3.12.2021, 11:50
Оқылды: 34

Министр ауыл шаруашылығындағы негізгі проблемаларды жариялады

Бүгін Сенаттағы парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев саладағы негізгі проблемаларды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

17

«Ең алдымен, осы жылдың 10 айында саланың даму қорытындылары туралы қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер. Осы кезең ішінде саланың жалпы өнімінің көлемі 2,3%-ға төмендеп, 6,4 трлн теңгені құрады.

Себебі - биылғы аномалды құрғақшылық. Соның салдарынан өсімдік шаруашылығының өнімі 6,1%-ға азайды. Ал мал шаруашылығында өнім 3,7%-ға, тамақ өндірісінде 3,6%-ға өсті. Саланың негізгі капиталына құйылатын инвестициялар тұрақты түрде өсіп, олардың жалпы көлемі 41,9%-ға көбейді, бұл көрсеткіш тамақ өнеркәсібінде 5,9%-ға артты», - деді Е. Қарашөкеев «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау болады.

Оның пайымынша, сала әлі де болса тәуекелі жоғары, табиғи-климаттық жағдайларға тәуелді болып отыр. Оның негізгі себептері – техникалық және технологиялық артта қалушылық пен өндірістегі экстенсивтік әдістердің басымдылығы.

«Атап айтсам, өсімдік шаруашылығы әртараптандыруды аяғына жеткізуді қажет етеді. Онда қолданыста артта қалған агротехнологиялар әлі де болса басым, ауыспалы егіс қағидалары дұрыс сақталмайды, топырақ құнарлылығы төмендеуде. Осының бәрі жер процестерін бақылаудың жетік тетіктерінің әлі де болса жоқтығынан болып отыр. Сонымен қатар, селекцияның ескірген әдістеріне негізделген тұқым шаруашылығы жүйесі де уақыт талаптарына сай емес және соның салдарынан тұқымдар бойынша импортқа тәуелді болу қаупі бар», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, мал шаруашылығының негізгі кемістігі – ол саланы жем-шөп базасының мүмкіндігіне қарамай дамытуында. Елімізде мал азығы зоотехникалық нормадан 2 есе аз өндіріледі. Жайылымдардың 20%-дан 60%-ға дейінгі бөлігі тозған, ал жайылымдық алқаптардың 42%-ы суландырудың жоқтығынан пайдаланылмауда.

«Ветеринария саласында да кемшіліктер бар. Ауылды жерлерде ветеринариялық қызмет көрсету тиісті деңгейде дамымауда. Бұл салаға цифрландыру істері әлі де болса жетпеген, мамандар қағазбасты жұмыстан арылмаған. Сонымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктердің аражігін толық ажырату қажет. Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төменгі деңгейде», - деді ведомство басшысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале