22.12.2021, 9:45
Оқылды: 109

Бірлестіктің бірегей бастамалары

Мәдениет – халықтың рухани қазынасы, болмысы, ақыл-парасаты және әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің санғасырлық жиынтығы. Мәдениеттің көшін алға жылжыту мақсатында қалалық мәдени-ағарту бірлестігі қызметкерлері зор еңбек етіп келеді. Қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің негізгі жұмысы өнерлі жандардың шығармашылығын дамытуға, жастарды қоғамдық өмірге белсене араласуға шақыруға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

-5222037254313193759_121

Бұл мекеме қала көлеміндегі түрлі іс-шараны ұйымдастырады. Аула клубтары мен комьюнити орталықтарында өтетін шаралардың деңгейін қадағалап отырады. Оларға бағыт-бағдар беріп, ақпарат құралдарымен байланыс жасайды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдермен жұмыс жүргізіп, тақырыптық семинарлар өткізеді.

Мекеме 1992 жылы құрылып, құрамына аула клубтары берілген. Мәдени-ағарту бірлестігі 22 клубтық мекемені қамтиды. Қазіргі таңда қаланың әр аумағында орналасқан 13 балалар аула клубы, 5 комьюнити орталығы, «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығы, Гагарин атындағы балалар кинотеатры, «Бойтұмар» клубы (көздері көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған), «Ақниет» клубы (құлағы естімейтін және нашар еститін адамдарға арналған) жұмысын жүйелі жүргізуде.

Жалпы саны 104 үйірмеге 2342 адам қатысады. Аула клубтары мен комьюнити орталықтары рухани мұраны, отбасылық құндылықтарды, достықты, ұлтаралық келісімді ұлықтап, құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық білім негіздерін насихаттау бағыттарында қызмет атқарады. Жаз мезгілінде әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері түрлі іс-шара ұйымдастырады.

2021 жылы бұл мекеме біраз шаруаны қолға алды. Ата-аналар алқасын құрды. Бала тәрбиесінің негізі – отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ бала үшін өмір мектебі болып саналады. Ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Жас жеткіншектің таным-түсінігі ата-анасының тәлім-тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Сондықтан да ата-аналар ұл-қыздарының білімді, мәдениетті, жан-жақты боп өскенін қалап, түрлі тәрбиелік мәні бар үйірмеге жаздырады. Ал бірлестік қашан да «болам деген баланың белін буған» мекеме. Бірлестікте «Ата-ана – бала бақытының бағбаны» атты жиын өтіп, ата-аналар арасынан Айгүл Өтегенова алқа төрайымы боп сайланды. Жиын мақсаты – бірлестік бойынша ата-аналар комитетін құру және ата-аналармен тығыз байланыс орнату. Олар өз баласын үйірмелерге қатыстыру арқылы ұл-қызының пайдалы іс-әрекетпен айналысуына мүмкіндік туғызады. Үйірмелерден тәлім алған оқушы түрлі іс-шараға қатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ата-аналар мен мекеме мамандары балалардың жан-жақты дамуы жолында аянбай тер төгуде.

188348276_1211710329265356_6015406060419592091_n

Гагарин атындағы балалар кинотеатры жанынан «Киноклуб» ашылды. Отандық, шетелдік фильмдерді насихаттау және беделін арттыру мақсатында ашылған клуб көркем және деректі фильмдерді тұрақты түрде көрермен назарына ұсынып, шығармашылық топпен жиі кездесу ұйымдастырады. Киноклубтың құрамына жергілікті қаламгерлер, сценаристер мен режиссерлер енгізілді. Киноклуб жұмысы ҚР «Кино туралы» заңының кинемотография саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін және оның құқықтық, экономикалық ұйымдастырушылығын айқындайтын ережесі негізінде жүзеге асырылуда. Клубтың ашылу салтанатына Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы, тележурналист Мұнайдар Балмолда, «Ақжайық» телеарнасының бас режиссері Жігер Құмаров және оператор Әлішер Ғұмар қатысты.

«Жасыл желек әлемінде» атты бау-бақша өсіру еңбек лагері ашылды. Лагерь жұмысы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Менің аулам – менің бағым» жобасын жалғастыруға, өңірдегі бағбандықты дамытуға, бау-бақша егуді жандандыруға, жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге, қаламызды көркейтуге бағытталған. Көктем мезгілінде көкөністер отырғызылып, жазда клубтар мен комьюнити орталықтарының тәрбиеленушілерімен бірге күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Еңбек лагері балалар мен жасөспірімдерді еңбекке шақырып, балалар арасында достық қарым-қатынас орнатып, туған жерге деген патриотизмді нығайтады.

2020 жылдың 28 ақпанында Алтын орданың 750 жылдығына орай «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры құрылды. Қазіргі таңда қоғамдық театр жұмысын жоғары деңгейде атқаруда. 2021 жылғы жаңа маусымда Ағила Сауранның «Кім патша болғысы келеді?» ертегісінің желісі бойынша жазылған Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» және Дулат Исабеков аударған «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісі көрерменге жол тартты.

Театрдың мақсаты – дарынды балалар мен жасөспірімдерді анықтау және шығармашылық қабілетін арттыру, жас буын кеудесіне адамгершілікті ұялату, актер өнерін жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың рухани дүниетанымын кеңейту, театр өнеріне қадам басқысы келіп жүрген балаларға қолдау көрсету. Қоғамдық театр алдағы уақытта талай сүйекті шығармаларды сахналайтын болады.

«Сұхбат алаңы» жобасы да оқушыларға қатты ұнайды. Жоба арқылы мамандар ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында облыс ақын-жазушыларымен, спорт, мәдениет және түрлі сала майталмандарымен кездесу өткізеді. Танымал тұлғалар естеліктерімен бөлісіп, тәрбиеленушілердің алдағы өміріне керек болатын кеңестер айтады. Қаратөбе елінің жарық жұлдызы болған, үш жүзден ән оздырған Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына орай «Мұхит мұрасы» жобасы ұйымдастырылды.  Сал Мұхиттың өнегелі өмірі мен шығармашылығы арқылы қазақтың ұлттық мәдениетінің бойтұмары саналатын ән өнерін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында құрылған «Мұхит мұрасы» жобасының алғашқы шығарылымында ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мұхит» қоғамдық қорының директоры, термеші, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжановпен сұхбат жүргізілген.

Биыл қалалық мәдени-ағарту бірлестігі біраз ауқымды шара ұйымдастырып үлгерді. Мәселен, «Жайық» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер фестивалі дүркіреп өтті. Екі күнге созылған фестивальге көптеген өнер майталмандары келіп, үздік фильмдерді анықтады. Іс-шара барысында «Қазақфильм» және жапондық «Tokyo New Cinema» компаниясы Қазақстанда тұңғыш рет бірге түсірген «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмінің тұсауы кесілді. Тәжікстандық фильм «Үздік фильм» атанды. Байқау жеңімпаздарының қатарында жергілікті режиссерлер де болды.

Қысқаметражды фильмдерге кино және театр актрисасы, Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешева, кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, режиссер, сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымының және «Ника» Ұлттық кинематографиялық сыйлығының иегері Самал Еслямова, режиссер, сценарист, продюсер Жеңісхан Момышев қазылық етсе, деректі фильмдерді танымал теле және кинооператор Талғат Тайшанов, «Ақжайық» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев, продюсер, сценарист, көптеген деректі фильмдер режиссері Айгүл Черендинова бағалады.

Республикалық «Бес асық» онлайн байқауы да сәтті өтті. Бұл байқау ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Өркен» комьюнити орталығының ұйымдастыруымен асық  ұлттық спортын дамыту және насихаттау мақсатында оздырылды. Бұл ойын баланың жетілуіне, ой-санасының дамуына әсер етеді. Сайысқа комьюнити орталықтары мен аула клубтарының тәрбиеленушілеріне қоса басқа өңір мектептерінің оқушылары да қатысты. Солтүстік Қазақстаннан келген балалар жақсы нәтиже көрсетті.

«Мәдениетім – мәртебем» облыстық туристік слеті мен «Аталар сөзі – тәрбие көзі» (бата айту), «Менің бала қиялым» (анимациялық фильмдер), «Қыз еркем кестесімен көркем» (қолөнер), «Алтын сақа» (отбасылық) байқауларының өту барысын оқушылар қызығушылықпен бақылады. Үздік палуандарды анықтаған «Өнер барысы» жарысы да жоғары деңгейде өтті.

Бірлестік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында мәдени құндылықтардың қадір-қасиетін арттыруда жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өнерді құрметтеу арқылы қоғамның маңызды бөлшегіне айналып келеді. Қазіргі танда бұл бірлестікке режиссер, хореограф, теолог мамандар қажет.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале