Ғалым Исмағұлов, зейнеткер, құрылыс саласының ардагері:
– Қаңтардың кешегі қаһарлы күндерінде тәуелсіздігімізге қатты қауіп төнді. Экономикалық, тұрмыстық талаптардан басталған жиындардың аяғы аса қайғылы жағдайларға апарып соқтырды. Өте өкінішті. Бейбіт жиынға жиналған қалың бұқараның бұл жерде түк кінәсі жоқ. Қантөгіс пен бұзақылықты ішкі-сыртқы жауларымыз қасақана ұйымдастырды. Ең өкініштісі, қан төгілді. Әу баста халықтың талабына үкімет сергек қарағанда, жөнсіз қымбатшылыққа жол бермегенде, мұндай қайғылы жағдайлар орын алмас еді.
Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ақыл айтып, пікір білдіріп жатқандар жетерлік. Тіпті әлі де әр тарапқа тартып, халықтың көңілі мен назарын басқа жаққа аударғысы келетіндер де жоқ емес. Менің айтарым, билік пен тәртіпті өзінің уысына алған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақсаты мен мұраты қарапайым бұқараның көңілінен шығуда. Біз оның төңірегіне мықтап топтасып, оны қолдауымыз керек. Ортақ үйіміз –Қазақстанның тыныштығы мен амандығы әр қазаққ қымбат! Енді бір айтарым –кешегі бейбіт жиынды қырғынға айналдырғандардың бірде-бірі жазадан құтылмауы тиіс. Күштік құрылымдар оларды жердің жарығын кіріп кетсе де, іздеп тауып, халық алдында соттап, ауыр жазаға тартсын. Елдің бірлігі мен тыныштығы, халықтың болашағы безбенге түскен осынау жауапты сәтте ұйымшылдық танытайық, ағайын! «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп бекер айтпаған ата-бабамыз!
Айдарбек Ахметұлы, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің деканы, PhD докторы:
– Қазақ елінің тәуелсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіріп, елді ыдырату мақсатындағы лаңкестік жағдайды еш құптауға болмайды. Халықты бір бүйірден қымбатшылық, екінші бүйірден жаман індет қысты. Осының бәрі халықтың наразылығын тудырғаны хақ. Бірақ қараша халық бейбіт митингіні көздеген болатын. Оған дәлел ретінде Оралды ғана алайық. Ел ағалары жастарға басу айтып, ешнәрсенің бүлінбеуіне, қирамауына кепілдік берді. Өз талаптарын айтып тарқады. Бірақ Алматы, Шымкент, Қызылорада секілді кейбір ірі қалалардағы жағдайды бақылау мүмкін болмай қалды. Аяғы қайғылы жағдайға әкеп соқтырды. Түрлі арнайы топтардың ісіне саясаттанушылар, саяси сарапшылар баға бере жатар. Қазаққа қазір ішкі ынтымақ керек. Арандатушылар мен билікке таласушы топтардың, сыртқы күштердің айтқанына еріп, барымыздан айырылсақ, келер ұрпақ бізді кешірмес. Бұл оқиғадан кейін билік халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, экономикалық жағдайын жақсартуға баса назар аударуы қажет. Қара су ішіп, қара нан жесек те, байрағымыздың көкте желбіреп, ана тіліміздің мәңгілігі мен шекарамыздың бүтіндігінен асқан байлық жоқ. Бұл – Алаштың аманаты!
Сиғватолла Ешкаев, Орал қаласының тұрғыны, ноғай ұлтының өкілі:
– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы түрлі қаңқу сөздер мен бұлыңғыр жайттарға толып, саяси сауаты бар адамдардың өзін де жаңылыстырғаны жасырын емес. Сондықтан халықтың ісі дұрыс немесе биліктің бағыты түзу деп әр істің байыбына бармай жатып сөз айту, меніңше, жөн емес. Себебі әлеуметтік желілердегі кейбір арандату мақсатында немесе үстірт жазылған жазбалардың кесірінен де жағдай ушығуы мүмкін. Митингіге шыққандардың алғы шебінде ашынған халық болса, оларға ере жөнелгендердің арасында арандатушылар мен көпшіліктің алаңда айғай салғанын қызықтап шыққан жасөспірімдердің бары анық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, дәл қазіргі уақытта бізге бірлік пен сабыр керек. Үкімет пен халық арасындағы дүрдараздықты реттеп, екі жақтан да талап-шарттарға қанағаттанатындай ортақ келісім жасалса екен. Жас ұрпақ өкілі ретінде еліміздің нағыз демократиялық мемлекетке айналғанын қалаймын.
Амантай Хамзин, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, тарихшы-өлкетанушы:
– Өмір-өзен өз арнасымен алға асып барады. Ал күні кешегі «Қасіретті қаңтар» сабағы ел-жұртты терең ойға батырып кетті. Атам қазақтың «Жау жоқ деме, жар астында» деген тәмсілі осындайда еріксіз ойға оралады. Енді бұдан шығар қорытынды қандай, оның артында кім тұр? Оның анық-қанығын зерделеп-зерттеуді тиісті құрылымдардың еншісіне қалдырдық.
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде біраз мәселенің тінін тарқатып, қоғамда кең етек жайған әділетсіздікке айрықша тоқталды. Әсіресе заңды өрескел бұзып, ойына келгенін жасап үйренген алпауыт олигархтардың әрекетіне баса назар аударылды. Салықтан жалтару, валютаны сыртқа әкету, отандық өндірісті дамытуға немқұрайлы қарау секілді кереғарлықтар – соның айғағы. Президент атқарушы биліктің халықтың мұң-мұқтажына, заңды талаптарына атүсті қарап, жеңіл шешім іздеуді әдетке айналдырғанын да қатты сынға алды. Тек келешекте осы айтылған жайлар нақты іспен көмкерілсін деп тілейік.
Ал енді сексеннің сеңгіріне аяқ артқан азамат һәм тарихшы ретінде айтарым, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек». Айтылған ой айқын әрі ашық, жылтыр сөз жоқ. Өзіме қатты ұнағаны – алдағы уақытта халықтың табысын арттыруға бағытталған Әлеуметтік кодексті әзірлеу мен қабылдау туралы нақты тапсырма болды. Қысқасы, Мемлекет басшысы халықтың жағдайын жіті түсініп, әлеуметтік-экономикалық салаларда белең алып жатқан кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге шындап кіріскеніне жалпақ жұрт куә. Ең бастысы, береке басы – бірлік екенін бір сәт естен шығармасақ болғаны. Сонымен қатар, өз басым, мемлекет басшылығы әлеуметтік әділеттілік құр қиял, яғни утопия емес екендігін баянды бастамалар, нақты нәтижелі істермен дәлелдейді деп үміттенемін.
Абылқайыр Мақсотұлы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің мәдениет және өнер факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Негізінде билік белгілі бір қағиданы өзгертуі үшін таң атқаннан күн батқанға дейін қара халықтың ортасында отыруға міндетті емес. Жай ғана халықтың көзіндегі ащы жасты, көкірегіндегі мұңды сезініп, көңіліндегі сауалдарын жауапсыз қалдырмаса жеткілікті деп ойлаймын. Әркім өз қызметіне адалдықпен қараса, кез келген уақытта түймедей істі өзгертіп тұрудың қажеті болмас еді. Көп тыңдап, аз сөйлеу қажет. Өкінішке орай, біздің қоғамда көңіл қойып тыңдайтындар азайып, сөзінің дәмі кеткенше сөйлейтіндер көбейді.
Қазақта «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар. Осы сөздің төркінін дұрыс түсіне алдық па? Кез келген адамның өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны – ел ертеңіне қосқан үлесі. Еліміздің әлемді таңғалдырған ғажайыптары аз емес. Соны әрі қарай дамытып, әлемге таныту бір тараптың ғана жұмысы деп ойламаймын. Әр азамат өз елі үшін, жері үшін жанын салып қызмет етсе ғана бейбітшілікті сақтап қаламыз. Білімді, саналы адам ешқашан қатені біреуден іздемейтіні анық.
Шәкәрім Құдайбердіұлының:
«Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс өлгенше!» деген өлең жолдарын үнемі жадымызда ұстағанымыз абзал.
Ернұр Кінәма, «TDK42» арнасының тележүргізушісі:
– Еліміздің шаңырағы шайқалуға шақ қалған жағдай қалың қазақтың жүрегіне қара дақ түсірді. Қаралы күн болып таңбаланды. Үкіметке жанайқайын естіртем деген қарапайым халықты қара ниетті басбұзарлардың өз пайдасына айналдырғаны кімге болмасын ауыр тигені сөзсіз. Ендігі кезекте осыдан сабақ алсақ деймін. Ентелеген ессіздердің ішінде жетекке еріп кеткен жастарды көріп налисың. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлсін-әлі жолданған үндеуі жүрегі шайлыққан ағайынға үлкен дем болды. Ағаттыққа жол берген шенділерді темірторға тоғытқаны халықтың қалауы мен талабын ескергені ғой. Қоғамды құрайтын халық. Әлдебір өзгерісті қалаған адам өз бойын жамандықтан тазалап, адал еңбек етсе екен. Боздақтардың қаны, ата-ананың көз жасы төгілмесін десек, көрінгеннің жетегіне ілесіп, болашағымызды бұлыңғыр қылмайық.
Адам санасы қорыққанда немесе шарасыз қалғанда сенгіш болып келетіні бар.
Дегенмен құлдық санадан ада, білімді жастар барда үміттің де желкені жығылмас.
Ел Президенті уәде еткен жаңа Қазақстанды бірге қалыптастырайық!
zhaikpress.kz