Жуырда «Nur Otan» партиясы БҚО филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері әлеуметік желіде бұралқы иттердің мәселесін көтерген жазбаларға байланысты Орал қаласында рейд жүргізді.
Олар рейд барысында «Жалын» базары, Алтын алма ауданы, №44 мектеп пен Назель дүкені аумақтарына барды. Орал қалалық ветеринарлық станцияның директоры Ғаділбек Әлібековтың айтуынша, шаһар мен оның маңындағы кенттік округтерде 20-25 мыңға жуық бұралқы ит-мысық бар. Биыл екі мыңнан астам ит-мысық зарарсыздандырылып, кестірілген. Тұрғындардың арызы бойынша Орал қаласында, Зашаған, Желаев, Деркөл және Круглоозерный округтерінде 1100 иттің көзі жойылған. Негізінен 10-12 мың қаңғыбас иттердің болуы санитарлық талаптарға сай келеді екен.
«Иттер табиғатынан жыртқыш. Сондықтан олардың біреуі шабуыл жасаса, қасындағылар да соған еріп кетеді. Еркек иттерді кастрация жасаған кезде олардың денесіндегі тестостерон деген гормондары азаяды. Сондықтан агрессиясы азаяды. Ал ұрғашы иттерді стерилизация жасағанда олардың ағзасында тестостероны көбейеді. Сол себептен агрессия да көбеюі мүмкін, - дейді ветеринарлық станцияның директоры. Айта кету керек, қалада мемлекеттік питомник жоқ. Тек екі-үш жеке қайырымдылық питомнигі жұмыс істейді.
Рейд барысында қаланың бірнеше ауданында бұралқы иттердің көп шоғырланғаны анықталды. Қаңғыбас иттің адамды қауып алу, шабуыл жасау оқиғалары кездеспеген. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Афиза Семғалиеваның сөзінше, мұндай рейдтік шаралар жалғасын табады. Ол тұрғындардың да ит-мысық асырағанда да жауапкершілікті ұмытпау қажет екенін айтты. Итті керек еткенде бағып, қажетсіз көргенде далаға шығарып жіберуге болмайтынын жеткізді.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz