Туымыз тігіліп, шекарамыз шегенделіп, тұғырымыз тұрақталғанша талай бабамның қаны төгіліп, жаны пида болды. Оған тарих куә. Бүгінде біртіндеп ашылып жатқан ақтаңдақтар дәлел. Солардың бірі де бірегейі желтоқсан оқиғасы екені де даусыз. Алматының басты алаңына шығып, «Қазаққа қазақ басшы болсын» деген жастардың үні биліктің сол жамбасына келіп, бейбіт шеруді маскүнем мен нашақорлардың ессіз әрекетіне айналдыруға тырысты, күшпен басуды көздеді, қазақтың намыс отын өшіруге қамданды, сағын сындыруға ұмтылды. Желтоқсан оқиғасы бисендік ерлі-зайыпты Биболат аға пен Райхан апа Құрмашевтардың ортақ мұңы. Өйткені олар осы алаңнан бел ортасынан табылып, қазақ рухын танытқандардың қатарында болды. Желтоқсан қаһарманы Райхан Жұмаділқызын әңгімеге тарттық.
Райхан Құрмашева:
– Тәуелсіздік күні сіздің желтоқсан оқиғасының куәгері ретіндегі мейрамыңыз екенін сезінесіз бе?
– Жоқ, тәуелсіздік деп тойлап жатқанда менің жаным қан жылайды, еріксіз көзге жас үйіріледі. Себебі ол сонау 1986 жылдың ызғарлы желтоқсан айын, сол қанды оқиғаны еске түсіреді. Ол күндердің елесі көз алдымнан кеткен емес, оларды еске алсам, әлі күнге тұла бойым түршігеді. Сол 86-ның желтоқсаны Биболат екеуміз үшін өте қасиетті де қасіретті ай болды. Қасиеттісі сол Биболат екеуміз желтоқсанның 28-і отау көтердік. Қасіреттісі сол желтоқсан оқиғасына қатысып, достарымызбен бірге болдық, бірақ жан достарымыздан, жұмыстастарымыздан айырылып қалдық. Екеуміз қол ұстасып, үш күн, үш түн алаңда бірге болдық. Сол үш күн, үш түн ерекше салқын болды. Қатты аяз. Алаңға шыққан қазақ жастарының бір ғана талабы болды, ол «Қазаққа қазақ басшы болсын!». Бірақ бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын өзге ұлт өкілдерінің адамдары қолдарына арматура алып, қарсы шығып ұрып соқты. Дегенмен біздер қорықпадық. «Долой, Колбин!», «Тәуелсіздігіміз үшін алға!» деп ақ үйге қарай ұмтылдық. Мұздай қаруланған милициялар мен солдаттар дубинкамен соғып, шаштан сүйреп, іштен теуіп жастарды аямады. Осылай үш күн, үш түн жалғасты. Онда Қайрат, Ләззат, Сабира мен Ербол ғана емес, талай жастар ажал құшты. Қансырады. Аяққа тапалды. «Қазағым, елім, жерім» деген қазақ жастары тым көп еді. Прожекторларды жарқыратып көтеріліске шыққан біздерді олар «Фотоға түсіріп жатырмыз, бір-бірлеп іздеп тауып, жазаға тартамыз» деп қорқытты. Біз еш қорықпадық. Орнымыздан қозғалмадық. Бірінші күні шыққанда қасымда әзербайжан қызы болды. Ол бізге: "Раз начили, идите до конца",- деп ерік-жігерімізді қайрап жіберді.
Қанша уақыт өтсе де есімнен кетпейтін қорқынышты оқиға, 18 желтоқсан күні қоршауда қалған біздерді, қыздарды солдаттар бір-бірлеп сүйреп, машинаға тиеп жатты. 40-50 ме, әлде одан да көп пе, жастар қоршауда қалдық. Сонда қазағымның нар жігіттері қыздарды көтеріп алып, артымыздағы сары қақпаның сыртына лақтыра бастады. Қақпаның арғы бетіне, мұз үстіне құлап жатқан қыздар, аяқ-қолдарының ауырғандарына қарамастан, ес жинап, бір бірімізге көмектесіп тұрдық. Кері айналып жүгіріп келсек, бізді құтқарған жігіттерді машинаға тиеп алып кетіп жатты. Олар біздерді құтқарды, ал біздің қолымыздан ештеңе келмеді. Сұрастыра білгеніміз, оларды Алматы маңындағы түрмелерге, қала берді қоқыс алаңына алып кеткен екен. Қайсыбірін айта берейін, жас жандардың қаны судай аққан күн болды ғой. Сол кездегі қайран қазақ жастары қандай қайратты, қандай ақылды, батыл, намысшыл еді деп ойлап қоямын кейде.
1986 жылы 16,17,18-і желтоқсан күндері біздерді «нашақорлар, маскүнемдер, арақ ішіп алаңға шыққан ессіздер үшін кешірім сұраймыз» деп Колбиннен кешірім сұраған дауыстарды да естідік. «Бәрің жазаға тартыласыңдар, осы көтеріліске шыққандарың үшін» деп те жатты. Жастардың ашуланғандары сонша машиналарды аударып өртеп жіберді. Шеруге шыққан жастар бір бірімізді танымасақ та, бір үйдің баласындай едік. Қайран, жастық-ай! Ол кезде Биболат Алматыда вагон жөндеу зауытында жұмысшы, мен «Издательство» газет цехында жұмыс жасайтынбыз. Біздерді жатақханаға қамап, сыртымыздан кілттеп, есік алдына екі солдаттан күзетке қойылды. Олар бізді сыртқа шығармады. Бірақ біз аяғымызға кеды киіп, терезеден секіріп түсіп, алаңға қашып қайта бардық. Бізде 85-бөлмеде жататын Атыраудың Алма деген қызы екеуіміз бардық. Алма барған күні қолға түсіп, үш күн қамауда болды. Сондағы Алманың түрін көрсеңіз... Үстіндегі қара күрткесінің дал-дұлы шыққан, өзі есеңгіреп қалған. Қалтасы толған қағаз. Мекенжай жазылған қағаздар. Ерін бояумен, қарындашпен, қара бояулармен жазылған қамаудағы отырған қазақ қыздарының аманаттары. Қағаздар мыж-мыж, жазу түсініксіз, оқылмайды. Әйтеуір екеуін әрең оқып, мекенжайға іздеп барып хабарын бердік.
– Биболат аға да сол алаңда болғаны мәлім. Бірге бардыңдар ма?
– Мен алғашында жұмыстан қайтар жолда жастар көптеп жиналып жатқанын көріп, менің аялдамам болмаса да түсіп қалып барған едім. Ал кейін әдейілеп бардым. Биболатты алаңға шыққан жастардың ішінен көріп қалдым. Ол бейбіт шерудің қарусызға қару кезеңген шағы еді. Бір-бірімізді қатты құшақтап жылағанымызды-ай. Біздерді сумен атқылап, милициялар қуғанда жер көк мұзға айналды. Биболат әлсін-әлсін тайып, құлап қалады. Сөйтсем, аяғында сол кездегі сәнді тақалы етік киген екен. Менің аяғымда кеды қолтықтап алып шықтым. "Қасыңда мен болмағанда, Қайрат, Ербол секілді ұсталып қалар ма едің"-деп күліп қоямын есіме алып.
– Талайдың тағдырып тәлкіге салған бұл жағдай өміріңізге қалай әсер етті?
– Ол кезде мен газет цехында жұмыс істегеніме төртінші жыл болып еді. Негізі оқуға түсуде жолым болмай, осы «Издательствода» бес жыл қызмет істесең, пәтер береді деген соң кіріскен болатынмын. Жоспарда ата-анама салмақ салмай қызмет етіп, пәтер аламын, артынша оқуға түсемін деген ой болып еді. Осы оқиғадан соң өмірлік құндылықтар өзгерді. Біз Бисенге қайтуды жөн таптық. Ешкімге ештеңе айтпадық. Несін жасырайын, екеуміз де көп жыл қорқынышпен өмір сүрдік. Теледидардан Желтоқсан оқиғасын айтып жатқанда жылап аламыз. Бір-бірімізге сүйеу болдық.
– «Қорқынышпен өмір сүрдік» дедіңіз. Сол қорқыныш құрсауы қашан босады, құпия қашан көпке мәлім болды?
– 2009 жылы тұңғышымыз Арайлым тұрмысқа шығып, Алматыдағы төркінім іздеп келді. Сол кезге дейін олармен кездесіп көрмеген едім. Айта кетейін, негізі Алматының Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылынанмын. Жалғыз жездем той үстінде біздер жайлы айтып, көпшілікті таң қалдырды. Өйткені біз өткеніміз туралы ешкімге тіс жармаған едік. Ол кісі ұзақ жылдар әскери қызметте жүрсе де, сол жастарға еш көмектерін бере алмағандарын айтты. Бізді қаһармандарға теңеді. Осылайша, 2009 жылы ғана қуыстанбай, кең тыныстағанымыз. 2016 жылы аудан орталығынан аудан әкімінің орынбасарыЛариса Қайырғалиева арнайы келіп, алғысхат пен естелік медаль табыстап кетті. Сол уақыттан бастап тыныш ұйықтап, алаңсыз болдық. Кездесулерге шақырды. Мектепте оқитын қызым да әкесі мен анасының Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, қатысушылары екенін кездесуде білді. Жылап келіп «Мама, осының бәрін ішіңе қалай сақтап келгенсіз»,- деп құшақтағаны әлі есімде.
– Сол оқиғада Биболат аға фотоаппарат құрығына іліккен екен. Соның салқыны тимеді ме?
– Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешева «Желтоқсан жаңғырығы...» атты онлайн деректі бағдарламасының «Суреттер тарихы сыр шертеді» бөлімінде «Желтоқсанның белгісіз суреттері» деген суреттер топтамасының арасынан Биболат ағаңның суретін тауып, құнды дерек ретінде жариялаған еді. Соны айтып отырған шығарсың. Ол тәуелсіз күндегі тірлік қой. Күллі ел желтоқсаншыларды ессіздер санаған, шындықты жасырып жүрген заманда ол сурет бізге зияны болмады. Бір Алла сақтағаны болар, сірә... Оған үйленген соң көп ұзамай Бисенге кеткеніміз де өз септігін тигізген болар, кім білсін?!
– Қазір Алматыда жүрсіңіздер. Сол оқиғалар орын алған жерлерді көргенде бойыңызды қандай сезім кернейді?
– Қала жыл санап көркейіп келеді. Жалындаған жастығым өткен бұл қала мен үшін әр кез ыстық бола береді. Тек сол бір мұз болып қадалған жайт 35 жыл өтсе де ерімек емес.
– Қысылтаяңда барлығыңыз өз панаңызды іздегеніңіз аян. Бұл күнде сол көтеріліске шыққан құрбыларың туралы хабарыңыз бар ма?
– Биболаттың достарынан Манарбек қайтты, Амангелді Тасқалиев Алматыда тұрады, ал менің қасымда болған Алма есімді қызбен байланыс сол күйі үзіліп қалды. Ол өзі көршілес Атырау облысының Құлсары ауылынан еді. Оған «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы арқылы да іздеу салғанмын. Табылмады. Алла сәтін салып, ол да өз ұясын құрып, Биболат екеуіміз сынды немере-жиен сүйіп отырған ата-әже болар деп үміттенемін.
Мәнді әңгімеңізге рахмет! Тәуелсіз туының жебіреуіне қосқан үлесіңіз үшін мың алғыс.
Сұхбат құрған Раушан Жанатқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz