31.12.2021, 9:20
Оқылды: 50

Бибігүл Жұмағұлова, Бөкей ордасы аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер: «Атакүлдігімнің өркендеуіне тамшыдай үлес қоссам деп едім»

– Бибігүл Мұқасқызы, еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде кәсіпкерліктен несібеңізді таптыңыз, ақ адал еңбегіңізбен  тұлға ретінде танылдыңыз. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиын кезеңде есте қалатын  шуақты сәттер де, көзге ыстық жас үйіретін шақтар да болған шығар?

CB2B48AD-CC28-4106-8D81-C94EA021EB49

 – Бүгінгі күннің биігінен өткенге көз салып, ойлансам, талай қиындықты  ел-жұртпен бірге еңсергеніміз есіме түседі. Елімізге тәуелсіздік бейбіт жолмен келді, соған тәубе. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері несібемді кәсіпкерліктен таптым. Бірақ әлі күнге кәсіпкерліктің барлық қыр-сырын толықтай меңгердім деп айта алмаймын. Кеңестер заманында тұтынушылар одағында қызмет еттім. Өтпелі кезеңде мұндай мекемелер түгелдей жабылып қалды. Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі нысандар жекешелендіріле бастады. Сол тұста ала сөмкені арқалап кете бардым.

Ауылдағылардың алты айдан бір жылға дейін жалақы алмаған кездері болды. Сол кезде тауарды, әсіресе, тамақты қарызға жазып беретінбіз. Кейбір тұрғынның: «Үйде тамақ жоқ, балаларға нанды бір тілімнен береміз» дегендерін естіп, алда не болар екен деп қатты уайымдайтынмын. Облыс орталығынан азық-түлікті «тістелеп жүріп» таситынбыз. Желаев нан комбинатынан астықты қарызға алып, ауылға әкеп, бір қап астықты екі үйге қақ бөліп беретінбіз. Кей шаңырақта кісі қайтқан кезде, көңірсітетін сұйық май да табыла қоймаған жайларға куә болдым. «Аштықта жеген құйқаңды ұмытпа» демекші, өткен кездің қиыншылықтарын ауылдастарым  есіме салып жатады. «Енем қайтыс болып, қиындыққа тап болғанда, сүйеу болып, қолұшын созып едің»  деген сықылды ақжарма алғыс-әңгімелерді естігенде, пендемін ғой, біртүрлі толқып кетемін. Ол кезде біреуге жақсылық жасап жатырмын-ау деп мүлдем ойламаппын. Жасаған жақсылығым болса,    балаларымның алдынан шықсын деп отырамын.  

 – Жақында «Nur Otan» партиясының республикалық «Депутаттардың рейтингі интернет платформасында» аудандық, қалалық мәслихат депутаттары арасы-
нан БҚО бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткіз-діңіз. Жетістік сыры неде?

 – Интернет платформада ең жоғары көрсеткішке қол жеткіземін деп ойламаппын. Әрине, өзімнің біркісідей қызмет еткенімді білемін. Праймериз кезінде сайлауалды бағдарламалардың орындалуы, индикаторлық көрсеткіштер  туралы халықтың алдына шығып, есеп береміз, сайлаушылармен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз деп сайлаушыларға уағда еткенбіз. Бұл күндері сөзімізге тұрып, округтерге, шаруашылықтарға барып, жылдық есептерімізді берудеміз. Аудандағы көптеген комиссияның мүшесімін, оның үстіне кәсіпкерлік палатасы филиалының басшысы болғандығымның да септігі тиді. Әрі қызмет бабымен шаруашылықтардың, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажымен, түйінді түйткілдерімен таныспын. Кә-сіпкерлер филиалға салық, су, жер, коммуналдық қызметтер және басқа да мәселеге қатысты бас тіреп келеді. Күнделікті жұмыс барысында барлық  мәселеге араласып, шешу жолдарын іздестіреміз. Осындай аз-кем еңбегімнің арқасында  рейтингте жақсы көрсеткішке қол жеткіздім.  Асқан даналығым, керемет
көрегендігім жоқ, тек күнделікті тірліктегі қызметімнің қорытындылары нәтижесімен үздік атандым.

 – Сіздің аянбай еңбек етіп жүргеніңізді  әлеуметтік желілердегі жазбаларыңыздан оқып, байқап отырамыз. Партиядан сайланған депутатсыз, кәсіпкерсіз, филиал басшысыз, анасыз, жарсыз осының барлығына қалай уақыт табасыз?

 – Уақытты тоқтатар шамаң бар ма? Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да. Менің
жаным ашиды бұл өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға!  – деп ақиық ақын Мұқағали   жырлағандай, уақыт – біздің өміріміз. Сондықтан уақытты бағалап, қадірін кетірмеуге тырысамын.   Өзім келісім берсем, «Уәде  – құдай сөзі» дегенді ұстанамын. Сондықтан жұмыстарымды жоспарлаймын, аудандық мәслихаттың сессияларына, түрлі жиналыстарға уақтылы қатысамын. Тұрғындар қабылдауға келеді, кәсіпкерлер түр-
лі сұрақ қойып, қоңырау шалып жатады, жұмыссыздар кәсіптік оқу бойынша келіп жолығады, қалай болғанда да барлығына тиянақты  жауап беріп, іс-шараларды белгіленген уақытта өткізуге тырысамын. Қала берді,  атқарылған шаруаларды түнге қарай, отбасымның тірлігінен кейін   әлеуметтік желілерге салып, жариялауға  уақыт табамын. Қызметімді атқарып, оған қоса кәсіпкерлігімді дамытуға  еңбек жолымдағы жинақтаған тәжірибемнің пайдасы көбірек тиюде. Кезінде кооперативтік техникумда, университетте заңгерлікке оқыдым, сондағы алған теориялық білімім әлі күнге кәдеме жарап отыр.  Білімнің өмірбақи қажет екеніне  көзім жетті. Қазір ІТ технологиялардың заманы, барлығы әп-сәтте өзгеріп отырады. Білім-біліктілігіңді үнемі жетілдіріп, заңнамаларды тұрақты оқып-тоқуға тура келеді. Әйтпесе, көш соңында қаласыз.  

 – Бибігүл Мұқасқызы, аудан жұрты сізді қайырымды кәсіпкер деп таниды. Өз қаражатыңызға 10 үй салдырдыңыз, жылда ораза кезінде мешітте дастарқан жаясыз, жоқ-жітікке дабыра қылмай көмек бересіз. Біраз адамға кәсіптерін ашуға керек-жарағын әперіп, қолдау да көрсеттіңіз. Осының барлығын не үшін жасайсыз?

– Демеушілік жасауды өмірлік салтыма айналдырғанмын. Жыл аяғында жыл бойына қандай шаруалар тындырдым деп өзіме есеп беремін.  Еліміздегі жетекші партияның фракция мүше-сі, партия атынан сайланған депутат ретінде партия мүшелерімен тізе қосып, түрлі іс-шара өткіземіз. Жақында өткен спорт ардагерлерінің жарысына демеушілік көрсеттім. Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай эссе жазудан аудандық жарыс өткіздім. Жәңгір хан атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақбота Шафхаттың эссесі үздік деп танылып, оған 30 мың теңге бас жүлде бұйырды. Мұны жас буынның еліміздің азаттығының қадірін білсін, ойға тоқысын деген ниетпен ұйымдастырдым. Енді оқушыларға, түзету орталығындағы балаларға жаңажылдық сыйлықтар   тапсырамын. «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша оқып, грант алған тігіншілердің басын қосып, шара өткіздік. Құран Кәрімде: «Садақаны ашық берсеңдер жақсы болады, жасырын берсеңдер, өздерің үшін қайырлырақ болады»  депті ғой. Жеке қайырымдылық көмегімнің барлығын ашып айтпай-ақ қояйын. Сауапқа жазсын.

Бірде қатты ауырып қалдым. Науқастанып жатқанда басыңа небір ойлар келеді екен. Сонда «Осы уақытқа дейін тек өзім үшін еңбек қылдым, артымда өзге жұрт есіне алатындай  ештеңе істемеппін ғой» деген суық  ой санамды сансыратты. Тәуір болғаннан кейін өмірге басқаша  қарайтын болдым. Кәсіпкерлігімді тастай қоймадым, «Ер-Дәулет» атты шаруа қожалығында асыл тұқымды ірі қара өсірудеміз. Бірақ оқыған-тоқығанымды, өмірлік тәжірибемді елдің пайдасына жаратуға бел будым. Осылайша аудандық кәсіпкерлік палатасына жетекшілік етудемін, биыл аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Жас кәсіпкерлерге тәлімгер болып, көмегімді, ақыл-кеңесімді берудемін. Атакүлдігімнің өркендеуіне тамшыдай үлес қоссам деп едім.

 – Сіздің біраз шаруаға бастамашы екеніңізді білеміз. Соның бір-екеуіне тоқтала кетсеңіз?  

 – Кезінде Ресей жақтан тауар тасып, шекарадағы кедергілерден өтуде қиналатынбыз. Қазіргі жағдай мен сол кездегіні салыстырсам,  айырмашылығы жер мен көктей. Бұрындары шекараның арғы жағындағылар бізге дұрыс көзқараспен қарамайтын, бүгінде барлық қарым-қатынас заңдастырылды. Биыл жазда киіктің көптігінен шабындығы оталған шаруалардан маза кетті. Дала еркесін қорғаудың жолы – табиғаттың ерекше аумағын  құру. Ел  Президенті 2022 жылы  аудан аумағынан резерват құруға Жарлық берді. Аймақтық даму кеңесінің төрайымы ретінде түйткілді мәселелердің шешу жолдарын қарастырамын. Өткенде жаңбырдың кесірінен облыс орталығына қатынайтын айналма жол батпаққа айналды. Мердігер оның үстіне қиыршықтас төсемеген.   Бұл мәселе жөнге келтірілді. Ауданмен шектесетін Астрахань облысы жағындағы өткізу бекеті жабық тұр.  Кәсіпкерлер қажетті тауарларды Волгоград қаласынан тасиды. Ол жаққа Жәнібек арқылы қатынайды. Бұл бағыттағы жол ұзақ, 600 шақырымға жетеді. Ал Астрахань жағындағы бекет ашылса, жол екі есе қысқарады. Оған қо-са ауданымызды, тарихи туризмді дамытуда  бұл жолдың мағызы бар.   Мәселені облыс басшылығы қолдап, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар Парламент отырысында тиісті сауал жолдады. Енді шешіліп қалар.  

 – Бибігүл Мұқасқызы, биылғы жылдан не түйдіңіз? Барыс жылы қандай шаруалар күтіп тұр?

 – Сиыр жылы қайырлы болды, енді алдағы барыс жылы әлі де көбірек еңбектеніп, халыққа пайдалы шаруаларды тындыруым керек деген ой түйдім. Биыл көп жетістіктерге жеттім. Республика бо-йынша үздік директор, облыста да алдыңғы орында, депутаттық рейтингте бірінші орында болуым мені қанаттандырады, жаңа белестерге шығуға ынталандырады. Биыл  облыстық кәсіпкерлер палатасы  мені «Жыл үздігі» деп таныды. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхаттарын алдым. Шүкір, еңбегіміз еленуде, әлі де халыққа қызмет ете бермекпін. Соңғы жылдары қуаңшылық болды. Осыған орай Сайқын ауылы   айналасындағы көлдерді суландыру, су шығарып, мал азықтық дақылдарды өсіру жұмыстарын қолға алу жайы қарастырылуда. Бұған қатысты өңірлік кәсіпкерлер палатасына қызметтік хат жазып жібердім.  

Барыс жылы еліміз тыныш, халқымызда бірлік-береке болғай. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай деймін. Барша жерлесімді Жаңа жылмен құттықтаймын!  

   Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жансын!

 Сұхбаттасқан:

Гүлбаршын Әжігереева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале