12.01.2022, 12:10
Оқылды: 73

Жұқпаның өршуіне жол бермейік

Коронавирус жағдайында біраз уақыт «жасыл аймақта» болып, көңіл демеген көрсеткіштер күрт өзгерді. Осы аптада Батыс Қазақстан облысы «сары аймақта». Яғни коронавируске шалдыққандар саны өсіп отыр. Облыс бойынша жыл басынан бері 179 коронавирус жағдайы тіркелген көрінеді.

IMG-20220112-WA0025

-Теректі ауданында 1 қаңтардан бері коронавирус инфекциясымен 12 адам тіркелді. Бір адам ауруханада ем алып жатыр. Он шақты күн ішінде осынша адамның  инфекция жұқтырып алуын жаңажылдық отырыс-қонақтықтармен байланыстырамыз. Той-томалаққа адамдар қауіпсіздік ережелерін ұмытып, топтасып жиналды. Көптің ішінде инфекция жұқтырып алу мүмкіндігі артады. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң орындау қажеттігін естеріңізге саламын. Ара қашықтық сақтау, қолды сырттан келгенде сабындап жуып, спирттік ерітіндімен сүрту, бетперде қолдану, көпшілік жиындар ұйымдастырмау және бармау – осы тәртіпті бұлжытпай орындау қажет. Жұқпаның өршуіне жол бермейік, – дейді Теректі аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Ашықова.

Расымен де, қазір тойдан тәттінің орнына «сарқыт» деп коронавирус ала келуіңіз әбден мүмкін. Өзіңіздің, жақын-тумаңыздың қамын ойласаңыз, көпшілік болып жиналмаған дұрыс.

Осы індетке қарсы тұрудың бірден-бір жолы вакцина алу екенін мамандар айтудай-ақ. Дегенмен ауданда 14309 адам, яғни екпе алуы қаралған тұрғындардың 67 пайызы ғана вакциналаудан өтіпті. Ал ревакцинациядан өткендер саны 1476 адам көрінеді.

Өткен жылы ауданда 1625 адам осы инфекцияға шалдыққан болатын. Өкінішке орай, 36 адам қайтыс болды.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале