1.12.2021, 9:52
Оқылды: 57

Музей жәдігерлерімен танысты

Оралдағы қалалық білім беру бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс орталығында түрлі үйірме жұмыс істейді. Ұл-қыздарымызға қосымша білім беріп, болашаққа жол сілтейтін мұндай үйірмелердің пайдасы көп. Жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ұлттық валюта күніне орай «Жас тілші» және «Жас тележүргізушілер» үйірмелерінің балалары облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, таным көкжиегін кеңейтіп қайтты.

InShot_20211201_095217908

Ақ Жайық өңірінің өткен тарихымен, өркениетті мәдениетімен таныстыратын тарихи-өлкетану музейіндегі ұлттық валюта – теңге тақырыбындағы жәдігерлер оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Тәуелсіздік алған кездегі алғашқы қағаз және мәнеттік теңгелердің дизайны жайында музей қызметкері  мол мағлұмат берді. Шәкірттердің ерекше ықыласы ауған жәдігерлердің бірі – «Жайық» қалашығынан табылған көне бұйымдар болды. Еліміз егемендік алғаннан бері өңірдегі ірі ғылыми жаңалық –  көне қалашықтың ашылуы. Орал қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан, XIII-XIV ғасырларда  іргетасы қаланған Жайық қалашығының орнынан табылған нумизматиканың үлгілері, құрылыс, тұрмыстық заттар тарихи дәйек ретінде көрсетілді. Бұдан басқа балалар Тақсай ханшайымының тұтынған бұйымдарына ерекше қызығушылық танытты.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале