1.12.2021, 14:40
Оқылды: 59

Елбасы халықпен тағдырлас, мұңдас, сырлас, тыныстас

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Бәйтерек ауданына бірнеше мәрте келді. Тұңғыш Президентіміздің елге келуі үлкен оқиға. Бәйтерек ауданына келген сапарында Елбасын қарсы алып, оған елдің жайын жеткізу бақыты сол шақтарда ауданды басқарған Ғайса Қапақовқа бұйырыпты. «Ауыл тынысы» газетіне берген арнайы сұхбатында Ғайса Хамидоллаұлы Нұрсұлтан Әбішұлымен болған кездесулері туралы естелігімен бөлісіп, Елбасының бастамасымен қолға алынған аудандағы ірі жобалар жайында айтып берді.

Тұңғыш Президент күніне орай оқырманға Ғайса Хамидоллаұлының сұхбатын ұсынбақпыз.

IMG-20211201-WA0005

-Елбасымен жүздесу бақыты бұйырғандардың бірі өзіңізсіз. Сөзімізді осыдан бастасақ, алған әсеріңізбен сол кездегі ауданның тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз?

-Мен Бәйтерек ауданында әкім болып қызмет атқарып жүрген кезде Елбасы жұмыс сапарымен осы ауданға үш рет ат басын бұрған еді. Алғашқы Дариян ауылында болған кезде, Елбасы сайлауалды бағдарламасы аясында халықпен кездесті. Ол кезде Дариян ауылында сегіз мыңнан астам халық сапқа тұрып, ол кісіні асқан ілтипатпен күтіп алды. Сол кезде Елбасы мінберде сөз сөйлеп, өзінің сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, жиналған халыққа ешқандай шектеу қойған жоқ. Елбасының қарапайымдылығы барша халыққа сөз еркіндігін, ой еркіндігін бере отырып, мінберде өз ойларын еркін жеткізуге рұқсат беруі таң қалдырды. Содан кейін ол кісі Михаил Шолоховтың музейіне бас сұғып, өзінің қолын қойды. Ондай тарихи сәтке де куә болдық. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған көрмеге қатысып, өзінің оң бағасын берді.

Одан кейін 2007 жылы аудандағы егіс алқабының жәй-күйімен, атқарылып жатырған жұмыс барысын көру үшін тағы да жолы түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Белес ауылындағы белден асатын ұзындықта өсіп жатқан қара бидайдың арасына кіріп көріп, егініміз көп болсын деген батасын берді. Содан соң шағын автобусқа мініп ары қарай бақылауға шыққанда, Елбасы мені қасына отырғызып алып, ауылдың тыныс-тіршілігін, жәй-күйің жасырмай айтуымды сұрады. Сол кезде Белесте диірмен салынып, ауданда құс фабрикасы, шошқа фирмасы салынып жатқан сәттердің куәсі болды. Қазір Бәйтеректің дамыған ауданға айналуы, сол кезеңдердегі кемеңгер көшбасшының тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

2011 жылы Бәйтерек ауданында су тасқыны болғанын көпшілік қауым ұмыта қоймаған шығар. Сол жылы үйлері суға кетіп, одан қалды баспаналары  қирап қалған отбасыларға көмек көрсету үшін, Үкіметтің арнайы тапсырмасымен екі айдың ішінде Мұнайшы ауылында 104 баспана бой көтерді. Міне сол кезде Елбасы игі істің ашылу салтанатына келіп, жаңа қонысқа ие болған отбасылардың үйіне кіріп қуаныштарына ортақтасқан еді. Сол сәтте Елбасының халықпен тағдырлас, мұңдас, сырлас, тыныстас екеніне тағы бір мәрте көзім жетті.

-Елбасының тапсырмасына сай ауданда бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырдыңыз, сол туралы айтып берсеңіз?

-Елбасының елді басқарудағы озық идеялары мен сындарлы саясатының арқасында біз қилы-қилы замандарды, тар жол тайғақ кешкен зұлматты кезеңдерді артқа қалдырдық. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы тарыдай шашылған қазақтың басын бір жерге біріктірген көшбасшы.

Елбасының барлық тапсырмаларының сапалы жүзеге асуының нәтижесінде бүгінде Бәйтерек ауданы әл-ауқаты дамыған, жаңа нысандар мен жолдары салынған, кәсіп пен шаруашылық жасауға, тың идеяларды жүзеге асыруға ыңғайлы жерге айналды. Қазір әр ауылда жағдай жасалғандығы соншалық, тәуелсіздіктің жақсылығы тимеген ауыл жоқ деп үлкен сеніммен айтар едім.

IMG-20211201-WA0006

Сауалыңызға бір ғана мысал, сол жылдары Елбасының тапсырмасымен Бәйтерек ауданында алғаш салынған емханада, бір науқасқа дәрігерлер шұғыл түрде операция жасаған болатын. Сол кезде біздің ауруханада сапалы құрал-жабдықтар болғандықтан, дәрігерлер өте қиын операцияны сәтті жасады. Кейін осы операцияның нәтижесімен Мәскеуге барып тексерілген кезде, ондағы дәрігерлер қарапайым ғана ауылда сәтті жасалған операцияны көріп таң қалған. Міне Елбасының еңбегі сол. Қарапайым ауылға да білікті дәрігерлер келе бастады. 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасы аясында салынған аудандағы аурухана осы күні өңіріміздегі ең мықты емдеу орталықтарының біріне айналды.

 

-Аға, өзіңізде мемлекеттік қызметте жүргеніңізге ұзақ жылдар болды. Елбасымен кездескен кезде ол кісінің бойынан үлгі етер қандай қасиеттерді байқадыңыз?

Screenshot_20211201-114506_Gallery

-Елбасымен бірнеше кездесулерде болған кезде ол кісінің қайсар рухы терең ақыл-парасатымен, халыққа деген адал еңбегімен, адамдық кемелдігімен, парасат пайымы қарапайым қасиетімен ұштасып жатқанына көзім жетті. Ешқашан ол кісінің қатқыл мінезін байқаған емеспін. Қарапайым ғана шындықтың өзің әзілмен астарлап отырып жеткізетін. Бірде Белестегі егіс алқабын көру үшін шағын автобуспен ауылға кіріп келе жатқанда, белестік ағайынның шақырайған күннің астында Елбасыны күтіп тұрғанын көріп әзілдегені әлі есімде. Сонда  Елбасы маған қарап, «Ғайса, біз өзіміз жаратылысымыздан қап-қара қазақ едік, сен одан сайын халықты күнге күйдіріп қойыпсын ғой»,- деп әзілдеді.

IMG-20211201-WA0007

Бір байқағаным, Елбасының бойында бір құдірет пен қасиет бар секілді көрінді. Елбасы жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданына келетін күні түнімен тоқтамастан толассыз жауын жауды. Біз түнімен жауын мен балшықтың арасында жүріп тікұшақ қонатын аймақты әзірлеумен жүрдік. Ертесіне ауданда көзге көрінбейтіндей тұман пайда болды. Қасымдағы ұжыммен бірге енді тікұшақ біз дайындап қойған аймаққа қалай қонар екен, байқаусызда балшыққа қонса не болады деп сары уайымға салынғанымыз, сол-ақ еді. Тікұшақ қонар алдындағы 10 минут ішінде аспан шайдай ашылып, тұман сейіліп, бұлт қақ айрылып ажыратылып ішінен тікұшақ атып шықты. Арнайы аймаққа сәтті қонған тікұшақ ішінен Елбасы жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, ақ маңдайы жарқырап келіп түсті де жылы шыраймен амандасты. Біз қатты таңғалғанымыз соншалық, бейне бір сол мезетте біреу оларды қолымен әкеліп қондырғандай, таңданып әрі тамсана қарап қалдық. Мұның өзі де Елбасымызды үнемі қолдап, қорғар Тәңірдің рахымы шығар деген ой түйдік.

-Бірінші желтоқсан Қазақстан Республикасының тұңғыш Президент күні мерекесіне айтар тілегіңіз болса.

IMG-20211201-WA0008

 

-Шыныменде, Елбасы халқын қиын заман көпірінен аман алып шыққан, тарих толқынында өшпес із қалдырған, елінің жанын ұғатын, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, елің, жерің, ұлтын жән-тәнімен сүйетін, халықтың үкілеген үмітін ақтаған абыройлы азамат. Елбасы алдағыны болжай отырып аса сақтықпен елімізді өркениетті елдердің әл-ауқатымен терезесі тең дәрежеге жеткізіп, қабырғалы елдердің қатарына қосты. Алпауыт елдер сырттан сығалап тұрғанда, ел ішінде адам түсініп болмастай оқиғалар орын алып жатқанда да, Елбасы асқан көрегендікпен, көсемдікпен елдің еңсесін лезде жия білді. Елбасының сөзімен айтсам, «Қазақ тарихында, қазақ ұялатындай ештеңе жоқ». Шынымен де біз өткені жоқ, бұлдыр болашағы бар мемлекет емеспіз. Бізде ата-баларымыз сыйлаған егемендік пен ұлан байтақ жер бар, ел бар, салиқалы да саналы ұрпақ бар. Біз осымен бақыттымыз! Қазақстан қарыштай берсін, асқақтай берсін. Егемендігіміз мәңгілік болсын. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына бейбіт заманда ел аман, жұрт тыныш болып ғұмыр кешейік.

Сұхбаттасқан

Альбина Бәтенова,

Бәйтерек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале