14.12.2021, 19:00
Оқылды: 62

Жерлестеріміз мемлекеттік наградалардың иегері атанды

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев пен ақжайықтық бір топ зиялы қауым өкілдері, жастар ел президентінінің Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болған батысқазақстандықтарды әуежайдан құрметпен қарсылап алды. Сонымен бірге Көкшетауда өткен халықаралық айтыста бас жүлде алған айтыскер ақын Мұрадым Мирланов та жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 18.54.08 (10)

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «ОТАН» орденімен, «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған еді.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 18.59.40

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыгүл Жұбатова «ПАРАСАТ» орденіне ие болды.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 19.40.17

Ал мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың Ақордада бір топ белгілі білім-ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет қайраткерлеріне, өндірістік сала қызметкерлеріне еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларын тапсыру салтанатында «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Табылғали Сапаров пен «Қазақстан» РТРК» АҚ-ы БҚОФ «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашевқа «Құрмет» ордені табысталды.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 19.09.30

– Биыл облыс бойынша 66 жерлесіміз әр түрлі марапат алды. Ееліміздің ең жоғары марапаттарына сіздер ие болдыңыздар. Бұл – біз үшін зор құрмет. Бұл – отыз жыл ішінде елге сіңірген еңбектеріңіз бағасы. Әрдайым халқымыздың құрмет-қошеметіне бөленіп жүре беріңіздер. Барлық батысқазақсандықтардың атынан бүгінгі марапаттарыңызбен құттықтаймын, – деді облыс басшысы әуежайдағы салтанатты жиында.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 18.54.08 (2)

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов де ізгі тілегін білдірді. Ақжайықтық зиялы қауым арасынан сөз алған журналист, жазушы «Орал өңірі» облыстық газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин: «Сіздер Отан-Ананың, туған еліміздің ұлы мәртебелі тәуелсіздігінің қарсаңында үлкен абыройға бөленіп, мемлекеттік биліктің тарапынан құрмет көріп жатсыңыздар. Бұл құрметті облыс басшылығы айтып кеткендей, тек сіздерге емес, Жайықты жағалай қонған жайсаң елдің бүкіл халқына көрсетілген құрмет деп қабылдаймыз. Марапаттарыңыз сіздерді іргелі істерге, баянды бастамаларға, биік шыңдарға, тың табыстарға жетелей берсін. Жақсылық жалғасты болсын. Еліміздің түтіні түзу шығып, ұлы мәртебелі тәуелсіздігімізді үлкен ұйымшылдықпен баянды қылып, мемлекетімізді нығайта берейік», – деп ақжарма тілегін арнады. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева алдарынан ізгі тілек, ақ ниеттерін «арқалап» шыққан жерлестеріне ризашылығын білірді.

WhatsApp Image 2021-12-14 at 19.09.01 (1)

– Елорда төріндегі салтанатты жиында кеудеме Отанның бір қызы деп «Отан» орденін таққанда: «Өсірген елді сүй деп, арды ойлатып, Сыйлаған таңдайға өлең, маңдайға құт. Баласын, даласын да жырмен тербеп. Қазақтың қызы болған қандай бақыт» деген едім. Мен өзімнің үлкенді-кішілі қуанышымның бәрін кіндік қаным тамған Ақ Жайыққа арнап, үлкен Отаныма қызмет етіп келе жатқан ұлтымның қызымын. Осы ізгі ниетімді сыйлаған, түсінген, алдымнан шыққан сіздерге де, құрметке бөлеген еліме де айтар алғысым шексіз. Рахмет, Жайықтың жас ұрпағы», – деді ақын тебіреніп.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале