1.12.2021, 9:26
Оқылды: 51

Кент көркейіп келеді

Орал қаласының батыс бөлігінде орналасқан Зашаған кентінің құрылғанына келер жылы жарты ғасыр толмақ. Қазіргі таңда 10 мың гектарға жуық аумақты алып жатқан кентте 12  шағынаудан және 2 елді мекен орналасқан.  

01732DB4-9B46-4C4C-A507-2183B3946441

Зашағанда мәдениет үйі ашылмақ

Тәуелсіздік таңы атқаннан соң ауылдағы ағайын қалаға қарай қоныс аудара бастағаны белгілі. Оралға келгендердің біразы осы Зашағанда тұрақтады. Сөйтіп, кент тұрғындары саны жыл өткен сайын өсіп келеді. Жыл басындағы статмәлімет бойынша мұнда 62 мың тұрғын тіркелсе, қазіргі уақытта 68 мыңға жуықтаған.

– Егемендіктің 30 жылы ішінде кент аумағында 5 орта мектеп, 4 балабақша, 3 ем­деу мекемесі ашылып, қолданысқа берілді. Кенттегі тұрғындар санының өсуіне орай жыл сайын жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде. Мәселен, былтыр «Сарытау» шағын­ауданында жаңа мектеп салынса, биыл мамандандырылған олимпиада резервтерін дайындау спорт мектебі бой көтерді. Алдағы жылы «Болашақ» пен «Балауса» шағынаудандарында жаңа мектептердің құрылысы басталмақшы. №30 мектеп жанынан бір кәсіпкер өз қаражатына білім ұясын тұрғызбақшы. Енді медколледж аумағынан бір оқу орны бой көтерсе, кенттегі мектеп жетіспеушілігі мәселесі күн тәртібінен түсер еді. «Көктем» шағынауданынан ғимарат салып жатқан жеке кәсіпкер бітірген соң оны мемлекетке жалға бергісі келеді. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса, мұны біз мәдениет үйіне айналдыруды жоспарлап отырмыз.  Жалпы, кент аумағында 500-ге жуық ірілі-ұсақты бизнес нысаны жұмыс істейді. Бизнес өкілдері өз қаражаты немесе мемле­кеттік қолдау аясында жеңілдетілген несиелер алу есебінен түрлі кәсіп ашып, өнім өндіріп, тұрғындарды жұмыспен қамтуда. «Жекпе-жек» спорт кешені мен биыл қолданысқа берілген спорт мектебі зашағандықтардың салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беруде. Сондай-ақ кейбір көп қабатты үйлердің аулаларындағы спорт және балалар ойын алаңдары да, М.Мөңкеұлы көшесіндегі және №20 мектеп жанындағы тынымбақтар да тұрғындардың спортпен шұғылдануына, бос уақыттарын тиімді өткізуге өз септігін тигізуде, – дейді Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров.

Кентте ұзындығы 157 шақырымды құрайтын 172 көше бар. Бүгінде сол көшелердің біразы жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке еніп жатыр. Биыл ағымдағы жөндеу аясында 17 көше жолдарындағы жалпы көлемі 4016 шаршы метр болатын шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізілген. Әзірбайжан көшесі және медициналық колледжі аялдамасы жанынан 300 метрлік жаяу жүргіншілер жолы салынды. Ал 2020-2021 жылдары Ә. Бөкейханов көшесі, М. Мөңкеұлы көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейін жолдар күрделі жөндеуден өтті. Жуырда 25-ші Чапаев дивизиясы көшесінің жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Ішкі маршрут автобус мәселесін шешеді

Аққали Әубекеровтің сөзіне қарағанда, кенттегі өзекті мәселенің бірі «Зашаған» бау-бақша серіктестігіне қатысты. Нақтылап айтқанда, тұрғындар арасында «Құс фабрикасы» аталып кеткен ауданды қала аумағына қосу жайы әлі шешімін тапқан жоқ. Біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселені жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес. Тарқатып айтар болсақ, серіктестік аумағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мәртебесіне ие. Заңнамаға сәйкес мұндай жер қала аумағының құрамында бола алмайды. Оның мәртебесін өзгерту үшін үкімет қаулысы қажет. Сондықтан жергілікті атқарушы билік тарапынан бұл мәселе туралы тиісті құрылымдарға құжаттар жолданып, Парламент депутаттарына айтылған. «Серіктестік тұрғындары тарапынан ондағы жолды жөндеу туралы көптен айтылып келе жатыр, – дейді Аққали Үмбетқалиұлы. – Алайда бұл аумақ қалаға кірмеген соң мұндағы көптеген мәселені шеше алмай отырмыз, оның ішінде жол да бар. Дегенмен де қолымыздан келгенінше осы аумақтағы аутобус жолын ғана ретке келтіргендей болдық».

59DEEB31-CA49-469A-8A71-EF37230F60A1

Автобус демекші, қоғамдық көлікке қатысты мәселе Зашаған тұрғындары тарапынан жиі көтерілетіні белгілі. Кент әкімімен сөйлескен кезде осы түйткілді де айналып өте алмадық. Аққали Әубекеров кенттің ішкі маршруты жасалса, бұл мәселе толық болмағанымен біраз шешілетінін мәлімдеді. Егер бұл жоба жүзеге асса, аутобустарды екі бағытта, яғни «Балауса» шағынауданынан №30 мектеп аялдамасына (пост) және «Сарытаудан» «Жазира» аялдамасына дейін жүргізу ойда бар. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, биыл Жәңгір хан, Құлагер, Қамбар батыр көшелеріне, Саратов тасжолы бойына, Бортау елді мекеніне қоғамдық көліктер тоқтайтын 12 жаңа аялдама қойылған екен.

Енді жарықтандыру жайына келейік. «2020-2022 жылдарға арналған Орал қаласының көшелерін  жарықтандыру желілеріне қызмет көрсету және модернизациялау»  жобасына сәйкес жүріп жатқан жұмыстар кенттің сән-салтанатын келістіруде. Ресми мәліметке сәйкес жыл басынан бері кент аумағындағы 475 ескі жарықшам жаңаланыпты. Ал демонтаждалғандар кент аумағындағы жарықшамы жоқ жерлерге орнатылуда. Биыл 115 дана жаңа жарықшамдары Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, Аяз би, Б.Қаратаев, Қазтуған, Бөкен би, Қамбар батыр, C.Асфендияров, Асан қайғы және басқа да көшелерге, Бортау елді мекеніне қойылыпты. Орал – Саратов  тасжолы бойына, Жәңгір хан, Брусиловский көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағына доға пішінде 12 дана көше жарықшамы орнатылды. Қазіргі таңда Жәңгір хан, Рахимов, Брусиловский көшелерін, Орал – Саратов  тасжолы бөлігін (айналмалы жолақ) жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.

Кентті дамытуға қатысты тағы бір-екі жайтты айтып өткім келеді. Оның біріншісі, қоғамдық тәртіпке қатысты. Кент аумағында спорт, балалардың ойын алаңдары салынып, жаңа орындықтар қойылып, түрлі абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алайда оларды бүлдіру деректері орын алып тұрады. Сол себепті орталық көшелерге, халық көп жиналатын жерлерге бейнекамералар қою, полиция жасағының санын арттыру маңызды. Екіншісі, кент аумағынан коммуналдық мекеме-кәсіпорындардың бөлімшелері ашылса екен дейміз. Мәселен, қыста, лайсаң мезгілдерде «Жайық таза қаланың» техникалары келіп болғанша біраз уақыт өтеді. Бұл «Батыс су арнасы», «Жайықжылуқуат», «БҚ ЭЖК», «ҚазТрансГаз Аймақ» кәсіпорындарына қатысты. Біз өз тарапымыздан оларға орын беруге, басқа да қажетті жағдайларды жасауға дайынбыз, – дейді Аққали Әубекеров.

Жаңадан салынғалы жатқан «Ақжайық» шағынауданы да аталмыш кентке қарамақшы. Облыс орталығының дамуына жаңа серпін беретін бұл шағынауданның өзі-ақ кенттің жарқын болашағынан хабар бергендей.  

 Сәкен Мұратұлы

 zhaikpress.kz

Тілекқабыл Ерназаров,

Зашаған кенті ардагерлер кеңесінің  төрағасы:

 – Бүгінгі таңда кентте құрылыс қарқынды жүруде. Тұрғын үй, білім мекемелері жақсы салынып жатыр. Енді емдеу және мәдениет нысандары бой көтерсе екен дейміз. Себебі №6 емхананың және медколледж жанындағы оның бөлімшесінің тұрғындарды емдеу, саулығын жақсарту бағытындағы қуаты толық жетпей тұр. Ал мәдениет мекемесі атаулысынан №20 мектептің жанындағы кітапхана ғана бар.  Оралдықтардың 15-20 пайыздайы тұратын кент үшін бұл өте аз екені белгілі ғой. Сондай-ақ кент аумағынан әлеуметтік дүкендер ашқан дұрыс. Азық-түлік бағасы шарықтаған қазіргідей сәтте осынау дүкендердің  пайдасы болары анық.

 Ернұр Ізімов,

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың  студенті:

 – Мен Зашаған кентінде дүниеге келдім. Әлі күнге дейін осында тұрамын. Бұл жақтың ауасы, халқы бәрі маған ұнайды. Бала кезімдегі жағдаймен салыстырғанда, яғни жиырма жыл ішінде кентте көп нәрсе өзгерді. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында көп жұмыс жасалды. Алайда әлі күнге дейін шешілмеген мәселе аз емес. Солардың ішіндегі ең өзектісі – қоғамдық көлік жайы. №7 аутобустың маршруты «Балауса», «Болашақ», «Көктем» шағынаудандарын қамтитын болғандықтан, ылғида іші лық толы болады әрі аралары ұзақтау. Тұрғындар орталықтағы оқуына, жұмысына жету үшін біраз уақыттарын кетіреді. Екінші мәселе, қолайсыз ауа райы кезінде жарық  жиі әрі узақ уақытқа сөніп қалады. Сондай-ақ шағынаудандарға кешкілікте  серуендеп, демалатын орындар салынса екен дейміз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале