ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде елімізде орын алған жағдайларға байланысты халықты сабырлыққа шақырып үндеу жасады. Мемлекет басшысы айтқандай, ең бастысы қазіргідей қиын-қыстау кезеңде бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізден айрылмауымыз қажет. «Абырой тамшылап жиналып, уыстап төгіледі» дейді дана халқымыз. Соның алдын алу үшін ел бірлігіне сызат түсірмей, егемендігіміздің жолында жасалған бастамаларға халық болып қолдау көрсетуіміз қажет. Қазіргідей жағдайда бірігіп әрекет ету керектігін сана-сезімімізбен, түйсігімізбен түсінуіміз тиіс.
Еліміздегі келеңсіз оқиғалар белгісіз күштердің оң жамбасына келіп, ойға алғандарын іске асыра алмасын десек, билік пен халықтың ойы мен сөзі бір жерден шығуы қажет. Мемлекет басшысы да өз үндеуінде осы мәселелерді сөз етіп халықты түсіністікпен қарауға шақырды.
«Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек.
Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егеменді ел ретінде қуатты мемлекетке айналады, экономикамыз анағұрлым қарқынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып тұрмын. Өйткені, оған қол жеткізу үшін қажетті реформалар мен нақты іс-шаралар жоспарын ұсынатын боламын», - деді Мемлекет басшысы.
Егеменді ел өзімізге ғана керек. Сондықтан, көпшілікке айтарым, арандатуларға ермей, ұлт үшін, мемлекет үшін қызмет етейік! Сын сағаттары да өтіп, жайдарлы кезеңге де жетеміз. Бұл үшін жұдырықтай жұмылуға тиіспіз.
Мирхат Ибраев,
«Nur Otan» партиясының Теректі аудандық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары