– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 11 қаңтар күнгі Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзі кейінгі ұрпаққа тарих болып қалары сөзсіз. Мемлекет басшысы қиын кезеңде халықты Қазақстан үшін жаңа кезең басталатынын айтып қуантты. Сыбайлас жемқорлық, олигархия, бюрократия және басқа да көптеген өзекті мәселені қаузаған баяндаманың өткірлігін, ашықтығын атап өткім келеді. Қазақстан халқын қолдау мақсатында бірқатар реформа қолға алынбақ. Президент кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік қолдау шараларының түйінді түйткілдерін назардан тыс қалдырмады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы айта келіп, өңірлердегі шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аударды. Кәсіпкерлер үшін өңірлердің экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, өңірлік бағдарламалардың әзірленетіні сөзсіз. Өткен жылы компаниямыздың өндірістік базасында пластик өңдейтін зауыт салғанымыз мәлім. Сондықтан қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты реформаларды жіті қадағалайтын боламыз.
Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы инфляцияның экономикалық және әлеуметтік саясатқа салқынын тигізіп келе жатқанына тоқталды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біз бірнеше рет жалақы мен зейнетақыны көтердік, бірақ көтерген сайын ырыққа көнбеген баға өсіміне тап боламыз. Бұл мәселеге нүкте қояр кез жетті. Бағаны және халықтың инфляциялық күтуін тұрақтандыру керек. Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс жүргені жөн. 2025 жылға таман 3-4 мақсатты дәлізіне түсу керек. Үкімет Ұлттық банк және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуі тиіс. Оның ішіне импортқа тәуелділікті төмендету, шектен тыс делдалдықты азайту шаралары және ақша-несие саясаты құралдары енгізілуі керек» деді Президент. Тауардың қолжетімді, халықтың қалтасына «күш түсірмейтіндей» бағамен ұсынылғаны жөн, сондықтан өндіруші мен соңғы тұтынушы арасындағы тізбекті барынша қысқарту қажет. Бұл халық үшін дайын өнімнің бағасын арзандатады. Сондай-ақ орташа жалақы көрсеткіші статистикалық көрсеткіш емес, нақты болуы керек. Мысалға, бір адам 1 миллион теңге, екіншісі 50 мың теңге жалақы алған кезде, статистикалық орташа жалақы 525 мың теңге болады. Ал бұл – шын мәнінде азаматтарымызды алаңдататын мүліктік жіктелу.
Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешуге жұмыстанады. Сирек кездесетін ауруға шалдыққан және қабілетті ұл-қыздарға көмек көрсетеді. Сонымен қатар қор қаржысы балалар спортын дамытуға, мәдениетті қолдауға бағытталмақ. Лаңкестермен күресте қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау осы қордың қаражаты есебінен жүргізіледі. Мұндай халық қорының қажеттілігін күнделікті тірлікте көріп те, байқап та жүрміз.
Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін дамытудың жолдарын ұсынғаны елең еткізді. Халық тығыз қоныстанған өңірлердің түлектеріне ЖОО-ға оқуға түсуге грант көбірек бөлінбек.
Сонымен қатар жоғары білімнің әлемдік деңгейін қалыптастыру үшін 2025 жылға дейін шетелдік 5 университеттің филиалы ашылмақ. Оның ішінде екеуі міндетті түрде техникалық бағыттағы оқу орны болатыны өндірісші ретінде көңілге үміт ұялатты. Экономиканың өңдеу саласындағы өндірістік кәсіпорын ретінде біз үнемі техниктердің, әсіресе, инженерлердің, өндіріс мамандарының тапшылығын сезінеміз. Бұл мамандықтар бойынша кеңестік замандағы білім-білігі бар көптеген маман зейнеткерлікке шығып жатыр. Олардың орнын ХХІ ғасырдың ғылыми-техникалық прогресінен хабардар жас мамандар басуы керек. Сондықтан жаңадан ашылатын жоғары оқу орындарындағы оқытушылар құрамының сапалы болғаны жөн. Халықаралық тәжірибе өндірістің жас буын мамандарына дұрыс берілуі керек.
Мәжілісте Мемлекет басшысы айтқан жоспарлардың орындалуы, реформалардың іске асырылуы қазақстандықтар үшін өте маңызды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет қатерлі кезеңге тап болып, лаңкестермен күресте азаматтарымыз қаза тапты, отандық бизнес зиян шекті. Алматыдағы қираған ғимараттарды қалпына келтіру үшін уақыт пен қаражат қажет. Жаңа Қазақстанды құру бәрінен де маңызды. Президент еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қиын жағдайда да нақты түйткілді мәселелерді ашық айтып, шешу жолдарын батыл ұсынды. Біз өз кезегімізде құр сөзбен қолдап қана қоймай, мәселелердің түйінін бүкіл халықпен бірлесіп шешуге кірісуіміз керек.
Валерий Крылов,
«Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры,
Орал қалалық мәслихаты депутаты