7.12.2021, 15:15
Оқылды: 77

Кемел келешектің кепілі

Биыл Алаш баласын шексіз қуанышқа бөлеген, арманымызды ақиқат еткен, іргелі ел, дербес мемлекет екенімізді əлемге жария қылған Тəуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығы.

А.ТАҒАНИЯЗОВ

Еліміз осы ширек ғасырдан сəл асатын қысқа мерзімде Ұлы даланың зеңгір көгіндей көк Туымызды көкке көтеріп, елдіктің көшін түзеп, жүзжылдықтардың еншісіндегі тарихи үдерістерді абыроймен өткерді. Тəуелсіздіктің əрбір таңын қуана қарсы алып, əр күнін қажырлы еңбекпен, еңселі ерлікпен өрнектеген Қазақстан жаһан жұртшылығына алуан ұлысты бір шаңырақта ұйытқан жерұйық мекен ретінде танылды.

Бүгін міне ынтымақ, бірлік, татулық салтанат құрған елдің мəртебелі биігінде, мерейлі белесінде тұрмыз. Осы жылдар бедерінде тағылымы мол, тамыры терең дəстүріміз жаңғырып, әр алуан мəдениетін байлығына балаған, татулығымен ту алған жасампаз қоғам қалыптасты.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Батыс Қазақстан облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының іс-шаралар жоспары аясында Шыңғырлау ауданында да ұлттық ат спорты түрлерінен бұқаралық спорттық шаралары өтіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік дәуірі» тақырыбында кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай «Рәміздер - елімнің мақтанышы!» тақырыбына дебат, сынып сағаттарын, ток-шоу, викториналар ұйымдастыру жалғасын табуда. Сонымен қатар Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен тақырыптық кездесулер ұйымдастыру және өткізу сынды шаралар оздырылуда.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі - еңсесі  биіктеген елмен мерейі артқан  халықтың мерекесі. Осы елеулі белеске орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жас ұрпаққа, жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.
«Бірінші. Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.

Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті.

Екінші. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.

Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу –  әр азаматтың парызы. Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады

 Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.

Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым... Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз.

Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.

Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет.

 Бесінші. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.

Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор.

Алтыншы. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.

Табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде. Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді.

Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.

«Қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз», - деген сөздермен қағидат қорытындыланады. Н.Назарбаевтың: «Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін және Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз!» деген  сөздері барша қазақстандықтар үшін Мәңгілік елдің ұраны болып қала берері сөзсіз.

Елбасының «Алдағы 30 жыл – елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңі болары хақ. Ол әр азамат ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны толық сезіне білген кезде жүзеге асады», - деген сөздері әр жүрегі елім деп соққан жастарды жігерлендіріп, елімізді дамытып, өркендетуге үлес қосар кемел келешектің кепілі деп білемін.

А.Тағаниязов,

«Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале