Ертеде жайлауда отырған бір елдің азаматтары жаңа қонысқа мал айдап кетеді. Бас көтерер азамат болмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалды шешіп, сойылға байлап, жауға қарсы шығып, оларды тоқтатады. Сөйтіп ауылды аман алып қалады. Сол күннен бастап жауды тоқтатқан ақ орамал «жаулық» аталып кетіпті.
Ақ орамалды басына салған сəттен жаңа түскен келін келген елінің тілеуін тілейді. Жас келіннің іздегені байлық емес, алпыс екі тамырын жібітер дүниеге әкелер болашақ ұрпағының тілеуі. Қазақта жаңа түскен келін басына орамалын салып, жанжал болған жерге келіп сəлем салса,тіпті қан төгіс болып жатса да тоқтатқан.
Қазақ үшін орамалды сыйламау, ананы қорлау болып табылады. Бірде Бөлтірік шешен ел аралап жүріп бір кедейдің үйіне келіп түседі. Торғай қамаса тұрмайтын жыртық киіз үй, төрдегі текемет арасынан шөп өскен, адам отыратын жер жоқ. Үй иесі: «Ақсақал жоғары шығыңыз» дегенде, əйелі басындағы орамалын алып, жерге төсепті.
Бөлтірік шешен сонда: Келін мұндай құрметті ешкімнен осы жасқа келгенше көрмеппін. Ақ ниетіне разымын. Тəңірім басыңа жетер, байлық берсін. Басыңа қайта тартып ал» — деп өзі еңкейіп орамалын жерден алып беріпті.
Кедей жалғыз ешкісін сойыпты. Бөлтірік шешен: «Қазанға еттің бəрін сал, ауыл - аймақтың бəрін шақыр. Бөлтірік шешен менің үйімде бірнеше күн боламын деді» деп, хабар айт депті. Оны естіген сол ауылдың ауқатты адамдары бірі үйін əкеп тігіп, бірі дүниесін, союға малын əкеп, бірнеше күн болыпты. Кетерінде шешен: «Осы əкелген дүниелеріңді, беретін малдарыңды осы жігітке беріңдер» деп бата беріпті. Көп кешікпей кедей жігіт дуалы батадан соң, байлыққа кенеліпті.
Осы ғибратты әңгімеден жас келін-қыздардың алар өнегесі мол. Негізінде, орамал – ана екеніңді, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Бұл белгіні жас келін түсіну үшін табалдырықты енді аттаған кезде енесі алдынан шығып, өз қолымен орамалын басына тағады. «Сенің енді үйің – осы, отбасың – біз. Осы шаңырақтың абыройы мен беделі сенің жауапкершілігіңде» деген мағына білдіреді. Алайда бүгінгі таңда «Маған жараспайды», «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектердің қатары көп-ақ. Жасы сексенге келген Шолпан Мұқаналиева жас келіншектердің бұл ісін құптамайтынын жеткізді.
«Орамалы жоқ әйел – арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, тамаққа шашы түседі, өзіне қонақтың көзі түседі» деген халқымыз. Орамал бұл – аманат. Ата-бабаның аманаты. Отбасының тірегі, шаңырақтың шамшырағы болған келінге ата-бабаның тапсырған негізгі аманаты. Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Менің сөзімді, бәлкім, ескінің қалдығы деп елемейтіндер табылар. Алайда орамал тағудың өзіндік жақсылықтары болады. Соған мән берген дұрыс. Ал жаңағы «басынан түсіп қалады», «маған жараспайды» дегеннің барлығы орамал таққысы келмеген адамның сылтауы,- дейді кейуана.
Бұдан соң Шолпан анамыз қазіргі таңдағы орамал тағу дәстүріне жас келіндер түгілі, кейбір орта жасқа келген әйелдер де, өзі ене болып отырса да дұрыс мән бермейтінін жеткізді. «Бірде бір туысқандарымыздың ұлы үйленетін болып тойға жиналдық. Өздері тойды қалада жасағандықтан, құдаларды екі қабатты үйде қарсы алды. Алдымен құдаларды қарсы алған соң, келіннің ыдыс-аяғын ашып көрсетіп, төсек орындарын жайды. Көрімдік тастап, құтты болсын айтып жатырмыз. Бір кезде жастар келді деп сырттан біреу кірді. «Жақсы, жақсы» деген жұрт сыртқа қарай жүреді ме десем, бәрі тып-тыныш орындарында отырған күйі қозғалған жоқ. Содан жастар да келіп бөлмеге кірді. Үлкендермен көрісті. Бір ақсақал бата берген соң жастар шығып кетті. Бұл жерде үлкен олқылық жатқанын үлкендер жағы байқаған соң, жаңағы ұлдың анасын шақырып алып айтты. Алдымен келін үй түгілі аулаға кірген бойда басына ақ жаулық жабу керек еді. Жаңағы бөлмеге кіргенде шашу шашуымыз керек еді. Сөзімізді естіген келіншек «Орамал алуға ұмытып кетіппін» деп қарап тұр. Бұл сұмдық қой. Келін түсіріп тұрып, орамал алуға ұмытып кеттім дегені ұят нәрсе. Ай, бұл келіншек ертең ене болып не жарытар екен деген ойда қалдым»,- дейді естелік әңгімесінде кейуанамыз.
Тойдан кейін қызды ұзатып жатып ән айтқанда да «басыңа жаулық таққаның, қыз күнің артта қалғаны» дейміз ғой. Ендеше жас келін отбасылық өмірдің жауапкершілігін толық сезінсін десек, қарапайым дәстүрдің өзіне мән берейік. Үстіндегі ақ көйлектей ақ ниетімен жаңа үйдің табалдырығын аттаған жас келінге болашақ енесі ақ жаулық тағып жатса әдемі көрініс емес пе? Оның үстіне қазір «Ақ келін», «Жас келін» деген әдемі жазуларымен немесе арнайы әсем үкісімен жасалған жаулықтың неше түрлісі бар емес пе? Орамал тағу келінге тапсырған аманат десек, сол аманатқа қиянат жасамауды алдымен енелер үйретсе, шіркін!. Заманға сай, көпшілік ортада, жұмыста да әдемі шаш үлгісін жасап жүретініміз рас. Алайда, үй ішінде, қазан жанында тұрғанда басындағы ақ жаулық өзіңнің отбасыңа деген қамқорлығыңды одан сайын арттыра түсері анық.
Айым Алимова, ауыл тұрғыны: Туған үйден ұзатылып, келін атанғаныма төрт жылдан асты. Ата-енемен бір шаңырақ астында тұрып келеміз. Алғаш табалдырық аттаған кезде бір үлкен кісі келіп басыма ақ орамал жауып, маңдайымнан иіскеп батасын берді. Сол кезде бір түрлі қызық сезім бойымды билегені рас. Келін болып үлкен жауапкершілікті де сол кезде сезіндім десем болады.
Келін болған соң бастапқыда жаңа үйдің тұрмыс-тіршілігіне бейімделу керек. Сондай кезде біреулер қиналып, үйін сағынып жатады. Менің енем болса өзінің парасаттылығын көрсетті. Маған жылы қабақ танытып, білмеген нәрсемді үйретіп отырды. Өзіме деген сондай жылы қатынасты көргенде, мен де сол отбасыға сай болуға тырыстым. Төрт жыл бойы үй ішінде басымнан жаулығымды тастаған емеспін. Себебі, енем өзі банынан орамалын шешпейді. Соны көрген үйге келген қонақтардың біреуі таңқалып, біреуі риза болы жатады. Расымен де қазіргі таңда орамал тақпайтын келіндер көп. Оларға айтарым, жаулық сенің көркіңді аша түспесе, кем етпейді.
Әсемгүл Бекешева,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz