12.01.2022, 17:50
Оқылды: 83

Ел экономикасы өркендеп, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады деп сенемін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында халқымыздың өмір сүру деңгейін көтеріп, экономиканы дамытып, қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керегін айтқан ол саладағы келеңсіздіктерді сынға алды. Соңғы жылы елімізде болған қуаңшылықтың салдарынан жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кемігенін, бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз етуге кері әсер еткенін айтты. Биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін деді. Сондықтан Үкіметке тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе субсидия беру мәселесі де назардан тыс қалмады. Субсидия беруде заң бұзушылықтарға жол бермеу қажет екенін айтты. Құзырлы мекемелер субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.

WhatsApp Image 2022-01-12 at 17.45.48«Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейтінін баса айтты.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру болмаса, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес екенін айтты. Импортқа тәуелділіктен арылу қажет деді.

«Үкімет бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуге тиіс. Шикізат қорын, құзіреттері мен экономикалық тиімділікті ескере отырып, бәсекеге қабілетті секторларды анықтау керек. Жүргізілген талдаудың негізінде нақты жобаларды әзірлеп, инвесторларды тарту қажет. Бұл – Үкіметтің жаңа құрамының алдында тұрған басты міндеттердің бірі» деді. Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мәселесі де қоғамда өткір тұрғанын жеткізді. Әсіресе жастардың арасында жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аударды.

«Жастар іс-тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін ұзартып, еңбекақысын көбейту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Президенттің ұсынысмен жаңа Үкімет басшысы тағайындалды. Жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол саяси қайраткер. Оған экономикалық өсімді қалпына келтіріп, әлеуметтік жағдайды тұрақтатуы үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, қабылдау тапсырылды.
Жалпы Мемлекет басшысы депутаттар алдында жаңа Қазақстанды құруға бағытталған өзекті шараларды атады. Олардың барлығы да әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеуге арналды. Халық арасындағы ең өзекті, күрделі мәселелер қамтылып, тиісті тапсырмалар берілді деп санаймын. Жаңа Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар берілген тапсырмаларды тянақты орындаса, ел экономикасы өркендеп, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады деп сенемін. Сондықтан жаңа Қазақстанды құру жолында бағытымыз айқын деп белемін.

Нұрғиса Қамашев,

«Nur Otan» партиясы БҚО филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале