Теректі ауданы басшылығына таяуда тағайындалған Тілек Габдушев ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысуды құп көріп, Шалқар ауылдық округіне ат басын бұрды. Жұмыс сапары барысында ауылдағы нысандарды аралап, жәй-күйіне қанықты.
Аудан әкімі алдымен мәдениет ошағына бас сұқты. 2012 жылы салынған мәдениет үйінде қазіргі таңда 17 қызметкер жұмыс істеуде. Әртүрлі бағытты қамтитын 7 үйірме талапқа сай жүргізілуде. Осы мәдени ошақта орналасқан ауылдық кітапханадағы кітап қоры 16300-ге жеткен. Ал оқырмандар саны 600-ді құрап отыр. Кітапахана жанынан жазушы Х.Есенжановқа арналған бөлек кабинет ашылғандығын айта кеткен жөн. Барлық жұмыспен танысқан Тілек Александрұлы ұжымға аудандық, облыстық газетерге үздіксіз мақала жариялап отыруды тапсырды. Іссапар аясында ол білім ордасына да барды. Х.Есенжанов атындағы мектепте қазіргі уақытта 249 шәкірт оқып жатыр, оларға 49 ұстаз білім беруде. Мектеп ішіндегі мұражай, кітапхана, акт, спорт залдарын аралап шықты. Сонымен қатар Сарыөмір ауылдық дәрігерлік амбулаторясының жағдайымен танысты. Айта кетейік, бұл ғимараттың іргетасы 1968 жылы қаланған. Бүгінгі таңда әбден тозығы жеткен. Онымен қоса дәрігер, медбике, зертханашы мамандар жетіспейді. Округ әкімінің айтуынша, жаңа амбулатория құрылысын салу үшін 30 гектарлық жер учаскесі белгіленген. Денсаулық сақтау мекемесіне жаңа ғимарат салу әзірге алдағы уақыттың еншісінде қалып отыр.
Сондай-ақ аудан әкімі ауыл ішіндегі бұлақ басына баруды да назардан тыс қалдырмады.
Шалқар ауылдық округі бойынша 21 шаруа қожалық бар. Үш АӨК (СПК), бес азық-түлік дүкені, екі мейрамхана халыққа қызмет етуде. Мінекей, ауылдың жағдайын білген Т.Габдушев округ әкіміне бірқатар тапсырмалар берді. Айталық, «тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, ауылдың тазалығына көңіл бөлуді, сонымен бірге кәсіпкерлік саласын дамытуды һәм инвестор тартуды қолға алу қажет екенін де тілге тиек етті.
Елырыс Елмұрат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz