Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оқушылар арасында өткен Теректі аудандық мүшайрада Подстепный ауылындағы қос мектеп, Госплемстанция, Ы. Алтынсарин атындағы, Х.Есенжанов атындағы орта мектептер, Ақсуат, Чапаев атындағы ЖОББМ, Приречный ОМ және Ақсоғым мектебінің жас ақындары өз туындыларын оқыды. Жиырмаға тарта жас ақын Тәуелсіздік тақырыбында ой қозғап, жыр төкті.
Подстепное мәдениет үйінде өткен жыр сайысына әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында Теректі аудандық мәдени демалыс орталығының әдіскерлер бөлімінің меңгерушісі А.Қаирова, Подстепное мәдениет үйі директоры А.Қуанышқалиева, саз жетекшісі Е.Үсенова және аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Б.Қанаева болды.
Сайып келгенде, жүлделі І орын шағатайлық А.Сейтоновке бұйырды. ІІ орынды Чапаев ЖОББМ оқушысы С.Нұржан иемденсе, подстепныйлық Ж.Өтеу ІІІ орыннан көрінді. Жыр додасына түскен жас ақындарға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жауһар Нұрым,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz