғы кеңес төрағасы Рахимов Мұртаза болды. Минтимир Шаймиев өте әзілқой және қуақы сөйлейтін адам екен. Киіз үй ішіндегі үш жолбарыстың суреті бар кілемді көрсетіп: "Ортадағы ірі жолбарыс Нұрсұлтан ғой" деген еді. Нұрсұлтан Әбішұлымен суретке түстік. Ел болып күтіп алып, ел болып шығарып салдық. Ол кез менің жадымда мәңгілік сақталып қалды.

Бұдан соң ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Ақжайық өңіріне келген сапарында тағы бір кездесу бақыты бұйырды. Елбасының елімізге сіңірген еңбегі зор. Бүгінгі шараға қатысып отырған оқушыларға  сабақтарыңызды жақсы оқыңыздар дегім келеді. Білімді адам еңбексіз қалмайды. Жарқын күндерде жолығайық, – деп сөзін тәмамдады Ғиззат Құжатұлы.

№12 ЖОББМ-нің  қалалық, облыстық мәнерлеп оқудың жеңімпазы     Мерей Қарақұл «Тәуелсіздігім»  атты өз туындысын оқып, жас әнші   Шакенов Алиби «Атамекен» әнін шырқады

«Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогі Гүлжаухар Хамзина «Тұңғыш Президент- Елбасы» атты баяндама оқыды.  «Атамекен» БЖТжЭО директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және №12 ЖОББМ директоры Күләш Хайранова құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға тілектерін білдірді. Оқушылар қонақтарға өздерінің ойындағы сауалдарын қойып, жауап алды. Шараның аяқталу сәтінде қонақтарға алғыс айтылып, алғысхат табысталды.

.Ақмарал Куркембаева,

                                                         «Атамекен» БЖТжЭО әдіскері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале