11.01.2022, 9:45
Оқылды: 185

Текті ұл тектілігін танытты

«Мың өліп, мың тірілген», тағдыры талайлы Тәуелсіз еліміз кезекті келеңсіздікке тап болды. «Кезекті» дейтін себебіміз, соңғы 2-3 жыл бедерінде бүкіл әлем арпалысып жатқан жойқын індет – COVID-19 біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Халқымызда «Жау жағадан алғанда, ит етектен алады» деген тәмсіл бар. Еліміз індеттен арылудың жолдарын жанталаса іздеп, көңіл көншітерлік нәтижелерге жаңа қол жеткізіп келе жатқан тұста ортамыздан ылаң шығып, «қойнымыздан жылан шығып» жатқаны «жығылғанға жұдырық» емей, немене?!

4

Осындай «ер етігімен су кешкен» сындарлы сәтте Алаштың арманы безбенге түсіп тұрған, түбегейлі шешім қабылдар кезеңде ел тізгінін текті Азматтың қолында болғанына мың тәубе деп отырмын өз басым! Мен де жетпіске жетеғабыл жасқа келген, екі ғасырға куә, алпыстағының ағасы, немерелерімнің атасымын. Ақылым асып бара жатпаса да, осынау алмағайып сәтте аталық сөзімді айтпай, ойымды ортаға салмай отыра алмадым.

«Еліміз Егемендігіне қиын да ұзақ жол жүріп жетті. Енді сол егемендікті сақтау, баянды ету – одан да қиын» дегендей тамаша тәмсіл қалдырып еді Әбіш абыз. Міне, бүгін соған анық көзіміз жетіп отыр. Еліміздің тұтастығына қатер төнгенде,тығырықтан шығар жол табатын, табанды, жүрегі «жұртым» деп соғатын жетекші керек, жаужүрек сардар керек мұндайда! Біздің жағдайымызда «Тоқаев тектілігін танытты» деп жаһанға жар сала берсе де болады ғой деп ойлаймын ішкі дүниемнің дауысын естіген кезде.

Мен жасымнан әдебиетке жақын, жазушыларды пір тұтып, солардың сөзін Пайғамбардың лебізіне балап өскен «баламын». Соның арқасында өмірлік ұстанымым қалыптасты, ғұмырлық бағытым айқындалды. Әлі де «білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз», әлі де үйреніп келемін. Біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының әкесі Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғаларға толы томдарын таласа оқып өскен ұрпақпыз. Себебі ол кезде Кемел Тоқаев детектив жанрында жазатын жалғыз жаушы еді. Міне, осындай ерекше қаламгерден туған ұлдың тұлға болып қалыптаспауы, елжанды болып ержетпеуі, тағалы тұлпардай табандап тұрмауы мүмкін бе еді.?! – Әрине, мүмкін емес! – дейді менің риза көңілім.

Ел басқару оңай ма? «Қақ жарып қара қылды жүрсең-дағы, кетеді біреу мақтап, біреу даттап», – дейді халық өлеңінде. Қаңтардың аязымен қатар қысқан, алқын-жұлқын алатопалаңда әлдебір елдердің басшыларындай тобын тастап қашпай, «Мен халқыммен біргемін!» деуі табандылығын танытты, халқының көңіліне берік сенім ұялатты!

Ел болып қалыптасар кезден бері жақсылықтарды да көрдік, келеңсіздіктерге де куә болдық. Соның ішінде соңғы жылдары жұлынқұрттай жемқорлықтың белең алғаны жасырын емес. «Ауруын жасырған өледі». Бұл баршаға аян құбылысқа айналғаны рас. Президент Қ.Тоқаевқа осындай, мөлдірі мен лайсаңы мидай араласқан қоғамды қолға алуды тағдыр жазды. Ал оны лайдан тазартып, елді, қазақша айтқанда, «жаңбыр-жаңбырдың» арасымен су қылмай алып шығу енді оған бабалар аманаты, қасиетті борыш деп білеміз.

Қаңтар кесапатынан кейін халықтың үлкен-кішісі де тек қана дүкенге барып, нан мен сүтіңді (ақшаң болса) аман алып келудің қандай зор бақыт екенін түсінген болар деп ойлаймын. Біздің соғыс көрген әке-шешелеріміз үнемі: «Ей, Алла, тек тыныштығыңды бере көр, соғыс болмаса екен!» деп айтудан жалықпайтын. «Біздің көргенімізді сендерге көрсетпесе екен!» дейтін. Сонда тыныш, бейбіт өмірдің баға жетпес құндылық екенін біздің санамызға сіңіре берген ғой?! Ал бүгін ше? Дәл осы үлкендер ұлағаты, текті тәлім жетіспей жатқан жоқ па? Ана сүті ауызынан кеппеген, тұрмыстың еш қиындығын көрмеген жастарымыз желілердегі арандатушы, ақылсыз үлкендерге (ондайлар, өкінішке қарай, жетеді) еріп, ауызы барғанша сөйлеп, түсінбесе де, саяси әңгімелерге араласып, шала бүлінеді, содан арандайды. Осыны ата-ана, ақсақалдар айтыңқырау керек-ау! Бүгінгі ақсақалдардың арасында кеше ел басқарғандар бар. Өмірлік тәжірибелері мол, жақсыны да, жаманды да көп көрген жандар. Бар билік бір қолға тиіп, халық: «Көк байрақтың маңынан табылайық, Президентімізді қолдайық, көмектесейік» деп жатқанда, «сақалының ұшымен ел үйірген», ауызына қаймана қараған қарттардың пікірі маңызды. Атыңнан айналайын Дулат Исабеков ағам абыздық танытып, аталы сөзін айтты, турасын айтты, ризамын! Қалғандары қайда? Елдегі қарттар не дейді? Кезек енді соларда.

Шүкір, біздің Батыс Қазақстан облысы, соның ішінде Желтоқсан батыры – жыр Жұбанның елі – Ақжайық қантөгістен ада, аман-есен қалыпты өмір сүруін жалғастырып жатыр. Ол да болса, біздің жерлестеріміздің жоғары мәдениеті мен терең түсінігінің, азаматтарының елжандылығының арқасы деп білемін!

Айналайын ағайын, ұлым-қызым!

Аталар армандап өткен Азааттыққа азар жетіп, енді-енді етек жиып, кемел келешекке бет алар, сілкінер сәттің иінінде тұрмыз. 30 жыл тарих үшін қас-қағым. Мәшһүр Жүсіп болжаған «бозторғай» заманның кезі енді келді. Бұдан жаманымызда да тойға барған қазақпыз ғой, сабырға шақырамын бәріңді, Жайығым – Жұртым! Азаттық алтыннан қымбат!

Індеттен құтылып, іргелі ел болайық, бірге болайық!

Сағынтай Бисенғалиев,

ақын, 

Ақжайық ауданының құрметті азаматы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале