3.12.2021, 12:22
Оқылды: 41

«Үміт» қойылымы сахналанды

Кеше Казталов ауданы Бостандық ауылдық мәдениет үйінде «Үміт» қойылымы сахналанды. Заманның ащы шындығын суреттеген, отбасылық өмірдегі оқиғаларды баяндаған қойылым халықтың жүрегінен орын алып, тебірентті. Қойылымды тамашалауға аудан әкімі Альберт Есалиев, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова арнайы барып, жоғары баға берді.

A0F00143-F723-459F-A0BA-CEA237C8625F

Қоғамдық резонанс туғызып жүрген мәселелерді қазақ мәдениетімен байланыстыра отырып, заманауи үлгіде сахналаған қойылымның режиссёрі де, сценаристі де Мержан Серіков. Ата-ана мен баланың қарым-қатынасын, бір ғана отбасының өмірі арқылы қазақ қоғамының бүгінгі күйін театрсүйер қауымға жеткізе білген Мержан Бауыржанұлы режиссёрлықпен 2015 жылдан бері айналысып келеді екен.

-Алғаш 2015 жылы «Бабалар аманаты» деген қойылыммен театр шымылдығын аштық. Бүгінгі уақытқа дейін ауыл өмірі, махаббат, қоғам шындығы хақында бірқатар қойылымдарды қойдық. Бүгін болған оқиға желісіне негізделіп, қиялмен ұштасып жазылған «Үміт» атты қойылымның тұсауын кесіп отырмыз. Спектакльге ауыл азаматтары қатысты. Халықтың көңілінен шықты деген ойдамыз, - деді жас режиссёр.

Мержан Бостандық орта мектебі жанындағы мектеп-интернаттың аға тәрбиешісі. Қолы қалт ете қалса мәдениет үйінің киелі сахнасынан табылып, түрлі ойға шомып, ойын жүзеге асырады-мыс. Ол өнерге ауыл азаматтарын да баулып, уақыттарын тиімді өткізуге, ауыл халқының өнермен сусындауына бар күш-жігерін салуда.

A403FECD-406D-4B19-8993-A72CA23F29BC

Мержан Бауыржанұлының еңбегі еленбей қалмады. Аудан әкімі Альберт Темірболатұлы өз ризашылығын білдіріп, сәттілік тілеп, алғысхат табыс етті. Сондай-ақ Мержанға С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған Халықтық театрдың алғысхаты да табысталды. 

Бекарыс Әбіш,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале