11.12.2021, 15:50
Оқылды: 112

«Жәңгір хан» кубогі сарапқа салынуда

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай ЖОО студенттері арасында қазақ күресінен батыс аймақтық «Жәңгір хан» кубогіне арналған жарыс өтуде.

WhatsApp Image 2021-12-11 at 14.57.03

«Жәңгір хан» спорт кешенінде өтіп жатқан жарыстың ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев, спорт саласының өкілдері қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Мирболат Сағынғалиұлы жиналғандарды алдағы үлкен мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде университет ректоры Асқар Мырзахметұлы Атырау, Ақтөбе қалаларынан келген жас палуандарға оқу орнының ұжымы атынан ыстық ықыласын жеткізді.

WhatsApp Image 2021-12-11 at 14.57.03 (1)

Атап өтсек, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырған қазақ күресі сайысына М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті; Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті; Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті; сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті (Ақтөбе); Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті;Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті; Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті командалары қатысуда.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен спортшылар алып келген аға оқытушы Рафаэль Хаберов егемендік жылдарында ұлттық спорттың осы түрі қарқынды даму үстінде екенін айтты. Сонымен бірге Р.Хабиров – ҚР БҒМ жанындағы ғылыми-практикалық орталығының студенттер лигасы спортына батыс аймақтар бойынша жауапты маман екен.

– Бүгінгі таңда осы спорт түрінен 18 рет Азия чемпионаты, он шақты рет Әлем чемпионаты өтіп, сонымен бірге «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы», «Жас барыс» секілді ауқымы кең турнирлер ұйымдастырылып келеді. Әлемде 40-тан астам мемлекет осы қазақ күресімен танылды. Болашақта ұлттық күресіміз Олимпиада ойындарының қатарына кіреді деген үміттемін. Бүгінгі Оралдағы Жәңгір хан университетіндегі жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Рафаэль Ралитұлы.

Айтуынша, Атырау қаласының оқу орнынан бүгінгі жарыста он жас палуан өз бақтарын сынауда. Құрамында түрлі жарыстарда жүлдегер атанып жүрген палуандар бар екенін жеткізіп, жеңістен үмітті екендерін аңғартты.

Тағы бір айта кетерлігі, қазақ күресінен «Жәңгір хан» кубогіне арналған жарыс бұған дейін дәстүрлі түрде облыстағы жоғары оқу орындарының арасында ұйымдастырылып келсе, биыл алғашқы рет батыс аймақтар деңгейінде жалғасын табуда.

БҚАТУ медиа-орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале