12.01.2022, 15:30
Оқылды: 42

Азық-түлік жеткілікті, баға бақылауда

Өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу бағытындағы жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда азық-түлік  тауарлары бағасының көтерілуі байқалмайды.

белес 1 сорт

– Облыста тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде іркіліс жоқ, азық- түлік қоры жеткілікті. Көтерме базарлар мен сауда нүктелері қалыпты жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта азық-түлік өнімдерін сататын сауда нысандарының қызметіне шектеу қойылмаған. Осыған орай облыс тұрғындарынан азық-түлік қорының жет­кіліксіздігі жөніндегі алыпқашпа әңгімеге сенбеуге шақырамыз. Өйткені мұндай негізсіз әрекеттер азық-түліктің жасанды қымбаттауына соқтыруы ықтимал. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында кәсіпкерлік басқармасы, бөлімдері және БҚО бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті қызметкерлерінен құралған мониторингтік топ құрылып, азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізеді. Мұндай шаралар барлық аудан көлемінде  жүргізілмек.  Елімізде болып жатқан жағдайға байланысты кәсіпкерлерге түсіністікпен қарап, азық-түлік бағасын көтермеулерін сұраймыз. Мұндай жағдайда бұрын-соңды болмаған ынтымағымыз бен жанашырлығымызды көрсетуіміз керек. Бүгінгі таңда өзара қолдау мен  түсіністік маңызды. Осыған байланысты азық-түлік тауарларының бағасын төмендету мүмкіндігін қарастыру әлі де өзекті, –  деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмакелді Батырниязов.

марковь

Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс. Әсіресе қалалар мен ауылдық жерлердегі «үйдің қасындағы дүкендердің» иелері  осыны ескерулері тиіс. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны негізсіз көтеру деректерінің жолын кесу үшін call-орталық құрылды. Бағаны көтерудің деректері анықталған жағдайда тұтынушылар мы­надай байланыс телефондары арқылы хабарласа алады: 50-80-09; +7 705 391 34 47.

Тұрақтандыру қоры не тындырды?

Облыста жыл сайын әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасының өсуін шектеу мақсатында тұрақтандыру қорының өнімдерін өңір тұрғындарына төмен бағамен сату жұмыстары ұйымдастырылады. «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызмет бағыттарының бірі – тұрақтандыру қорына тауар сатып алу. Тұрақтандыру қоры ұсынған мәліметке сүйенсек,  бүгінгі күні аталмыш қорда 76,3 тонна көлемінде әлеуметтік маңызға ие  азық-түліктің үш  түрі бар. Олар төмендегі кестеде көрсетілген:

Тауар түрі Көлемі, тонна (мың.литр)
1 Сиыр еті (жауырын-төс бөлігі) 65,4
2 Макарон (рожки) 8,8
3 Қант (құмшекер) 2,1
  барлығы 76,3

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасын (айналым сызбасы) жүзеге асыру аясында 2021 жылы ӘКК-ге жергілікті бюджеттен  1,2 млрд. теңге бөлінді.

229983_1587559236

Тұрақтандыру қоры жөніндегі комиссияның және облыс әкімінің қаулысы негізінде тұрақтандыру қорын қаржыландырудың айналым сызбасы бойынша жергілікті тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік түрінің бағасын өсірмеу шартымен 767,9 млн теңге шамасында несие беру туралы шешім қабылданған. Ондай азық-түлік түрлері мыналар:

Шаруашылық атауы Өнім түрлері Көлемі, тонна Бағасы Сомасы, мың теңге
1 «Жаңа-әлем» ШҚ Пияз 200 80 16 000,00
2   «Белес Агро» ЖШС Ұн 1-сұрып 255 135 34 425,00
3   «Пойма май комбинаты» ЖШС Күнбағыс майы 328 590 193 520,00
4  «Baystone» ЖШС Пияз 250 80 20 000,00
5  «Baystone» ЖШС Сәбіз 200 170 34 000,00
6   «Мусаева Д. Р.» ЖК Картоп 1000 210 210 000,00
7 « Мусаева Д. Р.» ЖК Сәбіз 500 220 110 000,00
8  «Мусаева Д. Р.» ЖК Пияз 300 100 30 000,00
9   «Мусаева Д. Р.» ЖК Қырыққабат 500 240 120 000,00
барлығы 767 945,00

2021 жылдың қараша айынан бүгінгі күнге дейін қаладағы жәрмеңкелерде келісі 130 теңгеден 100 000 келі  картоп, келісі 80 теңгеден 12 000 келі пияз, келісі 170 теңгеден 3 000 келі сәбіз сатылған. Жергілікті нан өнімдерін өндірушілер («Талецкий О.В.», «Исаев Х.Х.», «Антипов» ЖК-лар және т.б.) халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған бағасы 80 теңгеден әлеуметтік нан пісіру үшін 216200 келі 1-сұрыпты ұн сатып алды. Сондай-ақ олар төрт және одан да көп баланың бар екенін растайтын құжаттары болған жағдайда көп балалы отбасыларға әлеуметтік нан беруге қойылған шектеуді алып тастады.

Сонымен, қорыта айтсақ, бірінші кезектегі азық-түлік түрлеріне баға көтеруге жол жоқ. Бағаға күнделікті мониторинг жүргізіледі. Соған орай өңірдегі азық-түлік бағасына талдау жасалып отырады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале