3.12.2021, 11:00
Оқылды: 19

Сауатсыздық сан соқтырмасын...

Тіл мәселесіне келгенде бейжай қарайтындардың санатынан емеспін. Себебі кішкентайымнан қазақ тілі мен әдебиетін жаныммен сүйіп, сол саланың жауһар, маржандарын теріп өскен жастың бірімін. Біз секілді жас толқынға бағыт беріп, үлгі болатын ұстаздарым мен аға-әпкелерім білімге, сауаттылыққа баулыды, талпынысыма қарап қанаттандырып, үміт берді. Сөз құдіретін түсінетін, сыйлайтын, шешен сөйлейтін үлкендердің алдында жауапкершілік жүгі-нің жеңіл еместігін сол кезден бастап балалық жүрегіммен түсінгендеймін. Оған дәлелім – түртіп жүрген шағын шығармам һәм ойларым, шумақтарым еді. Ойымның дөп түсуі өз алдына, сауатты жазылған деп айту үшін жазған шатпағымды он түзеп, жазба нұсқамды жүз шиырлайтынмын. Еңбегіме сай бағасын да алдым. Сын түзелмей, мін түзелмесі анық.

46C2F882-B1B3-4A99-959F-2F70C07472D3

Ал қазіргі жастар үлкендердің сынын жанашырлық деп қабылдайды ма? Әй, қайдам?!. «Артық білім кітапта» екенін біле тұра, кітап оқуға құмартпайды да.

Оқитындарынан көретіндері, жазатындарынан жарысатындары көп болса, өресі қалай өспекші? Газет-журнал, кітап оқуға құлшынысын смартфонға айырбастап, бас көтертпейтін болып барады... Қазір бесіктен белі шыққан сәбиден бастап, еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіге телміретіні жасырын емес. Желінің пайдасы шаш-етектен болғанымен, зиян, кереғар тұстары да молынан табылады. Ең өкініштісі, қателіктерге толы мәтіндердің көптігі. Жөндеуден ада, сұрыпталмаған тауар секілді, редактор мен корректорлардың сүзгілерінен, қырағы көздерінен өтпеген мақалаларды да көзіміз шалып қалады. Кей жазбалардың астындағы пікірлерді қарайтын болсақ, тіпті, көңілің құлазиды. Қателіктерден көз сүрініп, сөйлем құрылысының жүйесіздігінен бетің қызаратын дәрежеге жеттік. Мұндай құлдырауға не түрткі болды? Әлде немқұрайлылық па? Немесе қазақша жазуға ерінгендік пе? Түсінген адамға бұл – үлкен мәселе, өзегің өртенетін тақырып. Оны қойшы! Күнделікті пайдаланып отырған «WhatsApp»,  «Instagram», «Facebook», «ВКонтакте» желілеріндегі жазбалар,  пікірлер, тілдесулерді айтсаңызшы! Жөнді жазудан қалып, қай жаққа барамыз осы?! Орыс қаріптері мен латын қарпін өз ана тілімізден бұрын қоятындығымыз сол смартфонды қолға алғаннан бастап белгілі болады. Себебі телефон тілінің өзі көбінде орысшада тұратындығы жасырын емес. Ал жазу пернетақтасына қазақша қаріпті енгізетіндер қатары көп еместігіне көзім жетіп те жүр. Бұл сонда ана тілімізден жирену ме, немене? Төмендегі диалогқа көз жүгіртіп көрелікші:

- Салам. Кал калай?

- Салем. жаксы. озин

- Шүкір жақсы. Маған бир комегин керек еді, колың бос па?

- Айта бер. Не болды?

- Не ғо... хмммм. Калай айтсам екен. Карызга тиын бар ма?

- Мә, пока бомай жатыр. Дым ренжме.

Төл әріптерімізді қолданбай, дәл бұлай жазу қадірлемеу һәм тілімізді менсінбеу деп түсінемін. Соңғы кезде «қате жазу» әдетке айналды. Тіпті жиілеп кетті. Сөйлемнің көркемдігі жойылып, оқуға да оғаш, көзге де сұрықсыз көрініп тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Екінші мәселе – жастардың орыс тілінен сөз алып, тілімізді шұбарлап, зиян тигізуі. Өз тілімізде таза, тұнық сөйлесу жат болып барады. Бұл да бір сәнге айналғандай. Мысал келтіре кетсем:

«Сохранить ет» - сақта, «копировать ету» - көшіру, «удалить ете сал» - кетір, тағы да басқа.

Үшінші қателік – жазып отыруға ерініп, сөздерді қысқарту немесе дауысты дыбыстарын түсіріп жазу. Мысалы: сәлем-слм, қалайсың-каксын немесе каксн, өзің-озн, нормально-норм, не істеп жатырсың-нестеватсн, отырмын-отрм, рахмет-раха немесе орысша спасибо-спс, тағы басқа.

Төртінші жайт – қазақ тілінің қ, ғ, ң, ә, і, ү, ұ, ө тәрізді төл әріптерінің қолданылмауы. Әлеуметтік желілерді пайдаланатын жастардың басым көпшілігі жоғарыда аталған әріптерді алмастырып, қазақ тіліндегі сөздерді жетімсіретіп қолданатыны жасырын емес. Желіні қолданушылар көп жағдайда қазақ әріптерін орыс графикасында бар таңбалармен алмастырып қолдануды және латын графикасындағы таңбалармен жазуды үрдіске айналдырып келеді. Яғни оқушы жастар кейбір сөздердің графикалық формасын қалауына қарай өзгерте береді. Жоғарыдағы әріптерді қолданып жазатындардың қатары бірен-саран. Мұны жастардың өзі де мойындайды.

- Әлеуметтік желілерде хат жазғанда қазақ әріптерін қолданбайтынымды жасырмаймын. Маған орыс тілінен қазақ тіліне ауыстырып, барлық сөзді орфографияға сай жазу қиындау. Сондықтан өзіме ыңғайлы жолмен жаза беремін. Ол үшін әлеуметтік желіде мені ешкім сынға алмайды. «Салем», «калайсын?», «жаксы», «бари дурыс» деген сөздерде қазақ әріптері алмастырылғанымен, қазір бізге бұл сөздердің дұрыс жазылуы осындай секілді болып көрінеді. Өйткені біздің көзіміз осыған үйреніп кеткен, – дейді әлеуметтік желіні күн сайын қолданатын жастардың бірі – Дәулетбек Ысқақ. Байқағанымыздай, бұл мәселеге бас ауыртатындар көп емес. Бесінші мәселе – орфографиялық және пунктуациялық қателер, ауызекі тіл элементтері, сөйлемдердің қысқаруы, сөздердің орын алмасуы. Мұндай қателіктер интернет қолданушыларының арасында бұрыннан қалыптасқан жағдай болғандықтан, оны өзгерту де қиын. Бірақ бұған көз жұмып қарауға мүлдем болмайды. Өйткені ғаламторды пайдаланушылардың қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтамауы жастардың сауатсыздыққа бой үйретуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Ғаламторда әдеби тілдің нормаларын сақтап отырып сөйлесу мүмкін еместігі түсінікті. Кей мамандардың айтуынша, ғаламтордағы қарым-қатынас тіліндегі біз атап өткен қателіктердің орын алуы – заңдылық көрінеді. Ғаламтор тілі тез әрі жылдам қарым-қатынасқа қолайлы тіл. Оның басты ерекшелігі де осында. Сондықтан әдеби тіл норма-ларын интернетте сақтау міндетті деген қате пікірді қолдайтындардың қатары көп.

Тағы да бір айтпағым, кей жастардың сөйлем құрай алмауы, сөздерінің байланысы жоқтығы, көркем әдебиет, газет-журнал оқымауында деп есептеймін. Оқыған адамның жазған сөзінен оның деңгей-дәрежесі көрініп тұратындығы мәлім. Оқымаған соң ойсыз адам, «дайын асқа тік қасық», «көшіруші» шықпағанда кім шығады?.. Сондықтан да сауаттылыққа аса назар салуымыз керек әу бастан. Кітап, газет-журнал парақтайтын саналы, сапалы, сауатты, алып-қосары бар тұлға тәрбиелеу үшін қазірден бастап бесігімізді түзейік, ағайын! Өзіміз де таза сөйлеп, қатесіз жазуға талпынайық!

Алтынбек Серікқалиұлы,

[email protected]

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале