17.12.2021, 10:23
Оқылды: 27

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзілістің» бүгінгі қонағы  –  Сырым  ауданындағы Молдаш Қаналиев атындағы Алғабас орта мектебінің  «Көркем еңбек» пәнінен қосымша білім беру педагогі, аудандық балалар және жасөспірімдер  шығармашылығы орталығындағы  «Ағаш шебері» үйірмесінің жетекшісі Қабиев Нұрболат  Ұзақбайұлы.  

F73FD015-D332-4480-8120-4EA0F9F645BA

Дариға Ғазезқызы:

 –  «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, аудандық мәдениет үйіндегі шағын көрмеде сіздің және шәкірттеріңіздің қолынан шыққан дүниелерді көріп, қасынан кете алмай, шыр айналдық.  Ұстаз  қолтаңбасы «Тайға таңба басқандай» «менмұндалап»  тұрған  жанды бұйымдардың авторымен танысып,  тілдесуге асыққаным да сол.  Әңгімені балықшыдан бастағаным - мен де шебердің немересі едім. Атам – темір ұстасы,  әжем – зергер,  балбармақ тоқымашы болды. Саусақтары  тиген дүние «сөйлеп тұратын».  Сіздің   авторлық ерекшелігіңізді  әлде бір түйсікпен тани кеткенім де содан болар, мүмкін.  Дарын - о баста  бойға қанмен даритын қасиет екені белгілі ғой. «Тегінде бар тегі озар» деген...

 Нұрболат Ұзақбайұлы:  

 – Бәрі де мүмкін. Шынын айтсам, әңгіменің өзегіне дәл түстіңіз... Тағдырлы елміз ғой. Ішінде  біз де бармыз. Атамыз соғыста қаза болып, бір баламен жастай жесір қалған әжеміз екінші рет тұрмыс құрған екен.  Сосын да болар,  тек туралы әжем көп тарқатып айта бермейтін.  Өртеңге құрған шаңырақтың жігін білдірмей, бір сызат түсірмей  ұстағандарын әкем мен атамның,  бауырларының бір-біріне деген шексіз  сыйластығынан көріп өскенбіз. Тек қана бертін келе, мен әскерден оралған соң ашты бұл құпияны атам мен әжем. Әкем коммунист болып,  басшылық жұмыстарда жүрген кезде  «Тұқымдарыңда сәбеттен қудалау көрген адамдар  бар екенін айтып  қойып жүрмеңдер, зияны тиер» деп  там-тұм әңгімелеп отыратын әжем марқұм. Содан түйгенім,  арғы  бабамыз – шебер болыпты. Шебер болғанда, ел аралап жүріп,  бүгінгіше айтқанда, «заказбен»  жұмыс атқарады екен.  Сыңайы,  темірші  болған сияқты,  елдің қазандарын жамап жүреді екен.  Сол шеберлікпен құрған  дүние-байлығы үшін зардап шегіп,  тәркіге ұшыраған... Әжемнің жағынан да шеберлер шыққан.

...1970 жылы Алғабас,  «Қызылту» кеңшарында дүниеге келіппін. Бала кезімнен Қособада  1-2  сыныпта оқып жүрген кезімнен сурет салуға әуестік оянды. Үйдің қасында кішкентай дүкен болды,  сол дүкеннің артында аяқ киімдерден босаған  қораптар шашылып жататын. Соларды жинап әкеліп, түрлі суреттер саламын. Байжан деген ағам қаңылтырдан дүмпітіп бейнелер салумен шұғылданады,  оның да қасынан шықпай, бір нәрселерін бояп, әрлей қоюға ұмтылып тұратынмын. Өсе келе мектепте қабырға газетін шығарысу,  плакат салуға жалғасты.  Әкем – география пәнінің мұғалімі,  мектеп директоры. Ол да суретші. Басында суреттерімді сынап,  ақыл-кеңес айтып жүретін,  бірте-бірте мақтайтынды,  одан кейін мақтанатынды шығарды. Сөйтіп,  мектеп бітіргенде қай мамандықтың жолына түсетінім өзінен-өзі белгілі болып  қалды. Екі жыл әскерде болғанда да әскери бөлімнің суретшісі болып,  қолымнан қаламым түспеді. Бір қызығы,  әскерде суретші де, жазуы көркем  каллиграфист «песірлер» де  ылғи қазақтан шығатын. Басқа ұлттар бар, бірақ ондай қабілеттілер жоқ.

Сөйтіп, әскерден келген соң  Оралдағы суретшілер сапына қосылдым да кеттім. Кәсіби шеберлер бригадасын құрып, безендіру,  жарнама,  әрлеу жұмыстарын атқардық. Жеке қолтаңба, бәсекеге қабілеттілік дегендер сонда қалыптасты. 1992 жылдан бастап іс қожырады, жалақы жоқ, тапсырыс  жоқ, әркім жан бағу қамымен кетті. Мені  ұстаздарым  өз ауылыма мектепке шақырып,   мұғалімдікке оралтты.  1997 жылдары жалақы жоқ,  тұрмыс қиындады.  «Балапан басына,  тұрымтай тұсына»  дегендей,  әркім жан бағудың жолын қарастырып жатты. Баз бір мұғалімдер сауда-саттыққа шығып кетті. Мені де қаладағы жолдастарым кәсіппен айналысуға шақырған,  бірақ ойлап-ойлап, «Не болса да елмен бірге көрермін»  деп шештім де, ауылда қалуды ұйғардым. 2003-2007 жылдар аралығында М. Өтемісов атындағы гуманитарлық-педагогикалық университетінің бейнелеу өнері және  сызу факультетінде оқып,  диплом алып шықтым.  Мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп есептеймін. Жоспар көп,  сосын да жалығуға уақыт болмайды бізде.  

 Дариға Ғазезқызы:

– Байқағаным, әр бұйымды асқан дәлдікпен, мазмұнмен жасайды екенсіз. Бір-бір композиция.  Бір-бір шығарма. Идея қалай келеді?  Шәкірттерге ой өрнегін жеткізіп, әдемі орындату үшін де ішкі түйсік керек қой. Мысалы, көздің жауын алатын «Ынтымақ әуені»  композициясы - ұстаз бен шәкірттердің ұжымдық  еңбегінің жемісі.

 Нұрболат Ұзақбайұлы:

– «Өнеркәсіп өндірісі  ел ішінде қолөнерді дамытудан басталады» дейді менің ішкі түйсігім. Кеңестер одағының кезінде  өзіндік қолтаңбасы бар шеберлердің ісін дамытпақ түгілі,  керісінше, тұншықтыру бағыты болды.

Жаппай бірізді стандарт, «штамповка» үстемдік құрды. Бірі-бірінен аумаған жиһаздар,  бұйымдар, үйлер,  қалалар қаптады. Жеке тұлғалық қасиет қайтіп қалыптассын ондай жағдайда. Ал  дамыған  елдерде, керісінше, «индивидуальностьқа»  қатты мән берілді, бәсекеге қабілетті кәсіптік ортаның қалыптасуына жол ашты. Тәуелсіздік орнаған соң ғана қолөнерге сәл-сәл жан кірді. Бірақ әлі жеткіліксіз. Біздің үйірмеде,  еңбек сабағында  ептеп жасаған бұйымдарымыз бен идеяларымыз не болсын.

Әр ауылда қолөнер дүрілдеп дамып, әр түрлі цехтар жұмыс істеп, оза шапқандары ірі кәсіпке ұласып жатса, арман не... Дегенмен  жоқтан  бар құрап,  ұрпақты еңбекке баулыған болып жүреміз. Біраз композицияларымыз да бар. «Ынтымақ әуені»  жұмысы шәкірттерге елімізде тұратын ұлттардың музыкалық аспаптарын ағаштан ойып,  жонып жасап шығуға тапсырма беруден басталды.  Баланың істегені көрінбейді, олар  өз объектілерін өздері таңдап,  кітап ақтарып,  интернет қопарып жүріп, детальдарын, штрихтарын әбден зерттеп шықты әуелі.  Сағаттары жыл санап қысқара беретін еңбек пәнінің материалдық базасын  айтпай-ақ қояйын,  балалармен өзім бірге жүріп, кәдімгі ағаштардың қиықтарын,  сынықтарын жиыстырып, соларды пайдаға асырдық. Нәтижесінде алуан түрлі аспаптардың кішкентай ғана, айнымаған көшірмесі жасалып  шықты.  Бәрін бөлек-бөлек тұғыршаға орнатып,  содан соң тұтас бір қондырғыға қатарластыра тізіп, бекітіп  қойдым.  Керемет ансамбль,  жоқ,  оркестр пайда болды. Құлағыма әуен келді. «Ынтымақ әуені». Татулыққа,  бірлікке,  ұлтаралық жарасымға  шақырады  ол отандастарымызды.  Жалпы, суреттің де, бұйымның да жалаң болмай, терең мазмұнға,  ойға  жетелейтін мәнге құрылғанын қалаймын. Бұл да сонау бала кездегі шатпақ суреттерімнен басталған. Мысалы, қыс суретін салсам, іскірттен шанаға шөп тиеп  әкем немесе ағам келе жатады, анадай жерде иін­ағашпен су алып келе жатқан қоян, есік алдында отын жарып жүрген аю дегендей қызық бейнелер жүреді.

Егер қазіргі заманда дүниеге келсем,  аниматор  болар ма едім, бәлкім... деген ой келеді кейде.

 Дариға Ғазезқызы:

– Иа, әр  заманның бояуы басқа,  талғамы бөлек. Адам да, адамның көзқарасы да  уақыт толқынына қарай өзгерістерге ұшырайды.  Алдыңғы аға буын мен кейінгі  жастардың  арасындағы айырмашылық та,   түсінбеушілік те соған байланысты болса керек.  «Ауыл-ауылда қолөнер цехтары болса»  дегенге мен де қосыламын.  Құрманғазы Сағырбайұлының руы – Қызылқұрт, оның ішінде  Ершісі  екен.  «Ерші» атануы – бұл тармақтан тараған тұқым шеттерінен өнерлі, ер-тоқым, ат-әбзелдерін,  домбыра  аспабын жасайтын шебер болады.  Сол өнерлерін кәсіпке айналдырып,  ол ауылдар  шаруаға ұқыпты,  тұрмыстары күйлі тұрыпты  дейді.

 Нұрболат Ұзақбайұлы:

– Айтпағым сол ғой, бір ауыл – бақшашы,  енді бірі тігінші,  тоқымашы,   балташы, ағаш шебері, шұбат-қымыз өндіруші дегендей, бір-бір кәсіпті дөңгелетіп отырса,  аймаққа қолтаңбасымен танылып,  айырбас,  сапаға бәсеке дегендер өз-өзінен қайнап жатар еді. Әзірге ондай ұмтылыс байқалмайды. Алдау-арбау, пысықайлықпен мал табу, иманды ұмыту белең алды. Баланы еңбекке баулып  жетілдіруге деген  ниет атымен жоқ.

Қолына қашау,  балға ұстап көрмей өскен ұл қандай еркек болады ертең?  Ертелі-кеш телефонға үңіліп, вайфай аулаудан басқаны білмейтін  ұрпақ  тұтас жат болып шыға ма деп қорқамын.  Жанынан өткенге сәлем берумен істері жоқ,  «Өй!»  деп қалсаң, шошып, жалт қарайды. Көзі саған қарап тұрған сияқты,  бірақ ойлары интернет қуып жүр.  Олардың бәріне компьютерде жұмыс істеу бұйырмайды ғой ертең,  сонда  клавиш түрткілеуден басқаға икемі жоқ ана қолдарымен қайтіп  нан таппақ?

Ауылда дамытқысы келген адамға өнер көп.  Малдың сүйегі,  терісі,  жүні – бәрі шикізат. Оларды пайдаға асырудың жолын іздеудің орнына,  шет елден дайын өнімдерді әкеліп, көтеріп сатуды дәстүрге айналдырдық. Өзбектің, түріктің,  қырғыздың тағы басқа елдердің шығарған өнімдеріне тәуелдіміз. Ал олармен сауда, қарым-қатынас тоқтап, шекара жабылып  қалса ше, індеттің қатері қандай екені қазірдің өзінде білініп тұр емес пе?.. Өзіміздің қолымыздан түк келмей ме шынымен? Меніңше,  талпынып,  тірілмесек болмайды.  Әкемнен қалған қара папка сақтаулы менің үйімде. Ішінде қолөнер шеберлеріне арналған ақыл-кеңестерді газет-журналдардан қиып алып, қалың дәптердің беттеріне жапсырып тастай берген.  Бәрі бар.  Слюдамен жұмыс,  мүйізді қалай балқытып,  мөлдіретіп бұйым жасауға болатынына дейін баяндалған. Қазынам сол. Әлі күнге керегімді табамын, бетін ашсам.  Міне,  бұл – әкемнің бізге деген ниеті.  Бейімділігімізді байқап, баулуға тырысқаны, жөн көрсеткені.   Ал  қазіргі ата-әжелерде ондай уайым бар ма өзі?  Теледидардан не көріп өсіп жатыр ұрпағымыз,  оны да ойлап жатпаймыз бас қатырып. Идеология еңбекке қарай, ұлттық арнамызға қарай бет бұрмаса,  оңалып кете қоюымыз екіталай. Жасыратыны жоқ,  «Мына өмір менің әлемім емес» дейтінім бар кейде құрдас-қатарластарыма. Мен еңбегімді саудалауды да,  ақы-пұлсыз  аяқ баспауды да білмейді екенмін.  Риясыз, тегін көмектесе салу,   қуанта қоюға асығуға тәрбиеледі бізді.  Сол тәрбие – тәрбие,  бұлтара алмайсың. Жасыңда алған сабақ өмір бойына ұмытылмайды. Бесік жасасам, ырымдап,  ниетіммен арнайы жасаймын.  Қасиетті домбыраны кәдесый жасасаң да, қорламай,  әдемілеп жасау керек деп білемін.  Ақша табу үшін соқталап,  сабын добалдай, шанағын томардай қылып шығара салатын «шеберлердің»  жұмыстарын көргенде жаным күйеді. Бала көргенін сіңіреді.  Не жасаса да, жауапкершілікпен жасау керек қой,  әсіресе, ұлттық қазынаға келгенде.

Кішкентайымызда үйде гармонь,  домбыра болды.  Соны шұқылап жүріп үйренгенім әлі күнге азық.  Зиянын көргенім жоқ.  Ал  қазір отырған 25 баладан «Кімнің үйінде домбыра бар?» деп сұрасаң,  4-5-і ғана қолдарын көтереді.  Өнерден мақұрым қалдыру – обал емес пе?

 Дариға  Ғазезқызы:

– Иа, тосырқай қарайтын,  қабылдай алмайтын құбылыстар баршылық. Мақтан сүйгіш,  мадақ сүйгіш,  «шөп басын сындырмай-ақ» ақша таппаққа ұмтылғыш, пиаршыл, мансапқұмар жастар көбейді. Жағымпаздық та «инвестицияның»  бір түріне айналып кеткен.  Жемқорлық туралы айтудың өзі ауыр...

 Нұрболат Ұзақбайұлы:

– Мадақ сүйгіш демекші,  ұстаздық жолымда марапат,  жүлде дегенге де мән бермеппін.  Байқаулардан орын алғанымыз  туралы диплом,  грамота,  сертификаттарды да жинамаппын ғой,  марапат, атақ түгілі. «Сарапшы-ұстаз» деген дәрежеге портфолио жинағанда  бір-ақ біліп, аннан-мұннан әзер жинақтап алдым. Ал бүгінде онлайн конкурс,  ақылы іс-шаралардың «күшігі жүгіріп»  тұр.  Ол не береді?  Көз алдау ма,  құр атақ жинау ма?

Өмір сүруге икемді, ой-өрісі кең ұрпақ өсірудің нақты жолынан ауытқып  кетпесек жарар еді біржола. Қарапайым ауыл мұғалімінің пікіріне құлақ түрер біреулер болса, мені ойландыратын осындай-осындай мәселелер.

Пәнімнің аты – «Көркем еңбек».  Сосын да шәкірттерімді көркемдікке, маңдайы терлеп еңбек етуге үйретуден  жалықпаймын.  Көрмеге қойылған бұйымдардың ішінде  «Ұлы дала»  деген  дүниені көрген шығарсыз. Көшеде жатқан қойдың тоқпан жілігі көзіме түсті. Сынған жері қыранның басы мен топшысына ұқсайды екен. Алып келіп,  қырнап,  ысып,   қасына мүйіз қынап,  қыл байланған найза қойдым да,  ру таңбалары жазылған тұғырға қондырдым. Ақ иық,  тұйғын көз қыран болды да шықты!  Осындайды көріп, үйреніп өскен бала ойлы болар деп үміт қыламын мен.  Дода-дода,  буда-буда болып жерде жатқан жібек жүн, арт жақта ырылдасып, ит сүйреп жүрген малдың терісін ысырап қылмай,  пайдаға асыруды батыл  қолға алатын кәсіпкерлер, бәлкім,  осылардың арасынан өсіп шығар...

 Дариға Ғазезқызы:

– «Өнер» деген сөздің этимологиясы «Өндірсең, өнер, өндірмесең, қалар» деп тұрғандай сезіледі маған. Еңбек са­бағына бей-жай қарауға бол­майтынын өмір көрсету­лі,  түсінер ел болса. Ол енді өз  алдына бір пара әңгіме...

Дариға Мұштанова,  

«Үзіліс»  арнайы бетінің қоғамдық  редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале