Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елге жолдаған Үндеуінде «Елдіктің жеті тұғырын» санамалап көрсеткеніне Қазақстан халқы куә. Олар: тәуелсіздік, бірлік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм.
Осынау бір жеті тұғырды құлатпай, мәңгілік елдің іргетасы ретінде қадірлеп, қасиет тұту өскелең ұрпақтың арқасына артылған үлкен аманат деп бағамдаймын. Талай ғасыр бойы ата-бабаларымыз арман еткен тәуелсіздік пен береке-бірлік қашан да қасиетке ие. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, сызып, шегелеп кеткен қасиетті жердің әр уыс топырағы алтынға бергісіз байлық. Өскелең ұрпақты адамгершілік пен иманның жолында тәрбиелеп, салиқалы, саналы, өрелі, елін сүйетін патриот ретінде қалыптастыратын алғашқы фактор отбасы болса, сол отбасының берекесін сақтап, ұйыстыратын салт-сана екені даусыз. Ұлтымыздың рухани байлығы – мәдениетіміз бен әдебиетіміз. Осының барлығы да адам жанына сәуле түсіретін құндылықтар. Жаһандану заманында өмір сүріп жатқан еліміздің алға қарай қарыштап дамуының алғышарты білім болса, сол білімді игілік жолына пайдалануға прагматизм түрткі болады. Жеті тұғырдың барлығы да бір арнаға түйісіп, өз мәнін жоғалтпаса, уақыт өткен сайын құндылығы арта түссе, міне, нағыз рухани жаңғырған мәңгілік елге айналамыз. Осы жолда еліміздің жалынды жастары мен келер ұрпақ қызмет етсе, ұлтымыз бір арнаға ұйысып, дамығын, даңқы әлемді шарлаған іргетасы мықты мемлекет боларымыз һақ.
Қазақстанның елдік құрғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осындай тарихи сәтте жолданған бұл үндеу халқымыздың санасының сілкінуіне өз әсерін береді деген түсініктемін. Жеті тұғырды бағындырған мәңгілік елге айналып, тәуелсіздігіміз баянды болсын!
Азамат Бақиев,
Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі