28.12.2021, 10:10
Оқылды: 106

Әкені ұлықтап, ананы сыйлап, қыз баланы құрметтеу керек

Оралдағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің «Отбасылық құндылықтар және рухани жаңғыру» атты аймақтық форумы өтті. Іс-шараға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы аналар кеңесінің өкілдері онлайн режімде қатысты.  

IMG-20211227-WA0133

Отбасы құндылығын, әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлін жан-жақты талқылаған басқосуды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев ашты.

– Еліміздің өркендеп, қанат жаюына ғылым-білім, денсаулық, мәдениет сынды басқа да салаларда еселі еңбегімен жарқырай көрінген  Қазақстан әйелдерінің, асыл аналардың, қыз-келіншектердің қосқан үлесі зор. Бүгінде мемлекетімізде отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі қалыптасты. Халқымызда «Алып анадан туады» деген нақыл бар. Бала тәрбиелеуде ананың рөлі орасан зор. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Ана баласына берген тәрбиесі арқылы жарқын  болашақтың  қалыптасуына да ықпал етеді. Сіздер еліміздің дамуына, қоғамдық, саяси және рухани әлеуетін арттыруға белсенді атсалысып келесіздер, – деген Дархан  Қаныбекұлы форумның жұмысына сәттілік тіледі.

Келесі кезекте онлайн байланысқа шыққан Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи  бала тәрбиесіндегі  әке мен ананың жауапкершілігі жөніндегі кесек ойларымен бөлісті.

– Тәуелсіздік – ұлы жеңіс. Алдымызда тұрған ұлы мақсат – осы жеңісті сақтап қалу. Олай болса, ел іргесінің беріктігін,  туымыздың биік-тігін қамтамасыз ететін азаматтарды тәрбиелеу – сіздер мен біздің алдымызда тұрған міндет. Қазан айында Президент Қасым-Жомарт Кемел-ұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен  ҚХА-ның кеңейтілген кеңесінде біздің алдымызға үлкен міндет қойылды. Ол  – қоғамды тәрбиелеу.  Осы бағыттағы стратегиялық жоспар ретінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын іске асырмақпыз. «Елу жылда ел жаңа» деген бар. Ал отыз жылды артқа тастаған біз  жаңа қоғамда  өмір сүріп жатырмыз. Олай болса, жаңа қоғамның талабы қандай? «Бүгінгі жастарымыз ертең қазақ болып қала ма?», «Ұлтымызды сақтамасақ, тәуелсіздігіміз тұғырлы бола ма?» деген сұрақтар – біздің алдымызда тұрған үлкен мәселе. Сондықтан аналар, не-гізгі жұмысымызды тәрбие жұмысына бағыттасақ деген өтінішім бар. Тәрбие нәтижелі болу үшін отбасы берік болуы керек. Мемлекеттің тұғыры да – берік отбасы. Ал отбасыны мықты ұстайтын әкелеріміз мықты ма? Жігіттерді тәрбиелеп жатқан кім? Елімізде алты жылдан бері «Әкелер одағы» деген қоғамдық ұйым жұмыс істеп келеді. Егер әкелер мен аналардың жұмысын ортақ арнаға түсірсек, күткен нәтижеге қол жеткізеріміз анық.

Біз өзіміздің кемшілікте-рімізді білгеніміз жөн. Соңғы жылдары  көп балалы аналарға қолдау білдіргенде оларға қаржылай, материалдық көмек көрсетуге басымдық беріп кеттік. Бірақ олар апарып берген затымыздан, ақшадан байып кетті ме, әлде баласы тәрбие алды ма? Мүмкін жанашырлық сезімін тудырған да дұрыс шығар. Бірақ қазақта «Балық берме қармақ бер» деген керемет сөз бар. Сондықтан аналардың кәсіби білімін же-тілдіріп, жеке ісімен айналысуына жағдай жасауға мән бергеніміз дұрыс.

Өткенде  Алматыда үш баласын өзімен бірге өлімге қиған  жас ананың іс-әрекеті де қоғамда үлкен проблеманың бар екенін көрсетті. Ана – баланың қорғаушысы. Олай болса, қандай қиыншылық болса да, баласын өлімге қию – өте жаман нәрсе. Бұл жағдай аналарға  психологиялық қана емес, құқықтық білім де қажет екенін көрсетеді. Өйткені басқа адамның өміріне қол сұғу жазаланатын күнә болып саналады.  Отбасында мұндай қасірет болмау үшін аналардың құқықтық сауатын арттыру керек, – деді Нәзипа Ыдырысқызы. Сонымен бірге ол білім беру мекемелерінде де ата-аналардың арасынан аналар кеңесін құру қажет екенін айтты. Баяндамашы айтып өткен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт»  жобасы  алдағы жылдан бастап жүзеге аспақ.

Форумды жүргізген БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Шалқыма Құрманалина баяндама жасады. Баяндамашының сөзінше, облыста 157 аналар кеңесі бар. Олардың қатарында 1230 ана белсенді жұмыс істеп жүр.

– Қазақта «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген сөз бар. «Қызға қырық үйден тию» деп, қызға ерекше тәрбие береміз. Өйткені ол – болашақ ана, әже. Негізінде тәрбиенің мәні – отбасындағы ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынаста. Әдеп те екеуара сыйластықта қалыптасады. Біз, аналар, балаларымызға «Әкеңмен ақылдас, әкең біледі, әкеңнің айтқанын орында» дегенді жиі айтуымыз керек. Өйткені соңғы кездері әкеге деген мұндай құрметті ұмытып бара жатқандаймыз. Еліміздегі демократия, гендерлік саясат бір жағынан қыздар мен әйелдерді бұзды-ау деген ойдамын. Сондықтан отбасындағы ер-азаматымызды, балаларымыздың әкесін сыйлайық, дәріптейік дегім келеді, – деді Шалқыма Хайроллақызы.

Форумда отбасындағы сыйластық, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі де сөз болды. Облыстық полиция департаментіндегі жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиевтің айтуынша, өткен он бір айда отбасы тұрмыстық  қатынастар саласында жасалатын құқықбұзушылық 37,8 пайызға төмендеген. Бұл қылмыстың 56 пайызы облыс орталығында тіркелген. Ал аудандар арасында мұндай заңбұзушылықтар  Теректі, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов және Ақжайықта орын алыпты. Отбасында құқықбұзушылық  жасағаны үшін 271 адам есепке алынған. Сонымен бірге өткен 11 ай ішінде Орал қаласында 3195 неке тіркелсе, 1485 жұп ажырасқан. Бұл туралы Орал қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Талғат  Қайрекеев баяндады. «Ажырасуға жұбайлардың өмірге деген көзқарастарының сәйкес келмеуі, мінез-құлықтарының үйлеспеуі, ішімдікке, есірткіге салыну, материалдық қиындықтар, жұмыссыздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, көзге шөп салу және басқа жағдайлар себеп болуда. Соңғы жылдары ерлі-зайыптылар арасында  атаулы әлеуметтік көмек алу үшін, жалғызбасты отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде тұру үшін, жұмыстан қысқарып қалмау мақсатында бір шаңырақ астында тұрса да ажырасу белең алуда. Өкінішке орай, елімізде отбасы құндылықтары жойылып барады», – деді Талғат Қырықбайұлы.

IMG-20211227-WA0132

Форумда Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы аналар кеңесінің төрайымы Гүлшат Зарипова және басқа да қатысушылар онлайн байланысқа шығып, басқосу тақырыбына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара барысында көп балалы аналарға облыс әкімнің атынан алғысхаттар табыс етілді. Басқосу одан әрі бірнеше  секциялық жұмыстармен жалғасын тапты.

Ясипа  Рахимқызы,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале