8.12.2021, 12:00
Оқылды: 58

Ауданның тыныс-тіршілігімен танысты

Теректі ауданы әкімі лауазымына тағайындалған Тілек Габдушев жауапты қызметке келе сала, аудан тыныс-тіршілігімен танысуды қолға алды.

IMG-20211207-WA0022

Ол ең алдымен Федоров ауылындағы құрылысы жүріп жатқан аудандық емханаға атбасын бұрып, мердігер "Ондасын Строй" ЖШС өкілдерімен кездесті. Емхана құрылысы қазан айында басталды. 2022 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Аудан басшысы мердігерге сапаға мән беруді тапсырды.
Одан кейін Тілек Александрұлы аталмыш округтегі аудандық өлкетану мұражайына берілген ғимаратты көріп, жұмыс барысымен танысты. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінген, енді конкурстық жұмыстар өтіп, мердігер анықталуы тиіс. Аудан басшысы тиісті мекеме басшыларына аталмыш жұмыстарды жіті назарда ұстау керектігін айтты.
Аудан әкімінің сапары Подстепный ауылдық округінде жалғасты. Ол Подстепныйды аралап, бірқатар жұмыстарға қанықты. Соның ішінде үш қабатты тұрғын үй құрылысы, ауыз су тарту жұмыстарымен танысып, жуырда ашылған Подстепный дене шынықтыру кешеніне бас сұқты.
– Халық игілігіне берілген нысан ешқашан бос тұрмауы тиіс. Подстепный секілді үлкен округ үшін сауықтыру кешенінің ашылуы – өте-мөте қуанышты жайт. Енді ашылған спорттық нысанда түрлі спорттық бәсекелер өтіп, қызу жұмыс жүріп жатса екен дейміз. Демалыс күнінде жастардың кешенге ағылуы оң құбылыс. Салауатты өмір салтын насихаттауда бірлесе жұмыстану керек, – деді Тілек Александрұлы.
Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев Шаған ауылдық округі орталығындағы үш қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй құрылысын көзбен көрді. Мердігер "Эврика" ЖШС өкілдері аудан басшысымен кездесті. Демалысқа қарамастан құрылыс басы қызып тұр. Құрылысшылар нысанды дер кезінде тапсыруға мүдделі.

IMG-20211207-WA0023
Аудан басшысы Жаңаөмірдегі өзекті мәселеге айналған тұрғындарға ұсынылған жер телімдерін беру жайы мен тоқтап тұрған мәдениет үйі құрылысы бағытындағы жұмыстарды саралап, орынбасары Амангелді Тугузбаевқа өзекті мәселерді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Теректі ауданы әкімінің алғашқы жұмыс сапары Аңқаты ауылында түйінделді. Аудан басшысы бүгінгі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Аңқаты ЖОББМ-не барып, жұмыстарды жүргізуге жауапты "ЮгремСтройСервис" ЖШС өкілдерімен кездесті. Мердігерге сапаға мән беріп, жұмыстарға қарқын қосу керектігін тілге тиек етті.
Тілек Александрұлы Аңқатыдағы “Айсұлу” шаруа қожалығына ат басын бұрды. Қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырған қожалықтың жұмысшыларымен танысып, атқарылған жұмыстарды көріп, болашақ жоспарларын тыңдады.

Әділет Әлібек,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале