ҰҚШҰ-ның бітімгер күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды. Мұны бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
Жалпы, контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталғанына тоқталған Президент, еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты екенін жеткізді. «Осыған байланысты ҰҚШҰ-ның бітімгер күштерінің негізгі миссиясы сәтті аяқталды деп мәлімдеймін. Екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгер контингентін шығару басталады. Контингентті шығару процесі 10 күннен аспайды», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдап, Әлихан Смайыловтың Үкімет басшысы болып тағайындалуына келісім берді.
ҚазАқпарат