18.01.2022, 11:30
Оқылды: 76

Сағындық сені, Сарыкөл!

«Қара өзен» мен «Сары өзеннің» Қамыс-Самар көлдеріне құйылысындағы әсем қойнауында «Сарыкөл» деген шағын ауыл бар. Біздің балалық шағымыз сол ауылда өтті. Оны «Сарыкөл» деп қазір ғана атап отырмыз. Ол кезде ауыл «Пәки» деп аталатын. Тіпті «Пәкидің» Иов Фокеевич Бородин деген кісі атауынан шыққанын және оның түбірі орысша екенін де ешкім білген жоқ. «Сарыкөл» атауы мүлде ауызға да алынбайтын.  Ресми түрде Фокеев болып аталды. Ал осы шағын ауыл орналасқан қос өзеннің құйылысындағы шұрайлы қойнауға келіп аяқталатын су айдындары  ресми құжаттарда «Қара өзен» - «Үлкен өзен»,  «Сары өзен» -  «Кіші өзен» деп аталады.

06BEC04E-7FBF-4E48-A376-546FAD626566

Қара топырақты қатқыл беткеймен ағып келгендіктен топырақтың түсіне қарай қарақошқылданып жататын «Үлкен өзенді» жұрт - «Қара өзен», құмдауыт сары топырақты ойпаты бойлай ағып,  суының түсі  сыртқа сарғыштанып көрінетін «Кіші өзенді» - «Сары өзен» деп атайды.

Бала күнімізде көре қалдық, қатқыл  беткейдегі  «Қара өзен» еңісте жатқан «Сары өзенмен» қосылар тұста ұзындығы  екі-үш шақырымға  созылатын қолмен соғылған көпір тектес бөгет - жал болды. Жалдың шығыс жағында бөгетті ернеулей соққылап «Қара өзеннің» қошқыл толқыны дөңбекшіп жатса, батыс жағында он шақты, тіпті жиырма шақты метрдей төменде, еңістікте тұнып жатқан сарғылт өзен суы шыңыраудан өнген бұлақтай мөлдіреп көрінетін. «Сары өзен» суының тұнықтығы сонша, түбі көрініп жататын. Балықтар бейне аквариумдағыдай көз алдыңда жүзіп жүреді.

Бөгеттің «Сары өзен» жағындағы жарлауыт жағалауында жар астынан шым - шымдап бұлақ сулары андыздайтын.  Ол тұста тіпті суға салған қармағынды балықтардың қалай қапқанына дейін көрініп тұрады.

Көктемгі су тасығанда көрініс тіпті ғажап!  «Қара өзен» суы әуелгіде бірнеше күн жалды ернеулей  кілкіп тұрады да,   аралықтағы бөгеті бір түнде бұзып, төменге, «Сары өзен» арнасына қарай ақтарылады да, маңдағы жыра - жықпылдар әп-сәтте суға толып, көрініп жатқан қара жердің бәрі су астында қалып, айнала аппақ кейіпке енеді.  Ауыл аралда қалады. Ауыл іргесіндегі өзеннің арнасы бетімен бірдей толады. Әуелгі күндері солтүстіктен оңтүстікке қарай арнасымен ағып жатқан өзен, «Қара өзен» бөгетті бұзып кеткенде енді оңтүстіктен солтүстікке қарай кері ағады. Араға уақыт салып, қайтадан солтүстікке қарай жүйткіп ағады. Қызық көрініс. Тасқынның беті қайтып, ағыстар өз ыңғайына қарай түзелгенде ауыл адамдары осы саябыр сәтті пайдаланып, «Қара өзен» суын Қамыс-Самар беткейден жырып жіберіп, бөгетті қайта қалпына келтіріп алады. Енді су тікелей біріне бірі жалғасып жатқан Қамыс-Самар көлдеріне құяды. Тағы бір табиғат ғажабы пайда болады. Қатқыл беткейден арындап келген асау өзен Каспий ойпатына түсер тұста қысқа жылғамен тау суындай тасқындап ағып, он - он бес метрдей биіктіктен құлап ағады. Су ақтарылатын тұста аңғар пайда болып,  сарқырамаға  айналатын. Оны жергілікті жұрт «Күрілдеуік»  дейтін.

Биіктен құлай аққан судың гүрілдеген дауысы оншақты шақырым  төңірекке түгел естіліп жататын. Төменге құйылған су шағын  арнамен көлдерді толтырып, Қамыс-Самар қойнауына тарқатыла береді.

Күндіз «Күрілдеуіктің»  басы - хан базары. Балық аулап, суға шомылған, табиғат аясында тыныстап, жаңа ауланған балықтың жас етінен сорпа қайнатып, тіл үйірген балғын етке тамсана тояттаған жұрт. Балық аулаудың қызығына батқан халық. Жоғарыдан ақкөбік теніп, сарқырай құлаған ағысқа қарсы шауып секірген балықтар кейде жағалауға құлап, қара жерде шоршып, қайырлап қалады. Жерде тыпырлаған балықты ұстап алып, мәз болып жатқандар қаншама? Енді біреулер ағысқа шапқан балықтарды сақпен сүзіп алып жатады.

Балық тулаған жерде құс базары қайнайды. Шағалалар шарқ ұрады. Байғыз шулайды. Көк жүзінде құтандар қалқып,  жемтік іздеп шарықтайды. Біреулері аспаннан суға құлдилап, күмп етіп шабақ іліп шығады.

Әлі мектепке бармаған кезім. Жасым бес-алтылар шамасында болар, есімді еміс-еміс білемін. Бір жылы балық аулауға кеткен әкемнің артынан ілесе шығып, анамнан «Күрілдеуікке» қашып барып, ағысты арнадан өтуге тәуекел еттім. Сөйтіп ағыспен барып, «Сарқырамаға» құлап кете жаздағаным бар. Құдай сақтады.

Еміс-еміс есімде: Әкемнің де жас кезі. Замандастарымен «Күрілдеуікке» балық аулауға баратын болып жиналды. Мен де «бірге барамын!» деп қиғылық салдым. Бірақ ілестірмей үйге  тастап кетті. Қулыққа көштім. Олар ұзап кетіп, басқалардың менің қалғаныма көздері жетті-ау дегенде арттарынан тартып отырдым. Жасым бесте болса да соған қулығымның жеткеніне таңым бар.  

Бұдан бұрын ағаларыма ілесіп «Күрілдеуікке» бұрын да барғаным бар еді. Жолды білетін болсам керек. Анам үй төңірегінен әрі іздеп, бері іздеп таба алмағасын,  артымнан іздеп шықса, «Күрілдеуікке» қарай жосылып ағып жатқан арнаның жағасында іш киімім жатқанын көрінеді. Бір сұмдықтың болғанын біліп, жанұшыра атымды атап айғайлап,  жағалаудан әрі шауып, бері шауып іздейді. Болмағасын судан өтіп «Күрілдеуікке» келсе, әкемнің қасында жүргенімді көріп, ентігін басады. Үстімдегі майкамды шешпеген күйі лыпасыз жүр екенмін.

Сол  Күрілдеуікке барып, ағысты арнадан қалай өткенім, тереңдігі кеудемнен келетін судан қатты қорыққандықтан ба, екен бүлдіршін болсам да есімде қалыпты. Қатты ағыс аяғымды қайранға тигізер-тигізбестен көтеріп ала жөнелді. Ағыспен дедектеп әп-сәтте «Күрілдеуіктің» құлама жарқабақғының тұсынан бір-ақ шықтым. Абырой болғанда  аңғар бойында жүргендер анадайдан байқап тұрса керек, құламаға таянғанда алдымнан әкем шығып, көтеріп алды.

 

Ауылдың тарихы әріде

Орысқа бодан болған замананың әр белесінде бұл ауыл Бородин, Фокеев деген атауларға ие болды.

10-шы «Сарыкөл» ауылында 1930 жылы «Красный»  ұжымдық шаруашылығы құрылып, төрағасы болып Лявинсков Илларион Николаевич (1899 ж.т) тағайындалды. Мұнан кейін «Сарыкөл» ауылы аумағында  «Екпінді», «Жаңа үнем»  ұжымдық шаруашылықтары құрылды. Бұл кішігірім  шаруашылықтар соғыстан кейін КСРО Министрлер Кеңесінің 1950 жылғы 7 маусымдағы  «Ұсақ колхоздарды ірілендіру туралы» қаулысымен әуелі Молотов, сосын Партияның ХХ съезі атындағы ұжымшар болып ірілендір іліп қайта құрылды.

Сарыкөл ауылында құрылған алғашқы ұжымдық  шаруашылыққа басшылық жасаған И. Лявинсков 1919-1923 жылдары 25-ші Чапаев дивизиясы құрамында сарбаз болып, жауапты тапсырмаларды орындап көзге түскен. Ол Азамат соғысы аяқталғасын Фокеев (Сарыкөл) ауылына оралып, өз еңбегімен күнкөріс жасайды. Осында ұжымдық шаруашылықты ұйымдастыруға белсенді атсалысып, жерлестері оны басқарма төрағасы етіп сайлайды.

Ол Сарыкөл ауылына 1959 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін басшылық етті.

Бала күнімізде көре қалдық. Фокейліктер  оны Ләркі дейтін. Етжеңді, жайлы адам еді. Ауылдың қақ ортасында, жан-жағы тас дуалмен қоршалған,  төбесі шатырсыз, топырақпен жабылған жеке үйі болды. Сонда тұратын. Шарбағына өрік ағаштары болатын. Тас дуалдан ұрланып, қарғып түсіп, өрік дәндерін алып, шағып жейтін едік.

Кемпірі екеуі тұрды. Біздің ұрлығымызды кейде кемпірі көріп қалатын. Бірақ, ұрысып, айқайлап ескертпе жасағанын көрмеппіз. Асылы, жерде шашылып жатқан өрік дәндерінің сұрауы жоқ болса керек. Өзімізден өзіміз қуыстанатын сияқтымыз. Кейін кемпірі дуалдан секірмей, аулаға кіріп жинап алыңдар деп рұқсат беріп, бірде  қураған дәнге қарық болғанымыз бар.

Жарықтықтар иман жүзді, жайлы, жақсы кісілер еді. 

Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезі. Сол кезде олардың жастары алпыстан асып бара жатқан адамдар болатын. Ауыл адамдарымен мидай араласып тұрды. Қонаққа шақырысатын. Кейін қалада тұратын балалары көшіріп әкетті.

Есімде қалған тағы бір жай, ауылдың шеткері құм беткейінде бастан ауырып кеткен Ақбөпе деген әжей болды. Жазда, аппақ, тап- таза, шыттай киініп жүреді. Ауылдың орталық көшесінде әлдекімге кіжініп, саусағын шошаңдатып, боқтап, балағаттап ұрсып бара жатады. Әсіресе, кеңсенің тұсына келгенде қаттырақ көтеріледі. «Лявинсков шық, бермен!» деп бір нәрселерді айтып жатады. Шынтуайтына келгенде Лявинсков шал ол кезде жұмыс жасамайды. Зейнеткерлікте. Үйінде. Ақбөпе шешейдің  оған соншама неге өшігіп, байланатынын түсінбейміз. Жасырақ кезінде колхоз шаруасына кеткенде үй өртеніп, бесікке құндақтап тастап кеткен нәрестесі отқа жанып кетіп, содан  күйік шалған адам десетін.

Тағдыры күрделі жан. Одан кейін ері  майданға кеткеннен оралмай,  екі баласымен жесір қалған. Соғыстан кейін ер жеткен ұлдары үйленбей жүріп қалып, үй ішінің тауқыметі бір өзіне түссе де, шыттай болып таза киініп, үй ішін қылаусыз таза ұстайтынын көре қалдық. Айналғанда бір баласы басқа балалы-шағалы адаммен бөлек түтін түтетіп кетті де, одан кіші баласы ақыры үйленбей, ауылдағы ес, дос ағайындарды жағалап, жалғызілікті күй кешті.  Кейінгі кездері  үйіне қонбайтын болды. Өйткені ақылы ауыс кейуананың жыл өткен сайын дерті  асқынып, күшейе түскен еді. Ауруы көтерілгенде қатыгезденіп, кеш болса қолына пышақ, балта ұстап ұйықтайтынды шығарған.

Айналғанда сол кейуана үйінде жалғыз күй кешіп, елеусіз дүниеден озды. Құм жиегіндегі ескі там ішіндегі жиһазымен көп уақыт бойы иесіз тұрды. Өз алдына саяқ күй кешкен ұл да шаңыраққа қайтып оралмады. Анасынан қалған ыдыс - аяқ, төсек орын, аздаған дүние-мүлікке қайырылған да жоқ.

Бала күнімізде Фокеевте небір ерекше адамдар тұрды. Көшенің арғы бетінде, біз тұрған үйге қарсы жатаған тамда етжеңді неміс кемпірі тұрды. Күнде кешке қарай үй алдындағы жапсыра тастан соққан орындыққа ("зәбелге" ) отырады да қояды. Ешкіммен сөйлеспейді, ауыл адамдарымен араласқанын да көрген емеспін. Соғыстың ызғары тарқап болмаған, кеңестік идеологияның жалындап тұрған кезі ғой,  неміс деген атынан шошып, қорқып, үйіне жоламайтынбыз.  Үлкендер де үргелектейді  - ау. Ешкім келіп, шүйіркелеспейеді. Валя деген бойжеткен қызы болды. Қайта сол колхоздың жұмысына қатысып, ауыл адамдарымен қоян - қолтық араласып жүреді. Естіп білуімізше, неміс кемпір бір жылдары бұл ауылға  жер ауып келген.

Соғыс басталған жылы Еділ бойындағы Неміс автономиялы округінің тұрғындарын Қазақстанның қиыр аудандарына еріксіз жер аударып, көшіргені белгілі.

(Жалғасы бар)

Амангеді Шахин,

ақын, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале