1.12.2021, 9:22
Оқылды: 106

Сал Мұхит

Академик Ә. Марғұлан «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» деген мақаласында сал  мен  серіге  төмендегідей  сипаттама  береді: «Сал»  –  Еуропа тілімен айтқанда  эксцентрлік, болмаса өз бағытымен  жүретін бір аяулы адам. Оның бір арманы  – сылқымдық, кербездік, киімді әдемі кию,  өзімен қатар жүретін адамның бәрінен  қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Ер-тоқымының өзі өзгеше  болады, алтынмен, күміспен өрнектелген, ерекше салтанатпен жасатады.  

6A89A6E1-B5D2-4E17-A3D9-DBB7DA128A37

«Сал» сөзі киімді салпаңдатып, кең тігуден  шыққан, сал, салпаң. Әрбір салдың  шалбарының балағы сондай кең, оған бір  кісі толығымен сыйып кетеді.  

Қазақ мәдениетінде сал-серілер  – сегіз қырлы, бір сырлы, яғни ақын, әнші, күйші,  композитор, ойыншы, биге, спортқа бейім  ерекше өнерпаз, қысқасы, осылардың  барлығын жинақтаған синкреттік тұлға.  Олар ұлттық өнердің хас жүйріктері,  шашасына шаң жұқтырмас көрнекті  өкілдері бола білді.

Талай ғасыр сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнері әуендік, орындаушылық, құрылымдық өзгешеліктері мен кең тараған мекеніне байланысты бірнеше мектеп боп қалыптасты. Олар – Қазақстанның Орталық және Солтүстік, Оңтүстік және Жетісу, Батыс өңірі, Сыр бойы әншілік-термешілік, Шығыс өңірі Баян өлке және Шығыс Түркістанды қамтитын әншілік мектептері.

Қазақстанның батыс өңіріндегі әншілік мектептің ерекшелігі – әндерінің ырғақ-әуені шытырман, техникалық иірімдері күрделі, диапозондық өлшемі ауқымды әрі биік болып келуі. Мұхит Мерәліұлының әншілік дәстүрі негізінде Қазақстанның батыс өңіріне тән «Мұхит мектебі» қалыптасты. Мұхит әндерінің қазақтың музыкалық мәдениетінде алар орны ерекше. Әйгілі музыка зерттеушісі, артына «Қазақтың 1000 әні» атты мол мұра қалдырған А.В.Затаевич Мұхитты «Қазақтың Баяны» деп атап, «Қазақстанның батысында Мұхиттың творчествосын белгілі «ән мектебі» деп қарау керек» деп үлкен баға берген. Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерлерінен бастау алып, Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Мұхит салған әншілік мектептің алтын діңгегі, күні бүгінге дейін ешбір әнді шашаусыз, қаймағын бұзбай жеткізген алтын көпір – Ғарифолла Құрманғалиев тұр.

Мұхит Мерәліұлы – кіші жүздің ханы Әбілқайырдың тұқымы. Әбілқайыр ханның  қызы Бопай-Бәтима ханымынан Нұралы, Ералы, Қожақмет, Айшуақ, Әділ туған. Нұралы ханның 16 әйелі болған. Осы әйелдерінен 39 ұл, 33 қыз көрінген екен. 39 ұлдың үшіншісі – Қаратай сұлтан. (1772-1826 жж.) Қаратай сұлтан Орданың батыс бөлігіне билік жүргізген. Оның Мерәлі деген ұлынан 1841 жылы Мұхит туады. Мұхиттың азан шақырып қойған аты Мұхамбеткерей екен. Кейін Мұхит атанып кетеді.

Мұхиттың дүниеге келген жері – қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Саралжын ауылына қарасты Ақбақай деген жер. Әкесі Жақсыбай өзенінің бойындағы шөбі шүйгін, әдемі көлді өзі иемденіп алғаннан кейін, Ақбақай атты жылқыны сойдырып, айналасындағы көрші отырғандарға той жасайды. Қызылқоға болысынан келген Ысық руының зиялысы Жарылқаған «Осы жер бұдан былай Ақбақай аталсын» депті. Сол күннен бастап көл Ақбақай аталып кетеді.

Мерәлі балаларын дүние-мүлік жинауға, байлыққа ұмтылуға, ел үстіне билік құруға икемдеп тәрбиелеп, балаларының дегенін істеді. Өнермен әуестенуіне, ойын-сауық, ән-күй, той-топыр істерімен айналысуына бөгет жасамады. Бұл әулеттің төңірегіне әнші, домбырашылар көптеп жиналатын. Мерәл3нің балаларының ішінен ел басқару ісімен екі ай ғана айналысып, қызметі мен  мөрінен өз еркімен бас тартып, өмір бойы өнер қуып, өнерпаздық жолды таңдаған осы Мұхит болды. Ол бала шағынан музыкаға, суретке, ою-өрнекке әуес болады. Жас күнінен қолына домбыра ұстап, ән салып, ауылдық жерде өтетін тойлардың сәніне айналды. Аға-інілері – Шаңгерей, Сықыпкерей, Жанша, Жүсіп домбырашы, скрипкашы атанғанмен, шаруа қуып, өнерпаздық жолға түспеген. Мұхит  Жайық бойын, Бөкей, Гурьев өңірін, Орынбор, Арқа, Арал, Қазалы жерлерін аралап, той-томалақтарда, жиындарда ән салып жүре берді. Әкеден алған еншісін ішіп-жеп, достарына бөліп беріп, ақыр аяғында жалғыз сиырға қарап қалады. Әйгілі «Үлкен айдай» әнінде:

«Мұхитта мал дегенде  жалғыз сиыр,

Болады баспағымен екеу биыл.

Мұхиттың шаруамен жұмысы жоқ,

Елдегі ойын менен жиынға үйір»  деп әнге қосады. Мұхиттың Құдай берген ерекшелігі – тек қана орындаушы, әнші ғана болмаған. Ол – біріншіден, ақын, екіншіден, композитор, үшіншіден, орындаушы. Оның үстіне, домбырашылығы тағы бар. Боғданың, Тазбаланың, адай Абылдың, Сәулебайдың күйлерін шебер орындаған әрі күй де шығарған. Мұхит біраз орындаушылық тәжірибе жинағаннан кейін, өз жанынан ән шығара бастаған. Мұхит әндерінің бір ерекшелігі – сағадан басталып, шырқау биікке көтерілуі, техникалық иірімдерінің күрделілігі, диапазондық өлшемнің ауқымды әрі биік болуы және орасан зор дауысты қажет етуі. Алғаш шығарған әндері арнау сияқты болып келеді. Елдегі көнекөз қариялардың айтуынша, Мұхит өзіне бала Оразды ұстаз тұтқан, соған арнап «Кіші айдай» әнін шығарған екен. Сонымен қатар Құрманғазы мен Дәулеткерейдің алдын көріп, Сейтек, Қазанғап, Мәмен, Ешнияз салменде араласқан деседі. Мұхиттың адуынды, биік дауысты, диапазонның кеңдігін, ауқымдылығын қажет ететін әндерінің қатарына «Айнамкөз», «Кіші айдай», «Үлкен айдай», «Көкжар», «Паңкөйлек» әндері жатады. Мұхиттың адамды бей-жай қалдырмайтын шығармаларының  бірі  –  «Иіс».

Қазақта кісісі өлген үйге көңіл айта келгенде, жанына қара (мал) жетелеп келеді немесе басқа бұйым алып келеді. Ондай сыйлықты иіс деп атайды. Міне, Мұхит Тайсойған жағында жүргенінде бір ауылда белгілі бір адамның асына кезігеді. Асқа келгендер малын (соятын), қымызын ала келеді. Не мал, не бұйым алып келмеген Мұхит ас ішіліп, бәйге болып, балуан түсіп, халық тарағаннан кейін, әлгі үйдің бәйбішесіне келіп, өзінің жағдайын айтады. «Менің малым, дүнием – мына қызыл өңешім. Осының бір демін сіздің жамағатыңыздың аруағына арнап, айтып берсем деймін»  дейді.

«Мұхитта мал дегенде  жалғыз сиыр,

Болады баспағымен екеу биыл.

Салыңның алып келген   «иісі» жоқ,

Жетекке жылқысы жоқ үйір-үйір.

Білмеймін дұрысымды, қиысымды,

Салыңыз өнерінен сый ұсынды.

Деген бар «Барға шүкір, жоққа сабыр»,

Жан Алла қабыл еткей, «иісімді» деп марқұмның бәйбішесінің ризашылығымен Мұхит сол арада осы әнді салады.

Мұхиттың салқамдыққа толы шығармасының бірі – «Жылқышы» әні. Бір күні Мұхит бала Ораздың аузынан шыққан «Жылқышы хикаясын» жадына түйіп алады. Өзі көрікті, өзі әлді жылқышы көп жылдар бойы есігінде жүрген байдың сұлу қызына ғашық болады. Қыз да өзінің берулі күйеуіне барғысы келмей, жылқышыны сүйеді. Қыздың жеңгесі бұларды мезгіл-мезгіл жолықтырып, бірақ бұл істің артының қиын болып кету қаупін айтады. Сүйген жүректер оның бәрін сезіп тұрса да, қауіптен қорқып, айырылуға бара алмайды. Жаздың ортасында ауыл азаматтарының көбі Көкжардың (Ойылды солай атайды) жәрмеңкесіне кеткенде, бір түнде екеуі екі жүйрікпен қашады. Байдың ауылынан ұзап шығып, арада бір-екі күн өткен соң, бұлар енді құтылған шығармыз деп жайбарақат бір иесіз қорада демалып жатқан кезде, қуғыншылар қапыда жетіп, қамайды. Ойда жоқта қыздың астындағы ат аяғын жалғыз қазыққа тығып, құлағанда қуғыншылар жақындайды. Жылқышы қосарындағы арғымаққа қызды мінгізіп, мылтықты қолына беріп, өзі қалып қояды. Қыздың астындағы аттың, жауға жеткізбей, бірден қара үзіп кетеді. Бірақ қыз қамауда қалған жылқышыға қарайлап, алысқа ұзамай, оқ жетпейтін жерде жүреді. Қарулы жылқышы біраз адамды аттан түсіріп, енді құтыламын деп жүргенде, біреу артынан келіп, бұғалық салып, тартып қалады. Жылқышының аттан құлағанын көрген қыз қайтып келіп, бұғалық салған жігітті табанда қосауызбен атып өлтіреді. Басқалары қапелімде мылтық аузына жолай алмайды. Сол кезде қыз аттан секіріп түсіп, буынып өлген жылқышының қасына барып, қойнындағы пышағын алып, өзіне салады да, жылқышыны құшақтап құлайды.

Бұл аңыз Мұхиттың тұла бойын тегіс меңгеріп, төбе құйқасын шымырлатып,  қатты толқытады. Қыршынынан қиылған екі жас, жанбай сөнген таза  махаббат, екінші жағынан соққы мен сойылға сүйенген қара күш әншінің асқақ қиялын аралап, тыныштығын кетіреді. Дарынды композитор сол арада домбырасын қолына алып, қой шегін шегіне жеткенше қатты бұрап, жан ашуының айқайындай, дауыстың ең жоғарғы регистрінен бастап, ащы да, айбарлы дыбыс шығарады. Бала Ораздан есіткен аңыздың суретін көз алдына келтіре отырып, сол оқиғаны дыбыс өрнегімен  өрнектейді.

«Жылқысы біздің елдің  ала мойын,

Су ішіп айдын көлде салады ойын.

Сүйеніп тал құрыққа тұрғанымда,

Қалқада әрқашан да болады ойым.

Айқайлап жылқы бақтым қысы-жазы,

Қалқаның құлағымда  айтқан назы.

Шалқыған дарияда қанат қаққан,

Сен едің ерке жүзген қоңыр қазы».

 Мұхит мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуде көп еңбек сіңірген әншінің туғандары – Шайқы Нәуұлы (1890-1922 жж.) мен Қаратайдың Тілеуінен тараған Шынтас (1884-1948 жж). Олар көрген, білген, естігендерін қағаз бетіне түсірсе, Мұхит әндері мен күйлерін шебер орындаушы Шотқара руынан шыққан Сартай Көшкіншіұлы (1862-1922 жж.) болды.

Ал Мұхиттың немересі Лұқпан Мұхитов атасының әндерін нотаға түсіруде көп еңбек сіңірді. Мұхит мұрасын күні бүгінге дейін жеткізгендер қатарында Мұхиттың көзі, ғаламат әнші атанған Шайқы, Шынтас, Ғарифолла Құрманғалиев, Тәмті Ибрагимова (татар), Нағима Әбілова болды. А. Затаевич Мұхитты Қазақтың Баяны десе, Е. Брусиловский Мұхиттың «Бала Ораз» әніне  «Пучинидің стиліндегі ән»  деп жоғары баға берді.

Соңғы кездегі табылған дерек көздері бойынша, бұдан 119 жыл бұрын Мұхиттың үш жүздің өкілдері Түркістанда бас қосқанда келелі мәселелерді шешуге қатысқаны. 1902 жылы Түркістан шаһарында тұратын дәулетті діндар Бөлтай Қожамұратұлы кенжесі Қойтастың Хиуадағы Ишан қалашығында Әминхан медресесін бітіріп, молда атанғанының құрметіне жалпақ жұртқа жар салып, той жасайды. Тойға үш жүзден 13 қадірменді ақсақал, 39 қажы молда, 4 белгілі бақсы, 11 атақты би, 9 болыс, 40 сал-сері келген. Сол жиынға Ақтөбе, Мәртөк, Қаратөбе, Орданы жайлаған он екі ата Байұлы Есентемір атаның ұрпағы Қаражан би, атақты күйші Дәулеткерейдің шәкірті Бесәлидің ұлы Әлікей күйші, Мерәлі ақсақалдың ұлдары – Шәңгерей мен Мұхамбеткерей (әнші Мұхит), Әбілқайыр ханнан тарайтын Төре тұқымы Қаратай сұлтанның ұрпақтарының бірі – Медет ақсақалдың  ұлы Ерғожа күйші қатынасқан. Той үстіндегі мәслихатта патша ағзамның жөнсіз әрекеттеріне қарсы тұру үшін олар Ислам дінін күшейту туралы бәтуаға келген екен. Аманбай қажының немересі Сейдазым оларды тізімге алып, соңына куәгер ретінде Бөрібай қалпе, Бөлтай Қожамұратұлы және өздері қолдарын қойыпты. Бертін келе бұл тізім Ферғанадағы Назрулла молданың мұрағатынан табылады. (Көлбай  Адырбекұлы).

Мұхиттың баласы Мұсаның айтуы бойынша, әкесі балаларына қатал болған. Олардың мінін бетіне басып айтып отырған. Бірде оларды қазқатар отырғызып қойып: «Осы Мұсадан ештеңе шықпайды» депті. Онысы өнерден, ән-күйден құр алақан, хабары жоқ дегені екен. «Әкемнің айтқаны орынды» депті Мұсекең жымиып. (Қ.Хасанов). Мұхит екі әйел алған екен. Бірінші әйелінің аты – Ермек, Жәңгір төренің қызы. Мекені Тұщыкөл, Сарой. Ол кісіден Шоң, Шәріп, Нәу туған. Екінші әйелі Зылиха өмірге 12 перзент әкелген. Олар – Мұса, Ажар, Әйіп, Салық, Әнуар, Қалыбай, Сағидолла, Жамиға, Ғайни, Сұлтанғали, Мағалым, Бағдакен (1944 жылы қайтыс болған). Шоңнан екі бала туған – Ғұбайдолла, Лұқпан. Мұхит Мұхиттың 18 шөбересі, 48 неменесі, 25 шөпшегі бар. 1918 жылы 15 наурызда (жаңаша 28 наурыз) қайтыс болған.

«...Кім білер, кімдер келер,  мейірім қанар,

Рухым өшкен менің   қайтып жанар.

Ән салып Мұхит бабам өтіпті-ау деп,

Кейінгі ұрпақтарым есіне алар»  деп өткен Мұхит бабамыздың елі мен жұрты аман тұрғанда әні өлмейді, рухы өшпейді!

Серік Абдрахманов,

Ә.Қашаубаев, Ғ.Құрманғалиев атындағы республикалық әншілер байқауының  лауреаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале