Еліміздің үздік ММА шеберлері Шымкент қаласында бас қосып, ел кубогін сарапқа салды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған байрақты бәсекеге облыс құрамасы сапында барған бәйтеректік Карина Сисенова сәтті өнер көрсетті.
56,7 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жауынгер қыз қарсыластарын қоғадай жапырып, ел кубогінің иегері атанды. Осыған дейін бірнеше мәрте ел чемпионатында топ жарған Карина талай халықаралық турнирлерде де намысты қолдан бермеді.
Руслан Арыстановтың қол астында жаттығатын қыз алдына үлкен мақсаттар қойған. Жаттығу жұмыстарын күшейтіп, әлемдегі ең үздік промоушен UFS-де өнер көрсеткісі келетінін де жасырмайды.
-Ел кубогі сәтті өтті. Енді Алматы қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанамыз. Одан соң әлем біріншілігі. Сол жерде ел туын жықпауға тырысамын, – дейді Карина Сисенова.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz