Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздіктің жарқын жетістіктері» атты салтанатты жиын өтті.
2020-2021 оқу жылының жоспарына сай үш жоба жүзеге асқан болатын. Дәлірек айтсақ, «Тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз» тақырыбында білім беру ұйымдары арасында үш бағыттан, сахналық қойылым, эстрадалық вокал және хореографиядан тұратын жылжымалы фестиваль, мамыр-желтоқсан айлары аралығында барлық мектеп кітапханаларында «Тәуелсіздіктің тарих төңірегіндегі тұғыры» тақырыбында тәуелсіздік жылдарынан сыр шертер көрме және «Тәуелсіздік бабалар аманаты» тақырыбында ұзақ мерзімді маршруттық экскурсия өтті. Шарада аталған жобалар бойынша үздіктер анықталып, марапатталды. Сахналық қойылым жанры бойынша бас жүлдені Ұзынкөл орта мектебі жеңіп алса, эстрадалық вокалдан бас жүлдені №1 мектеп-лицейі ұтып алды. Сондай-ақ, хореография жанры бойынша бас жүлде А.Оразбаева атындағы негізгі мектепке бұйырды.
Салтанатты жиында Жәнібек аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бір топ үздіктерді марапаттады. Нақтырақ айтсақ, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасына Әлия Ысқақова, Светлана Ғұсманова, Ғалия Елемесова, Алтынай Қарашина, Жәннат Сағындықова, Рәзия Сариева, Назгүл Фазылова, Жанар Мұхтарова, Таңсұлу Рақымғалиевалар ие болса, Тоқтаған Үмітаева, Орынбасар Ғилымов, Меңдігүл Фазылова, Светлана Джукина, Қарлығаш Шәріпова, Асыланбек Ғұмаров, Болат Досқалиев, Гүлмира Айтенова, Роза Нағиева, Дариға Әдлялиева, Сета Қуанышқалиева және Жантөре Рамазанов аудандық білім беру бөлімінің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, Тәуелсіздік алғаннан бері бір орыннан табан суытпай қалтқысыз қызмет еткен техникалық қызметкерлер, іс жүргізуші және шаруашылық меңгерушілері Ұмсынай Ілиясова, Бисенғаным Мұстаева, Әлібек Айтқалиев, Күнсұлу Құсайынова, Мәншүк Ғиззатова, Төлеген Өтебаев аудандық білім беру бөлімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, он екі мектеп кітапханалары арасында өткізілген көрменің үздіктері марапатталды. Бас жүлдені №1 мектеп-лицейдің кітапханашысы Гүлнар Мұқанова жеңіп алды.
Салтанатты жиында фестивальде үздік болып танылған Ұзынкөл орта мектебі сахналық қойылым көрсетсе, №1 мектеп-лицейінің оқушыларынан құрылған вокалды топ «Земля Казахстана» әнін шырқады. Хореография жанры бойынша жеңімпаз атанған А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінің жас мамандары мен оқушыларынан құрылған би тобы «Желбіресін туымыз» биін ұсынды. Сондай-ақ, LED экраннан білім саласының 30 жылда жеткен жетістіктері көрсетілді. Ғ.Абдуллин атындағы орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары «Жәнібегім» әнін шырқаса, А.Оразбаева атындағы негізгі мектептің жас мамандары «Туған ел» әнімен мерекелік жиынды қорытындылады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz