14.12.2021, 10:30
Оқылды: 42

Тәуелсіздікке біз де қуандық

Тәуелсіздік келгенде ел қуанды, біз де қуандық. Бірақ тап сол кездерде халықтың жағдайы мәз болмағаны жасырын емес. Кеңес одағы ыдырағасын шеттен келетін азық-түліктер сап тыйылды. Дүкендер қаңырап, сөрелері жылан жалағандай, тіпті тартатын темекіге дейін бітіп, ауыл халқы дүрбелең шаққа душар болғаны баршаға аян. Осындай шақта мен Жаңақала ауданындағы «Мәстексай» совхозының бөлімше меңгерушісі едім. Бір күні жұмысшылар кооперативінің пайщиктер жиналысы болып, бүкіл халық жиналды. Әлгі жиналыста халық мені кооперативке төраға етіп сайлап жіберді. Болғым келмеген, «елдің азаматысың ғой» дегесін азаматтық намысым ұстап нар тәуекел деп келістім. Кім төраға болса да, келіп жатқан тауар аз, оны алу өте қиын. Арнайы бөлінетін азық-түлік  халықтың 30 пайызына  ғана жетеді. Халықты қамту үшін жалынып-жалпайып, разнарядканың сыртында алып келесің.

post_image_5027

Бірде Оралдағы базаға Украинадан  қант келіпті деген хабарды естіп, шұғыл жеттік. Базаның алдына аутодүкендерімізді қаңтарып, күтіп келіп кеттік. Бір айтатыны – аутодүкендеріміз ылғи су жаңа машиналар, шопырларым да қылшылдаған жас жігіттер.  Біздің тұстастар жақсы білуі тиіс, сол кездерде «Романтик» деген магнитофон болды. Менің жігіттерім сол магнитофонға ылғи бір жаңа әндер жазылған кассеталарды салып, күтіп отырған. Базаның директоры ұмытпасам, Өмірбек деген оңтүстіктің жігіті еді. Мекеменің алдында есіктерін ашып қойып, қазақша өлеңдерді аңқытып тұрған аутодүкендерді көрген, әндерді естіген. Өзі ұлтжанды әрі ән мен жырды, күйді сүйетін жігіт болып тұр ғой. «Мынау қай жақтың машиналары, маған бастықтарыңды жіберіңдер» дейді жігіттеріме. Онсыз да  оған кіру кезегінде тұрған адаммын ғой, құстай ұшып жеттім. «Аға, анау қазақы музыкаларыңызды, әндеріңізді  екі кассетаға маған көшіртіп әкелесіз бе?», – деді.  Мен құп алдым. Сосын «Ал шаруаңызды айтыңыз» деді.  Айтып айтпай не керек, төрт көліктің үшеуіне қант, біреуіне грузиннің коньягін өзі аяқтай барып, тиеттірді де жіберді. Қуанышта шек жоқ, сөйтіп Өмірбектің арқасында Мәстексай халқын қантқа қарық қылып едік. Зымыраған жылдар-ай, оған да 30 жыл болыпты.

Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оңай болған жоқ қой... Шаруашылық тарап, қора-қора қой да азайды, тіпті бітті. Осындай қысылтаяң кезде, қолымыздағы барды бөлісіп, тұрмысы төмен халықтың әлжуаз тобына көмектескеніміз өз алдына бір әңгіме. Мәстексай 24 қожалыққа бөлінді. Сол қожалық  иелерінің,  нағыз азаматтардың  ауыл адамдарына қолұшын беруінің арқасында  ауыл сақталып қалды десем, артық айтқандық емес. Оның үстіне, сол кезде ауданды, байсалды, байыпты, үлкен жүректі азамат Төлеген Тастайұлы Мерғалиев басқарғаны қандай керім болған деп осы күнде ойлап қоямын. Жиналыстарда, қожалық басшыларымен кездесуде, «Ағайын-тумаларыңның, көрші-көлемдеріңнің мұқтаждарына қолұшын беріңдер», – деп қорқытпай, үркітпей, байыппен түсіндіруден жалықпайтын, жарықтық... Осындайда еске түседі, «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақ-стан облысы  бойынша өкілі болған Темір Құсайын Жаңақала ауданына келіп, шаруа қожалықтарымен болған үлкен жиналысқа қатысты. Бұл 2001 жыл, Тәуелсіздіктің 10 жылдығының  қарсаңы еді. Сол жиналыста мен басқаратын «Марат-Тұраш» шаруа қожалығының 25 ауыл тұрғынына шөп бергенім, оның бесеуіне  тегін бергенім айтылды. Жиналыстан шыққасын Темір маған жолығып, сұхбаттасты. Соңынан көп кешікпей, «Тәуелсіздікке қосқан үлесім» – деген айдармен  газеттің  бірінші бетінде мақала жарқ ете қалды.  Сөйтіп, мен басқаратын кішкентай қожалықтың ауылдастарға аз да болса көрсеткен көмегі үлкен газет арқылы елге тарап еді. Айта кету керек, осындай көмекті Дәулеш Сапар, Біржан Айғалиев сияқты азаматтар басқаратын қожалықтар да көрсетіп еді. Біржан Айғалиев қарауындағы механизаторы Ержан Аюповтың құлап тұрған үйін  қайта салуға  көмектескені көпке үлгі болатын.

Ел еңсесін көтере бастаған Тәуелсіздіктің 15 жылдығы қарсаңында Мәстексай ауылына «Таза – су» бағдарламасымен ауыз су,  газ бір күнде қосылды. Оның ашылу сәтіне сол кездегі  облыс әкімі Нұрғали Әшімов қатысып, ел бір жасап қалды. Су қосылғанмен оны жүргізетін маман жоқ  болуына байланысты сол кездегі ауыл әкімі Еркін Сапаров су қондырғысын жүргізіп, халыққа су таратуды маған тапсырды. Халық үшін деп, тағы ақы-пұлсыз 4-5 жыл қызмет атқардым. Ол мен үшін жақсы болды, суға битондарын сүйретіп, 6-10 жастағы балалар келеді.  Ауылдағы барлық уақ балалардың атын біліп алдым. Менің де беделім өсті, олар мені «су сататын Марат ата» дейді. Қазір олардың бәрі оқуларын бітіріп,  мамандық алған, үйленген. Көрген жерде алдымнан кесіп өтпей амандасып, хал-жағдайымызды сұрап, мәре-сәре болып қаламыз. Мұның өзі – бір бақыт екен.

Сонау бір жылдарда аңсатып жеткен Тәуелсіздікті құйтақандай ауылымызда баянды етіп, бүгінде оның салтанат құрғанын көру, оған сәл де болса, өз үлесімізді қосқанымыз – біз  үшін үлкен мәртебе!

Марат Тұраш, 

шаруа қожалығының жетекшісі,

Мәстексай ауылы,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале