21.12.2021, 10:21
Оқылды: 118

Қымбат-ау, қыздың ар-мұңы...

Қоғам үшін үлкен мәселе, сорақы дүние – қаракөздеріміздің ерте жастан жүкті болуы. Ашығын айтар болсақ, бұл күні жасөспірім қыздардың оң жақта отырып-ақ, құрсақ көтеруі жиіледі. Оны естіп те, көріп те жүрміз. Бұрындары қысылғанда қуыс таппайтын құбылыс енді бір-екі жел сөзге ұласып, жабулы қазан жабулы күйінде қалатын болды. Бұл өзекті мәселенің мән-жайынан қалың көпшілік, әрине хабардар. Өрімдей жас қыздардың абыройынан айырылуы олардың өміріне өшпестей сызат қалдырады. «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» дегендей, бойжеткен қыздың соңынан қашанда сөз еретіні белгілі. Жастықтың дәмін татпай жатып, зарын тартатын қыздарымыздың өмірі, жүрегі бар жанды алаңдатпай қоймасы анық.

A teenage girl holding a pregnancy test

Кім кінәлі?

Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға уақыт бөлмейтін ата-ананы ма, әлде ортаны ма?! Бәлкім, дана Абай айтқандай, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі «виноват» болар? Иә, «адам баласын заман өсіреді», әйтпесе кешегінің Баяны мен «жыры» таусылмаған бүгінгі Баянды салыстыруға болмас...

Облыстық полиция департаментінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, өңірде кәмелетке толмағандар қатары 186 мыңнан астам жасты құраса, оның 27 мыңнан астамы - 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Сондай-ақ жыл басынан бері ерте жүктілік бойынша 72 оқиға тіркелсе, осы ұятты жағдайдың тоғызы 16 жасқа толмаған балауса қыздар. Осы тіркелген оқиғалардың үштен бір бөлігін Бөрлі ауданы құрап отыр.

«Біз бәрінен хабардармыз...»

Тақырып бойынша ауданда тіркелген оқиға саны төртеуге жеткен. Төртеуі де кәмелет жасына толмаған «партадағы аналар».

Бүгіндері, өкінішке орай, ауданымызда кәмелет жасына жетпегендердің ерте жүктілігі бойынша 4 оқиға тіркелді. Алайда олардың екеуі басқа аудан мен облыстан Бөрлі ауданына жүктілігі анықталғаннан кейін көшіп келген. Жасөспірімдердің ең кішісінің жасы – 15-те. Барлық жасөспірім білім алуда. Олармен  мектеп психологтері байланыс орнатып,  психологиялық кеңес беруде, – дейді бұл тақырыпқа қатысты аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлнұр Қосжанова. Ал аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция майоры Ләззат Өтекеева былай деп әңгімеледі:

– Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабының 1-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Барлығы да толық отбасында тәрбие алып жатқан жасөспірімдер. Бұл жерде «Кім кінәлі?» дейін десең, кейде шынымен тығырыққа тірелесің. Неге десеңіз, оқиғаға қатысты жасөспірім қыздардың ата-анасымен сөйлескенде олар: «Біздер қыздарымыз туралы білеміз. Неге білмейміз? Бірге дос болып жүргендерінен де хабардармыз. Бірақ «Сақтанып жүргендерің жөн деп ашық айтып жүрдік...» деп жатады. Ата-аналарының сөзі осындай. Осыдан кейін не айтарыңды да білмей қалады екенсің. Біздің сонда гинеколог мамандармен бірлесіп мектеп, колледж аралап, түсіндіріп жүрген жұмыстарымыз кім үшін?..

Мамандардың сөзіне қарағанда, мектепте оқып жүріп-ақ,  бойына бала біткен  қыздардың ата-аналары «Қандай жағдай болса да, жастар бірге болады, жастары жеткенде некеге тіркеледі, біз өзіміз бәрінен  хабардармыз» дегенді айтыпты-мыс.

«Партадағы аналар»

Шынымен, не айтарыңды білмей қалады екенсің, иә? Ата-ана «Бәрінен хабардармыз, біз ескерттік, бірақ өздері солай шешіпті» деп жайбырақат отыра берсе, «партадағы аналар» көбеймесе, азаймайды емес пе?.. Махаббаттың буына мас болып, жаңсақ қадамға ерте ұрынатындар сезімнің жетегінде кетеді де, сол сезімге тағдырын билетеді. Ақыл емес, сезім басқарған өмірлерінде тағы да ата-анасы тарапынан осындай қолдау болып жатса, сезіммен «есі ауысқан» желкілдеген жас құрақ, әрине өз білгендерін жасайды. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Баласы үшін алаңдамайтын ана жоқ. Дегенмен жұмысбастылығын, өзге де сылтауларын айтып, «білмей қалдым ғой» деп бармақ шайнап отырған әке-шеше аз емес.

«Екі тараптың да мәселесі қаралуы керек...»

– Өздеріңіз білесіздер, қазір үйде де, мектепте де, жұмыс орындарында да тегін интернет бар.  Яғни әлеуметтік желілерден қалағанын тауып, көргісі келгенді көре береді. Мұның зиянды тұстары да бар. Себебі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер одан керегін де, керек емесін де тамашалайды. Әсіресе, оңы мен солын әлі ажырата қоймаған жасөспірімдер ата-аналары көп сөз ете бермейтін кейбір құпия дүниелерді осыдан үйренеді де, одан кейін соған өздері барады. Және бір өрескелдік, кей қыздардың мектеп қабырғасында жүріп-ақ, мектепке  боянып, тым ашық-шашық киініп баруы қалыпты жағдайға айналғандай. Сол бояну арқылы ерте есейеді. Ерте жастан жүкті болудың бірден-бір себебі де – осы. Ал мектеп қоғамды тәрбиелейді.

Сондықтан мектеп өз ережесіне оқушыны да, оның ата-анасын да бағындыра білу керек. Рас, ата-ана алғашқы тәрбиешісі, оларды кінәсіз деп айтпаймын. Расында, қызымен сырласып немесе ержетіп келе жатқан ұлымен ашық сөйлесер әке аз. Біздің қазақы менталитет сол «қой әлі ерте, ұят болады» деумен бұл тақырып туралы мүлде сөз етілмейді. Мектептерде  аналармен болған жиналыстарда осы тақырып бойынша  сөз етіп, «кінә кімнен» деп сұрақ қойсаң, аналар бірден қоғам, әлеуметтік желі, қала берді мектеп, осы тақырыпты қозғап түсіндіретін психологтер де кінәлі болып шығамыз. «Сендер ерте  бастан түсіндіру арқылы қызығушылығын оятасыңдар» деп дүрсе қоятындар да бар. Ал өздерінің жұмысбастылығын, қызымен ортақ әңгімелеспеуін мүлдем ескермейді. Атын атап, түсін түстемейміз,  сөйте тұра қызын жетектеп, оның құрсағына біткен шаранадан оңай құтылудың амалын іздеп, ақыры дегеніне жетіп, тып-тыныш отырғандар да бар қоғамда. Ал ол бұл істің қызының ертеңіне балта шауып жатқанын  ескермейді  де,  ескергісі  де  жоқ.

Менің маман ретінде, ана ретінде айтпағым, қазір бәрі ашық түрде болатын заман. Қанша жерден қазақылығымыз басып тұрса да, әке ұлымен, ана қызымен сырласа білсе, ортақ әңгіме болса, ондай-мұндай келеңсіздіктер көбеймес еді. Ерте жүктілік орын алған жағдайда да, тек қыздарды ғана айыптай бермей, екі тараптың да мәселесі қаралу керек,  – дейді тілге тиек  болып  отырған тақырып аясында өз ойын біл­дірген жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың психологі Ботакөз Байқадамова.

Аборттың да ақыры

«Қызын жетектеп, оның  құрсағына біткен ша­ранадан оңай құтылудың амалын іздеп, ақыры орындап, тып-тыныш отырғандар да бар қоғамда...». Жоғарыда айтылған осы бір маман сөзін жоққа шығара аламыз ба? Өкінішке орай, жоқ. Себебі гинеколог мамандар: «Мемлекеттік емханаларда түсік жасауға үзілді-кесілді рұқсат жоқ болғанымен, облыста жеке емханалар жетіп артылады. Қайсыбірін түгендей аламыз. Ондай жолға барып отырғандар жоқ деп айта алмаймыз» деген еді.

Шыны керек, замандастарымыздың арасында да етегі жасқа толып, «Кезінде аңдаусызда от басып, кейін оңай құтылып, ештеңе біл­діртпеген болып едім. Аборттың зардабын енді тарттым» деп мойнына бұршақ салып, Құдайдан бала тілеп жүргендері қаншама?..

Демек, «Тәрбие басы – тал бесіктен» деген сөзді аналар қаперіне қайта алып, қыз тәрбиесінің тізгінін мықтап ұстауы да керек шығар. Осы ойымды жазып отырып, «Махаббат қызық мол жылдардың» авторы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «пәк болу үшін сақ болыңдар...» деп ескерте келе, қазақ қыздарына қалдырған өсиеті ойға оралды. «Қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық қадір-қасиетіне зер салыңдар. Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты – ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы» депті  өсиетінде жазушы.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале