Ақын Жанғали Набиуллиннің есімін орта мектептің жоғары сыныптарында оқып жүрген кезімде естіп-білген едім. Ол А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтын 1960 жылы бітіріп, алыс аудандағы газетте қызмет істеді. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрды. 1961 жылы Алматыдағы Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан (қазір «Жазушы») жарық көрген республика жас ақындарының ұжымдық «Жас дәурен» жинағына топтама өлеңдері енген болатын. Ол кезде алыс аймақта жүрген жас қаламгер үшін үлкен жетістік еді бұл. Мен сол 1961 жылы пединституттың бірінші курсынан әскер қатарына шақырылып, Солтүстік Мұзды мұхиттың жағасынан кеп бір-ақ шықтым.
Балауса өлеңдерім Тасқала аудандық «Озат еңбекші» (қазіргі «Екпін») газеті беттерінде жарияланып тұратын еді. Қалындығы бір елі дермантин тысты жалпы дәптерге өлеңдерімді қарандашпен жазатынмын. Институтқа түскенше, дәптерім біраз «тоғайып» қалған болатын. Әскерге аттанарда, сол дәптерімді облыстық «Октябрь туы» (қазіргі «Орал өңірі») газеті редакциясында қызмет істейтін журналист-ақын Хамидолла Қыдыров ағайға табыстап кеттім. Газеттің фототілшісі суретке түсіріп алды.
Иә, әскери тәртіп қатал ғой. «Гражданка» ұмытыла бастады. Редакцияда қалдырған өлеңдерім естен шықты. Содан, бес-алты ай өткенде, штабта писарь болып жүрген маған бандароль табыс етілді. Ашып қарасам, облыстық «Орал өңірі» газетінің өлеңдерім жарияланған саны екен. Жолдаған – институтқа бірге түскен өзім сияқты жас талапкер, кейіннен белгелі өлкетанушы-қаламгер болған, қазір о дүниелік Қайыржан Хасанов досым болып шықты. Белгісіз автордың, яғни менің сол туындыларымды Жанғали ақын оқыпты. Оралға, редакцияға қызметке ауысып, әдеби шығармаларды сараптап-саралайтын бөлімнің тізгінін ұстағанда, әскерде жүрген маған хат жазды. Газет бетінде «Біздің жас авторларымыз» деген тың айдар ашып, соны менің өлеңдеріммен бастауды жоспарлаған екен. Қуанып, қанаттанып қалдым. Әскери фотосуреттерімді қосып, Солтүстік Двина өзені жағалауында туған өлеңдерімді «Орал өңірі» газеті редакциясына, ақын Жанғали Набиуллиннің атына жібердім. Көп кешікпей сағынып-сарғайтқан Ақ Жайықтан, Оралдан тағы бір бандароль алдым. Бұл жолы бандарольді ақын Жанғали Набиуллин жіберіпті. Хаты және бар. Өлеңдерім туралы негізінен оң пікір білдіріп, біраз ескертпелер айтыпты. Содан, 1964 жылдың жазында әскер қатарынан босағанша Жанғали ақынмен хат арқылы хабарласып тұрдым. Ол кісінің қолынан өткен өлеңдерім «Орал өңірі» беттерінде жарияланып жатты.
Әскер қатарынан босап, Оралға келгенімде бірінші іздеген адамым – Жанғали Набиуллин болды. Танысып-табысып дегендей, ұзақ жылдар бойына бірге жүрдік. Мәселе өлеңге тірелгенде Жәкең өте қатал болатын. Ал әдеттегі тірлікте қарапайым еді. Өлең жазатын бозбаладан бастап, белі бүгілген қарияға шейін емен-жарқын қабылдап, жалықпай кеңес беретін. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдарында әдебиетпен әуестенген жандар ақын Жанғали Набиуллиннің төңірегіне топтасты. Жадымда сақталғандарын айтайын. Олар – Мәжит Қайырғалиев, Қуаныш Исағалиев, Мұқадес Есламғалиев, Серікқали Шарабасов, Алпамыс Бектұрғанов, Алпысбай Мұсаев, Рахымжан Отарбаев, Сағат Әбдуғалиев, Ботагөз Баймұханова, Ғайсағали Сейтақ, Амангелді Шахин... Осы жолдардың авторы да сол қатарда болды. Аудандарда да оны ұстаз тұтқан қаламгерлер баршылық еді.
Ақын Жанғали Набиуллин байлық, мансап қуған жоқ. Газет редакторы Хабер Нұрмұхамедов қолдау көрсетсе де, КПСС қатарына өтпеді. Ол шығармашылығын бірінші кезекке қойды. Күйбең тірлікке онша мән-маңыз берген жоқ. Поэзия дегенде жанкешті адам болды. Бұған Қадыр ақынмен достығы қатты ықпал етті деп ойлаймын. Екеуі тығыз байланыста болды. Телефонмен сөйлесіп, хат жазысып, кітап алмасып тұрды. Қадекең толық таныла қоймаған кезінде Жәкеңе жеңіл-желпі шаруалар тапсыратын. 1964-1969 жылдар аралығында мен үнемі Жәкеңнің жанында жүрдім. Ол бірде мені теміржол вокзалына жұмсап, Қадыр ағаның анасы Мағыраш әжемізді поездан қарсылап алуды тапсырды. Әжей тікмінез адам екен, «Жанғали қайда, сен кімсің?» деп біраз «тергеп» алып, сабасына түскені бар. Кейінірек Жымпитыға барып жүргенімде, мені іштартып жақсы көріп кетті, жарықтық.
Иә, облыста тұрса да, Жаңғали Набиуллин алматылық ақындармен үзеңгі қағыстырып жүрді. Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков сияқты көрнекті ақындар Жанғали Набиуллиннің поэзиясына жоғары баға берді. Жәкең мені 1966 жылы алғаш рет Алматыға алып барды. Сол сапарда Ізтай, Берқайыр, Жұмекен, Тұманбай, Сағи, Шәміл, Жүсіп ақындардың жұмыс орындарын көріп, дәмдес болдым. Мұқағали Мақатаев – Жәкеңнің тұңғыш «Ақ жаңбыр» кітабы талқыланғанда, оң пікір айтушылардың бірі болды. Жәкеңді Алматыда қызмет етуге шақырды. Таулы жердің климаты жақпай, дәлірек айтқанда, қан қысымы күрт көтеріліп, бас ауруынан зардап шегіп, Алматыда тұрақтай алмады.
Шынын айту керек, поэзияны екінің бірі терең түсініп, лайықты бағалай алмайды. Ал ақындар бір-бірінің мықты немесе осал тұстарын жақсы біледі. Сөйте тұра, бір-бірін оңайлықпен мойындай қоймайды. Әркім өзінше классик дегендей. Жанғали ақынның атын республикаға кеңінен танытқан Қадыр ақынның «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Осы жұрт Жанғалиды біле ме екен?» деген мақаласы болды. Сол бір кездерде Жанғали ақын еңбегінің еленгенін көріп, тыңнан түлегендей күйде жүрді. Қырық жылдық еңбегін елеп-екшеп дегендей, шығармаларының көп томдығын баспаға дайындауға кірісті. Ақ Жайықтың абыз ақынының бес томдығы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды.
Соңғы жылдарда ауыр дерт Жанғали ақынның аяғын тұсаумен қатар, тіліне де құрсау салды. Өмір қымбат қой. Десек те, ол жанына жақын, көңілі қалаған іспен ғана айналысты. Бұл Жаратқанның оған берген сыйы еді. Жанғали ақын ненің өткінші, ненің мәңгілік екенін білді. «Қаламмен жазылғанды балтамен шауып кетіре алмайтынды» дәлелдеді. Өзі кетсе де, сөзі қалды. Біздер, оның шекпенінен шыққандар көзіміз жұмылғанша ұмытпақ емеспіз! Мен ұстазым 60 жасқа толғанда «Жанғали ақын» деген кітап шығардым. Сол кітапқа енген «Өлеңімен озады» деп аталған жырыммен осынау мақаламды аяқтайын.
Өмір бойы аруақ тұтып жыр отын,
Соған ғана бағыштаған мұратын.
Елеусіздеу жүріп жатты Оралда
Қалың қазақ білетұғын бір ақын.
Түбінде бір кезек келіп өр үнге,
Біліп едім еленерін елінде.
Залым заман перісі емес, халайық,
Өлең сөздің серісі отыр төріңде.
Талшыбыққа жол бастағанқарағай,
Таршылықта қол бастаған дарадай,
Өлең отын үрлеуменен келеді
Замананың қабағына қарамай.
Қанағат қып ырыздыққа қолда бар,
Нағыз ақын тең өлең деп толғанар.
Күнде оны шаңға көміп кетеді
Жүйткіп жүрген
«Вольвалар» мен «Волгалар».
Жыр жиһазын жаппас уақыт тозаңы,
Ол қашан да биіктен қол созады.
Бұл күндері жаяу жүрген ақындар
Болашақта өлеңімен озады!..
Айтқали Нәріков,
ақын,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты