Бозбалалық шақ өтпелі. Бір күні өмір сапарының тарау-тарау жолының өзіңе тиесілісін бәрібір таңдайсың. Жалынды жастығың өтіп, есейген кезеңде жақсы жанға жолығып шарапатын көрсең, таңдауыңның бекер емес екені айқындай түседі. Ал өмір жолыңда қандай да бір жетістікке жеткенде өзіңе жолбасшы болып жөн сілтеген жанға деген құрметің арта түседі екен.
Көкейімде журналист болсам деген арман болғанымен, оған жетудің жолын сілтейтін, қолыма қалам ұстататын жан болмады. Өзге замандас журналистер секілді «Ұлан» мен «Балдырған» сияқты балаларға арналған басылымдарға да мақала жазып көрмедім. Тек құр армандап, журналист болудың жолын іздеумен ғана болдым. Содан отбасын құрып, жанұя бағар кез келгенде тағдыр жазуымен жұмыс іздеудің қамымен сол кездегі Зеленов, қазіргі Бәйтерек ауданына қоныс аудардық. Сөйтіп бірнеше ай жұмыссыз жүріп, аудандық газетке тілші керек дегенді естідім де, бала күнгі арманымды орындамақ ниетпен тілші қызметіне араластым.
Ол кезде Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің редакторы қызметін Мақсот Қабошұлы Ержанов атқарып жүрді. Алғашқы жұмыс күні менің редакция алқасымен таныстырып, қандай да сұрақ болса, жауапты хатшы Николай Михайлович Берендяевке жолығуыма болатынын айтты. Қарапайым ағаның болмысы бірден ұнады дей алмаймын. Оның үстіне тәжірибелі маман жас журналистке сын көзбен қарайтыны да бар. Десе де, біраз әңгімелесіп, оны-мұны сұрасқан соң жауапты хатшы екеуміздің көп ұқсастығымыз бар екеніне көз жетті. Күніге жанында отырып, білмеген дүнияларымды сұраймын. Қанша жерден жұмыс көп болса да, бір қабақ шытпай білгенін үйрететін жанның әр ақылы жанымды жадыратып, арманымды қанаттандыра түседі.
Бірде кезекті сұхбат барысында «Журналист өз шығармашылығы арқылы қоғамға, адамға қызмет етеді. Әр мамандық сияқты журналистің де өзіне қатысты білімі, іс-тәжірибесі болады. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе, қоғам да сол дәрежеде дамиды. Сондықтан әр сөзіңе мұқият бол. Немқұрайлылық соңы жақсылыққа апармайды» деді Николай Михайлович.
Алғашында ол сөзге үлкен мән бермесем де, ойлана келіп, журналистің ең басты қаруларының бірі оның отты сөзі, өткір тілі емес, ұқыптылығы мен жауапкершілігі екенін түсіндім. Содан бері әр мақалама үлкен жауапкершілікпен қарайтын болдым. Ізденісті серік етіп, НиколайМихайловичтің сөзін естен шығармауға тырыстым. Осы күні газет редакторы қызметінде жүрсем де, білмегенімді өзім ұстазым санайтын Николай ағамнан сұрап аламын. Ол да үйретуден бір сәтке де жалықпады.
Николай Михайлович қашан да журналистика қызығатын мамандық емес екенін айтып отырады. Өйткені оның ойынша ол жұмыс көп ізденісті талап ететін қызығуды емес, махаббатты қалайтын мамандық екен.
-Журналист қажет кезінде журналист те, экономист те, саясаткер де, спортшы мен дәрігер де бола білгені жөн. Себебі ол дайындағалы жүрген ақпаратты, мамандықтарды, оқиғаларды өзі сезіне білуі керек. Сонда ғана жұмысы жемісті, өтімді болады. Журналистің ойы ұшқыр, кез келген жағдайға дайын, төзімді болуы тиіс. Ақпарат көзі қайда болса, сол ақпаратты бірінші болып халыққа жеткізудің жолдарын қарастыру керек. Әрдайым шындықты айтып, өзінің «төртінші билік» өкілі екенін ұмытпауы тиіс,-деп айтудан да ол кісі шаршаған емес.
Жасыратын жоқ, Михайловичтен үйренгенім көп. Ол кісінің шешендігі мен әділдігі, іскерлігі мен білімділігі мені ғана емес, өзгені де баурап әкетеді. Қалай болғанда да, Николай ағаға ұқсағым келіп тұратын. Бұл біреуге еліктеу болып көрінетін шығар. Бірақ, оның жасындағы кей азаматтар интернеттің шарықтау шегі ватсап деп жүргенде, ол кісі өзі ізденіп, қажетті ақпараттың анық-қанығына көз жеткізуге тырысады. Фактчекингті де едәуір үйреніп алған. Еліктесем, мен оның жаңашылдығы мен жақсыны үйренсем деген талпынысына еліктеймін. Переметныйдың түлегі саналатын ол қазақ елінің шын жанашыры.
Әр жазған мақаласын ой елегінен өткізіп, бүге-шүгесіне дейін зерттейтін ағамыз бір жазбасында адамзат дамуының алдағы кезеңдеріне жаңа технологиялардың өмірімізге енуі жайында болжамдар жасап, оны газет бетіне түсірді. Аталған мақаланы оқи отырып, оның білімінің тереңдігіне, ізденгіштігіне әрі әр дәйекті жан-жақты талдай отырып, нақты тұжырымдар жасай білу қабілетіне қатты таң қалдым. Мақаласында ол «адам табиғаттың құлы емес екенін айта келіп, алдағы уақытта табиғат заңын біліп түсінген және соның ыңғайына қарай өз құдіретін жүргізе алатын білімді де ақылды адам ғана әлемді мойындататынын» айтады. Бүгінгі таңда бұл қағидамен келіспеске амалымыз жоқ. Қазіргі күні ағамыз өзі айтып кеткендей, «ғылым өсімдіктер мен дақылдарға керекті ауаны да, қоректі де, сәулені де «жасанды табиғи» ортада жасап қамтамасыз етіп», жер бетінде тіршілік етіп жатқан тұрғындардың бәріне жетерлік мөлшерде сапалы әрі құнарлы өнім өндіру үрдісін жолға қойды. Болашақта ол ісі жетіле беретініне көптің көзі жетті.
Ел мүддесіне адалдықпен қызмет етуді ғана ойлатын азамат өз елінің өткені жайлы да ет жүрегі елжірей отырып қалам тербейді. Тарихтың сабақ алар тұстарын санамалап, халықтың жадынан өшірмеу бағытында да өнімді еңбек етуі керек деген ойынан еш айнып көрмеді. Артынан ерген жас әріптестерін де сол бағытта жұмыстануға шақырады ол.
Ел тәуелсіздік алған күннен осы шаққа дейінгі аудан,облыста болған өзгерістерді қағазға түсіріп, ел жадында сақтауға ұмтылатын ағамыз қашан да барды бар, жоқты жоқ деп айтып үйренген. Осы кезге дейін оның біреуді орынсыз мақтап не сынағанын көрмедім. Әр айтар сөзін жетер жерге жететіндей етіп айтатын шешендігі де бір төбе.
Жасыратыны жоқ, кей замандастарымыз да, тілшілік қызметте жүрген біраз азаматтар да әркімді бір мақтап, қызметкерді тұлға етіп, түрлі марапатқа ие болып жатқанын да көреміз. Николай Михаловичтің адалдығынан да шығар,ода жазып ұпай жиып, мадақ жазып мақтау алып көрмеді. Бір естелігінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аудан газетінің жай-күйі қалай болғанын айтты.
Қазіргідей көл-көсір ақша жоқ кезеңде де елге ақпарат таратып, аудандағы оң өзгерістерді халыққа жеткізу ісін ойдағыдай атқарған. Әр газетті ауылдағы ағайынға жеткізуді қандай да болсын жолын қарастырған сол кездегі редакция жұмысының қаншалықты қиын болғанын қорқынышты түстей есіне алады журналист.
-Газеттен айырылып қалатындай жағдай болды. Тиражымыз 600 газетке дейін түсіп кеткен кездер де болды. Аула аралап, оқырманға газет ұсынған уақыттарымыз да болды. Жалақы алмадық. Кей тұрғындар газеттің ақысын май,ұн сияқты азық-түлікпен бергені де есімізде,-дейді Николай Михайлович. Мамандыққа деген адалдық осы болар?
Қанша жерден жаңашыл болса да, ескіге құрметпен қарайтын Николай Михайлович осы күні ұмыт бола бастаған кей сәтте сақталмай қалатын журналистік этикаға үлкен мән береді және барлығын оны сақтауға шақырады.
Осы күні Николай Михайлович өңір журналистикасының қара нарына айналды десек, артық айтқанымыз емес. Оның тәжірибесі мен білімі біраз маманға азық болары сөзсіз. Аудан газетінің деңгейі өсіп, өзіндік шыңынан түспей тұруының бір себепкері де Николай Михайлович.
Николай ағам тек мықты маман ғана емес, бауырмал жан. Бірнеше жыл бұрын жұмыс ауыстырып, Орал қаласына кеттім. Ауылға көп келмегендіктен, бір сәті түскенде журналистикаға жолымды ашқан аудан газетіне бас сұғып, Николай ағаға сәлем бере кірдім. Кабинетіне кірген бойда жүзі нұрланып, күлімдеген күйі орнынан қозғалып, маған қарай беттеді. Дүр дүние көз алдымда дөңгеленіп кеткендей күйге түстім. Жанарынан мейірім төгіліп, құшағын ашып келе жатқан жайсан жанның кең құшағы әкем марқұмның құшағындай болып кетті.
–Жұмысың көп екенін білемін. Бірақ жұмыс ауыстырғалы газетке бір рет қана келгенің қалай?-деді. Мен көп уақыттың жоқ екенін айтып ақталдым. Ол кісі сабырлы қалпынан айнымаған күйі:
-Әрине, жұмысты ұмытпаған жөн. Десе де, оқуға ниет қойғаныңды қалаймын. Жаңа нәрсені үйренуге ұмтыл.Жаңа ғасыр оқығанның емес, білімін тәжірибемен ұштастыра білгеннің, жаңашылдыққа ұмтылғанның заманы болады,-деді.
Расымен де солай болды. Өйткені қазіргінің тілшісі теорияда ғана емес, практикада да шебер бола білуі керек. Жаңашылдыққа жаны құмар, оқырманының сұрауын қанағаттандыра алар жаңалық ұсына білуі қажет.
Қайраткер ағаның бүгінгі келген алпысы қажырын сарқи алмайды. Мен оған сенімдімін! Өйткені менің рухани ұстазым, облыс журналистикасының қара нарына айналған Николай ағам тұғыры аласармас тұлғалар тегінен.
Туған күніңіз – асқаралы алпысыңыз құтты болсын, аға! Сіздің маған ғана емес, барша облыс журналистеріне береріңіз әлі көп. Ол – ақиқат!
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz