5.01.2022, 16:00
Оқылды: 63

Сарапшы жеке тұлғалардың банкроттығы мәселесіне пікір білдірді

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28

«5 қаңтарда еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заңды әзірлеуге кірісуді тапсырды. Бұл тапсырма өте маңызды және халықтың қарызы проблемасының ушығуына байланысты. Ұлттық банктің мәліметінше, 2021 жылғы қараша айындағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегінің көлемі 294 млрд теңгені құрады. Дегенмен, бұл көрсеткіш соңғы жылдары ілгерілмелі түрде төмендеп (2018 жылдың аяғында 383 млрд теңге болды) жатса да, қарыз проблемасы айтарлықтай өзекті болып тұр», - деді Вячеслав Додонов.

Оның айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша нормативтік базаның жоқтығынан азаматтар өздерінің қарыздарын жаба алмай, өте қиын жағдайға тап болады. Осыдан өзінің мүлкінен, баспанасынан айырылып қалу қатері туындайды. Кепілді мүлікті төмен бағалау мен оны өндіріп алу рәсімдерінің қыр-сыры жеке проблемаға айналған.

Осы тектес ахуалға «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң тосқауыл бола алады. Құжат аясында қарыз алушылар мен борышкерлердің өзара қарым-қатынасындағы қазіргі мәселелерді шешуге болады.

Сонымен бірге, қарыз алушы кепіл болмайтын мүлікті өндіріп алу қадамдарынан қорғалуы тиіс. Осы орайда кепіл мүлікті әділ бағалау, қажетті мүлікті меншікте сақтау, қарызды қайта қаржыландыру мүмкіндігін алуы керек. Бұл қадамдар қарызды өтемеген жағдайда үй шаруашылығын және адамдардың қалыпты өмірін сақтауға мүмкіндік жасайды.

Өз кезегінде банк немесе басқа да кредитор тиісті берешекті есептен шығара алады.

«Яғни, жекелей қаржылық қауқарсыздық институтын енгізу барша мүдделі тарапқа тиімді болады. Осы заңды қабылдау Қазақстанды әлемнің дамыған көптеген мемлекетімен бір қатарға қояды. Себебі бұл елдердегі тиісті нормативтік актілер қарыз алушылардың өмірін жеңілдетіп, несиелеу процестері мен қаржы секторын дамытуды жандандырады», - деді сарапшы.

Оның пайымынша, борышкерді кредиторлардың шектен тыс талаптарынан қорғайтын және адамдардың қаржылық қауқарын қалпына келтіруге бағытталған «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң Қазақстанда тез арада қабылданса, онда бірқатар оңтайлы нәтижеге қол жеткізіледі. Бұл тұрғыда әлеуметтік шиеленісті төмендету мен дәрменсіз борышкерлерді қалыпты экономикалық қызметіне қайтарудан бастап, банктердің несиелік белсенділігін күшейту мен кәсіпкерлік белсенділікті жандандыруға дейін мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале