17.12.2021, 11:40
Оқылды: 214

Текті ана – Тұмарша

Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Балаға ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан дарыса керек. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Ана­ның алақаны тастың өзін жібітетін, тікеннің өзін жұмсартатын, құрық тимеген асаудың өзін жуасытар күшке ие. Әрбір шаңырақтың шырағы, ошақтың құты, үйдің берекесі – ана.  Осындай абзал ана­лардың бірегейі – марқұм болғанына бір жыл болған (Өмірбаева) Тұмарша Әйтімова.

58238A0E-4CFD-458C-94D2-D35892ACD2F6

Апамыз 1923 жылы 25 маусымда Тайпақ ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Ибрагим өзінің жеке және жекелердің малын баққан, анасы Камилла он саусағынан өнер тамған шебер тігінші болған, алаша тоқып. Оны ауылдастарына сатады екен. Отбасында 6 ұл-қыз дүниеге келген. Қазіргі кезде сіңлілері Бақтылы, Бақыт бар.  Сіңлісі Мүгілсін (1928 ж. т.) мен ағасы Садырбай  (1921 ж. т.), інісі Киікбай қайтыс болған. Бұл отбасы Кардон ауылында тұрған.

Тұмарша Ибрагимқызының балалық, жастық шағы қиыншылыққа  толы болғанмен өзінің қажырлы, қаймықпайтын жігерімен басына түскен қиыншылықтарды жеңе білді. Ол 1941 жылы Гурьев және Астрахан теміржолын салуға қатысқан кезінде не бары 18 жаста болыпты. Апайдың соғыс кезінде көрген қиыншылығы туралы айтқан әңгімесі әлі есімде. «Құмырсқадай шұбырған өңкей әйел заты жол бойынан әрқайсымызға өлшеп берілген төрт  шаршы метр топырақты шығаратынбыз. Аш та, жалаңаш та болдық. Барақ үйдегі сыз еденде жаттық. Бір жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп, үш рет мақтау қағазын алдым. Жұмыс аяқталған соң, ауылға қайтарды. Сағыныштан жүрегім аттай тулады.

Сөйтіп, вагоннан-вагонға өтіп жүргенде, қолымдағы жәшігімнің түбі айырылып кетіп, мақтау қағаздарым, жеке құжатым түсіп қалды. Оған қарайтын жәй жоқ. Ауылдың тұсына келгенде, машинистке ақша беріп, паровозды сәл тежеуді өтіндім. Ол амалсыз көнді. Қай тұс екендігін білмеймін, түн мезгілінде жылдамдық  аз-кем азайғанда секірдім, жерге қатты түсіп соғылғаннан талып қалдым. Таң ата есімді жиып, жан-жағымды барлап қарасам, жатқан жерім қазіргі Селекционный  ауылының маңы екен.

Кардон ауылына омырауы медальдарға толы бір жас жігіт келді, таныстым аты Сары екен...»,  –  деп әңгімелегені бар еді апайдың.

1946 жылы Сары ағаға тұрмысқа шығып,  отбасында  Зәуия, Бірғаным, Гүлғаным және Ақсерік өмірге келген.  Тұмарша апай салық жинаушы, мек­тепте кіші қызметкер, іс жүргізуші, кітапханашы қызметтерін атқарған. Тұмарша апай­дың қиыншылық жылдары отбасындағы болған жағдайлар туралы тағы бір әңгімесі есіме түсіп отыр. 1948  жылы үйдегі жалғыз сиырды пойыз қағып кетіп, апай малды жалма-жан сойдырған да, сол кездегі ұжымшар төрағасы Николай Рябининнің қабылдауына барады. Апай малсыз қалғандығын, сондықтан етті ұжымшар қоймасына қабылдап, орнына ұжымшардан мал беруін сұрайды. Обалы не керек, төраға апайдың өтінішін орындап, орнына ірі қара мал берген. «Сол кездегі қуанышымызда шек болған жоқ», –  деп  көзіне жас алып еді кейіпкерім. Апамыз өте еңбекқор болған. Ұл-қыздарына бас болып, өзен жағасынан тас соқтырып, үй салдырған. Ол үй әлі бар. Белестегі осы үйге жиі келіп, үй алдында отырып, өткен өмірлерін еске алушы еді. Үйрек-қаз, тауық, ірі қара да өсірген. «Мұның бәрін ұрпақтарым ешкімнен кем болма­сын, аш болмасын деген ниетпен ұстадым. Әрі еңбекке тәрбиелеу мақсатым болды» деп түсіндіруші еді марқұм. «Сол қорадағы құстарға жем беріп Бірғаным жүруші еді»,  – деп күліп еске алушы еді апай.  Апайдың мінезі өте қатал, талапшыл болған. Сонымен қатар ұрпақтарын адамдардың алды болуға ерте тәрбиелегенге ұқсайды. Бірғаным өз ана тілін нашар сөйлей бастағанын сезген ана, сол кездегі Орал қаласындағы  жалғыз ғана қазақша 11-мектеп директорының қабылдауына барып, қызын қазақша сыныпқа алуын өтінген. Мектеп директоры пән мұғалімдерін шақыртып, тапсырма беріп, қорытындысын біліп, қабылдаудан бас тартқан. «Есіктен шығып бара жатып, қайдан есіме түскенін білмеймін, жұбайым – Ұлы Отан соғысының ардагері, обкомға барам деп есікті жай жауып шығып кеттім. Сөзімді естіген директор шақыртып алып, Бірғанымды мектепке  бірден қабылдады. Иә, қазір қызым Бірғаным үш тілде сөйлейді», – деп еске алып жымиятын апай. Бұл да – ана арманының орындалғандығының көрінісі. Тұмарша апай замандастарымен бас қосқанда, «Өмірлік жұбайым Сары екеуміз төрт баланың төртеуіне де жоғары білім бердік. Баланың үлкені,  қызым Зәуиям – атақты мұғалім, елу жылға жуық ұстаз, сүйенішім Ақсерік – елдің азаматы. Қызым Бірғаным ұзақ жыл Президентіміздің сенімді серігі, министр, Сенат депутаты да болды. Ерке қызым Гүлғаным – заңгер», – деп мақтанышпен айтып отыратыны есімде. «Құдай көпсінбесін, елдің кәдесіне жараған ұл-қыздарымнан сегіз немере, бір шөбере, шөпшек сүйіп отырмын. Тек жұбайымның ертерек кетіп қалғаны болмаса. Қартайған шағымда өмірдің қызығын көріп, шалқып отырғаным – адал еңбектің арқасы. Өзім жалқау, арамтамақ болсам, менің тәлім-тәрбиемді көрген балаларым да жалқау болар еді. Сары екеуміз орнымен еркелетіп, орнымен жұмсай білдік», – деп ақтарылып отыратын ардақты ана.

«Әкесі өлген – асқар тауы құлағанмен бірдей, анасы өлген – ағар бұлағы суалғанмен бірдей», – деп Жиренше шешен айтқандай, Алла Тағаланың әміріне ешкімнің әлі жетпейді,

Тұмарша ананы жер қойнына тапсырғанымызға бір жыл өтті.

«Жақсының қасында, жақсылар жүреді» демекші, апаның садақасына Ақсерік ағамен Бірғанымның тума-туысқандары, құда-құдағайлары, жұмытастары, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің бірқатар депутаттары, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Иманғали Тасмағамбетов, Бақытжан Жұмағұлов қатысып, ардақты ананың көпке ғибрат болар қадір-қасиеттерін тілге тиек ете сөйледі. Қазақта «Тамырына қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы» деген даналық сөз бар. Текті ана о дүниелік болғанмен, ананың иісі қалған киелі шаңырақтың түзу шыққан түтіні мен лаулап жанған жалыны ешуақытта сөнбек емес, себебі артында ұлы Ақсерік пен  немересі Дамир бар.

 Адам Имашев,

«Орал өңірі» газетінің штаттан тыс тілшісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале